Бұралқы иттердің шабуылынан кейін жапа шеккендердің бірқатары ауыр дене жарақатын алады. Олардың арасында көп қан жоғалтудан, не қатты таланудан соң тіл тартпай кетіп жатқаны қаншама?! Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне төбеттеріне ие бола алмаған жандардың жауапсыздығы себеп болуда. Әсіресе, мұндай жағдайлар ит қожайындарының қауіпсіздік шараларын ескермеуінен туындайтыны өкінішті.
Қаңғыған иттердің тұрғындарды талап тастаған оқиғалары бұдан бұрын да сан мәрте тіркелді. Әсіресе, питбуль, алабай тұқымдас иттердің адамды талап-жегені жұртшылықтың үрейін ұшырды. Олардың арасында өз иелерін қапқандары да бар. Күні кеше ғана Ақмола облысында 79 жастағы кейуананы ауладағы ит талап өлтіргені туралы ақпарат тарады.
«Маусымның 18-де Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне учаскелік инспектор хабарласып, Щуйское ауылындағы тұрғын үйдің ауласында 79 жастағы кейуананың денесі табылғанын айтты. Айтылған жерге барған тәртіп сақшылары маусымның 18-інде сағат 14.00-де үйдің ауласында байлаулы тұрған 2 жасар алабай тұқымды төбеттің шынжырды үзгенін анықтады. Қария оны байламақшы болған кезде, ит оны мойын тұсынан бірнеше рет тістеп алған, ол сол жерде көз жұмған» деп түсіндірді ПД баспасөз қызметіндегілер.
Бұл тек бір ғана оқиға. Бұдан бөлек, 2020 жылдың наурыз айында да Қызылорда облысы Арал ауданында 7 жасар баланы алабай тұқымды ит қауып алды. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Алтынтас Нұрпейісов пен полиция аға сержанты Нұркен Ермағанбетов жедел жетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында итке қарсы табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болған.
– Жарақат алған жасөспірім аурухананың травмотология бөліміне шұғыл жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ит иесін анықтау үшін тексеру шарасы жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Сонымен қатар табельдік қаруды қолдану дерегі бойынша тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы полиция қызметкері азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жануарды залалсыздандыру үшін заң шеңберінде әрекет еткенін көрсетті, – деп мәлім етті сол кезде Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Иә, адамға шабуыл көбінесе қараусыз қалған немесе көше кезген иттерден келетіні сан мәрте айтылып жүр. Ал қараусыз қалған ит құтыру, лептоспироз, токсоплазмоз, дифиллоботриоз деп басталатын ұзын сонар тізімдегі түрлі аурудың қоздырушысы саналады. Құтырған иттердің адамды қауып алуы тіптен қауіпті. Өйткені жараланғандар бірден құтыру ауруын жұқтырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын 10 миллиондай әлем тұрғынына жануарлар шабуыл жасайтыны туралы мәлімет таратты. Одан кемінде 50 мыңдай адам көз жұматын көрінеді. Дәрігерлер құтыру ауруының 95 пайызы адамға ит арқылы жұғатынын айтады. Бірақ көп жағдайда ит қапқан кісілер оған мән бермей жүре беретін болып шықты. Өткен жылы еліміз бойынша 14 жасқа дейінгі 2 бала мен 1 жасөспірім құтыру ауруынан қайтыс болды. Оларды өз үйінің мысығы мен күшігі тырнап алған. Ата-аналары да балаларын дәрігерге апармаған. Уақытылы құтыруға қарсы екпе салынбағандықтан, ауру тым асқынып, бүлдіршіндер көз жұмған.
Ветеринария саласының мамандары малға да, адамға да сес көрсететін көше кезген иттердің көпшілігінің иелері бар екенін, әрі олардың иттерін бос жіберіп, қараусыз қалдыратынын жасырмады. Жалпы, жануарларды күтіп-ұстау ережесіне сәйкес қолдағы иттер міндетті түрде байлаулы тұруы тиіс. Сондай-ақ төрт аяқты жануарлардың жеке паспорты болуы қажет. Бірақ қожайындардың бәрі бұл талаптарды жиі сақтай бермейді.
– Қазір иттердің көбі бос жүреді. Ауыздары да ашық. Не иттердің дені дұрыс шынжырлары да болмайды. Үйлерінің қоршауы дұрыс емес, маңайының бәрі ашық-шашық жататын қожайындар бар. Мұндай көшелермен жүру қауіпті. Питбуль мен алабайлар тек қоршауда тұруы керек қой. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті қабаған итін бос жіберіп қоятын қожайындар заң алдында жауапқа тартылуы керек, – дейді ветеринар маман Хасан Жұмабайұлы.
Алматы облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, өткен жылы медициналық мекемелерге 7 334 адам ит қапты деп шағымданған. Ал Қазақстандағы қаңғыбас иті көп қаланың көшін Өскемен қаласы бастап тұр. Бұл қалада жыл басынан бері қаңғыбас ит қапқан 40 адам медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылы 600-ге жуық адам төрт аяқты мақұлықтың азуына ілігіпті. Бұл туралы ustinka.kz порталы хабарлады.
Жан-жануарлардан өткен жылы атыраулықтар да көп жапа шегіпті. Бір ғана Қызылқоға ауданының өзінде өткен жылы бірнеше адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Қызылқоға аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова айтты.
– Атырау облысы Қызылқоға ауданы бойынша өткен жылы 43 адам антирабиялық көмекке жүгінді. Олардың 30-ы иттен, 2-еуі мысықтан жарақат алса, 11-і құтырған малмен қарым-қатынаста болған. Антирабиялық көмекке жүгінгендердің барлығына да амбулаторлық жағдайда ем тағайындалып, екпе егілді. Осыған байланысты, өткен жылы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Атырау облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» қағидасын орындамаған 16 иттің иелеріне аудандық полиция бөлімімен әкімшілік айыппұл салынды, – дейді ол.
Халқымыз «Ат теппейді, ит қаппайды деме» деп бекер айтпаса керек. Еліміз бойынша кейінгі кездері кезбе иттерден қорлық көргендердің қарасы көп болып тұр. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті жүйелі түрде жолға қойғанымыз абзал. Өйткені оның артында адам өмірі тұрғанын ескерсек екен.