Нақты істерге арқа сүйейді
Нақты істерге  арқа сүйейді
5,155
оқылды

Сапар барысында ол апат зардап­тарын жою жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Зардап шеккен халықпен кез­десуде Бауыржан Байбек бұл төтенше жағдайдың бүкіл халықты алаңдатқан ауыр оқиға болғанын атап өтті.

– Қазіргі таңда барша қазақ­стан­дық жұдырықтай жұмылып көмек қолын созуда. Мемлекет тарапынан да нақты шаралар қолға алынып жатыр. Осыған бай­ла­ныс­ты Елбасының тап­сыр­масымен қалпына келтіру жұмыс­тарына пар­тия тарапынан қоғам­дық ба­қылау күшейтіледі. Бұл жұмыстар Мемлекет бас­шысының да басты назарында, – деді партия Төраға­сының Бірінші орын­басары.

Бүгінгі таңда Арысты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала 17 секторға бөлініп, әрқайсысы еліміздің әр аймағына бөлініп берілген. Бауыр­жан Байбек бұл жұмыстар партия­ның басты назарында болып, апта сайын аймақтардың атқарған жұ­мыстарының нәтижелері жария­ланатынын жеткізді.

– Әр аптаның соңында Арысты қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы мәліметтерді жи­нақтап, оның нәтижесін ашық түрде халыққа жариялап отырамыз. Қай облыстың қалай жұмыс істеп жатқанын халық көріп, білуі керек. Әрине, әр аймаққа бөлініп беріл­ген секторлардың жағдайы бір­кел­кі емес. Сондықтан нақты нә­ти­же мен дәйекті деректерге сүйе­ніп әре­кет етеміз, – деді Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ ол Nur Otan партия­сының гуманитарлық көмекті қабылдап, арыстықтарға жіберу жұмыстарын жүйелі түрде жүргіз­генін атап өтті.

– Мұндай жағдайда елдігімізді көрсетіп, осы қиындықты бекем бірлігімізбен еңсеріп шығуымыз керек. Бұл жұмыстарда партия тарапынан тұрақты қолдау болады. Осы ретте жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткім келеді. Біздің партияның жастары еріктілерді бастап, өздері осы жаққа келіп, тікелей үлес қосып жатыр, – деген Бауыржан Байбек бүгінде кейбір жастардың атқары­лып жатқан жұмыстарды сынап, елдің арасына іріткі салып жатқа­нына да назар аударды.

Айта кетейік, төтенше жағдай болған күннен бастап Nur Otan партиясы «Арыс, Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясын қолға алды. Партияның 17 аймақтық және бір аумақтық филиалының базасында гуманитарлық көмек қабылдайтын орталықтар ашы­лып, аймаққа арнайы автокеруен­дер жөнелтілді. Сондай-ақ партия­ның Орталық аппараты мен бар­лық аймақтық және аумақтық фи­лиалының қызметкерлері арыс­тықтарға көмек ретінде біркүндік жалақыларын аударды. Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің білікті мамандары зардап шеккен көпбалалы отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін аймақта жұмыс істеуде.

Сапар барысында Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге апаттан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды да аралады. Оларды қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Атап айт­қанда, қаладағы «Алтын тұмар» балабақшасына арнайы барып, жарылыс кезінде балаларды қауіп­сіз жерге көшіру жұмыстарын жедел әрі жүйелі түрде жүргізген тәрбиешілер, ата-аналар, психолог мамандар және жергілікті ақсақал­дармен кездесті.

Сондай-ақ Алматы қаласына бекітіліп берілген секторда орна­лас­қан үйлердің біріне арнайы ат басын бұрып, тұрғындарымен тіл­десті. Қазіргі таңда аталған баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Соған байланысты Алматы қаласы үйді қайта салып бермек.

Өз кезегінде үй иесі Талғат Ибрагимов қолдау білдірген барша қазақстандықтарға және мемлекет пен Nur Otan партиясына алғысын білдірді.

– Біз тұрған ауданның құрылыс жұмыстарын Алматы қаласы жүр­гізіп жатыр. Соған байланысты аталған қаланың басшылығынан, облыстық және жергілікті әкім­діктен, Nur Otan партиясының өкілдері келіп, үйімізді бір айдың ішінде салып беретінін айтты. Қиын сәтте жалғыз қалдырмай, көмек көрсетіп жатқан барша халыққа шексіз алғысымызды білдіреміз. Қираған үй қалпына келер. Ең бастысы, басымыз аман, еліміз тыныш болсын, – дейді Талғат Ибрагимов.

Nur Otan партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары Шым­кент қаласында өткен митингке қатысты. Бейбіт шеруге қалалық мәслихат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және жергілікті белсенді азаматтар да қатысып, елдің ара­сына іріткі салып, халықты аран­датып жүрген алаяқтарға қарсы пікірлерін ашық айтты. Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның Шымкент қалалық филиалында орналасқан Құқық қорғау қыз­меттерінің орталығы мен Қоғам­дық қабылдау бөлмесінің «Ха­лық­­қа көмек» бірыңғай әлеу­меттік терезесінің жұмысымен танысты. Одан бөлек, партияның қалалық филиалының активімен кездесті.

Митинг кезінде Бауыржан Байбек партияның Арыстағы ағайынға қолдау көрсету мақса­тында қолға алған игі бастамала­рына кедергі келтіріп, барлық жұ­мысты жоққа шығарғысы келе­тін арандатушылардың да бар екенін айтты.

– «Оян, қазақ!» деп өтірік ұрандап жүрген арандатушылар да бар. Өздері Арысқа келіп, бір адамға көмектескен жоқ. Қазақ тілін де білмейді. Сөйтіп жүріп, халықтың атынан сөйлеген бо­лады. Қазіргідей дамудың жаңа кезеңінде ондай бос сөз керек емес. Сондықтан біздің партия нақты істерге арқа сүйейді. Бос уәде бермейміз, – деді Бауыржан Байбек.

Бейбіт митингке арандату­шы­лардың айтағымен көшеге шығып, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының алдындағы партия туын жұлмақ болған жігіт те қатысты. Ол халқымыздың бір атаның баласындай бірлік таны­тып, Арыстағы ағайынға қолдау көрсетуі бүкіл әлемге үлгі екенін жеткізіп, өзінің сол күнгі әрекетіне қатты өкінетінін айтты және соған байланысты барша қазақстан­дықтардан кешірім сұрады.

Іс-шара соңында партиямыз­дың туы көтерілді. Бұл рәсімге Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге туды орнынан алмақ болған Ниязбек Ерлан да қатысты.

Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның Шымкент қалалық филиалында орналасқан Құқық қорғау қызметтерінің орталығы мен Қоғамдық қабылдау бөлмесінің «Халыққа көмек» бірың­ғай әлеуметтік терезесінің жұмысымен танысты.

Бауыржан Байбек Шымкентке сапары кезінде партияның қалалық филиалының активімен кездесіп, Nur Otan-ның жаңа кезеңдегі міндеттеріне тоқталды.