Оның қыр-сырын «Қазақ даласында» атты кітаптан табуға болады. Ағылшын инженері Джон Уилфорд Уордел елдегі ғылым, мәдениет, еларалық байланыс саласында елеулі жаңалық ашқанның бірі болды.
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты Джон Уилфорд Уорделл ағылшын инженерінің In the Kazak Steppes атты тарихи еңбегін қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде басып шығарды. Бұл естелік кітап Лондонның «Галери Пресс» баспасынан 1961 жылы шыққан.
Кітаптың авторы, инженер Джон Уилфорд Уорделл Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жыл мен Азамат соғысы өршіген 1919 жыл аралығында Қазақ өлкесіндегі Атбасар, Спасск кен өндіру орындарында 5 жыл қызмет атқарып, Алаш жұртының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын еуропалық көзқараспен қызықты етіп хатқа түсірген. Еңбектің осыдан 60 жыл бұрын Ұлыбритания тарапынан әлемдік ғылыми айналымға енгізілгені – оның тарихи құнын арттыра түседі.
Кітапты тауып, орыс тіліне аударған – Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, шет тілі доценті Мәдина Анафинова. Қазақ тіліне аударған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Құралай Ерімбетова. Басылымның жауапты редакторы – Дихан Қамзабекұлы. М.Анафинова «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өтуге барғанда Кембридж университетінің кітапханасынан аталған еңбекті көреді. Тарихи мұраның түпнұсқасын Қазақстанға жеткізуге Әлем тілдері университеті мен Қазақ-Британ университетінің ректоры болған азамат, экс-сенатор, елші, ғалым Әділ Ахметов пен Кембридж университеті Орталық Азия форумының төрағасы, профессор Сиддхарт Саксена жәрдемдеседі.
Дж. Уорделл кітабының маңызды бір қыры – естеліктер мен құжаттар тарих пен ағымдағы өмірді қатар көрсетіп, сол кезеңдегі қилы мәселелерді өзіндік көзқараспен орайлы жеткізілуі. Еңбек авторы ғалым-тарихшы да, этнограф та емес, ол – Батыс әлеміне қазақ халқы мен оның байырғы жерлері туралы мәліметті, осы елдегі өнеркәсіптің дамуын хаттап көрсетуші.