Көлік, логистика дегенде есімізге елдің өз ішін, содан соң мемлекет пен мемлекеттің, құрлық пен құрлықтың арасын жалғайтын, соған сай жергілікті, республикалық, халықаралық маңызы бар деп өзгеріп отыратын кәдімгі қара жол түсетіні анық. Ғалымдардың айтуынша,«көлік-логистикалық инфрақұрылымы» дегеніміз күні бүгін пайда болған құбылыс емес екен. Көне заманда да ел мен елдің арасын қосатын керуен жолдары болған, олардың да өзіндік логистикасы болған. Алысқа бармай-ақ кейінгі орта ғасырларға дейін экономикалық қана емес, мәдениетаралық, дінаралық қатынастардың күретамыры атанған Ұлы Жібек жолының бойындағы құдықтарды, керуен сарайларын айтсақ жетіп жатыр. Әрине, ол заманды бүгінгі күнмен салыстыру артық болар. Бірақ қазіргідей жаһандану жағдайында өзара байланысқа деген қажеттілік күн санап артып, көлік логистикасы әлемдік экономиканың аса пайдалы сегментіне айналып отыр. Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, бүгінгі таңда оның әлемдік нарығы 2,7 трлн АҚШ доллары, яғни әлемдік ЖІӨ-нің 7%-ы деп бағаланып отыр. Ирландия, Сингапур, Гонконг, Германия сияқты мемлекеттерде көлік логистикасының ЖІӨ-дегі үлесі 13 – 14%-ды құрайды. Бұл осы елдердің ұлттық кіріс көзінің бірі ретінде аталған секторды дамытуға баса көңіл аударып отырғанын білдіреді.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстанның қолайлы геосаяси орны әуел бастан елімізді өзге жұрттан ерекшелейтін артықшылықтардың бірі болып табылады. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап инфрақұрылымның ең маңызды элементтерінің бірі – жолға ерекше мән беріліп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға күш салынды. Тұңғыш Президент – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстанның аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын бес халықаралық транзиттік теміржол дәлізі мен 6 автомобиль дәлізі өтеді. Соның ішінде Батыс Қытай мен Батыс Еуропа автомагистралі біздің құрылықтағы ең тиімді автожол болып саналады. Себебі Қытайдың Лянь Юньгань айлағынан шыққан жүк осы жол арқылы жүрсе, орта есеппен алғанда оншақты тәулікте Еуропа мемлекеттерінің шекарасына жетеді екен. Егер осы жүкті оңтүстік теңіз жолымен жіберсе – 45 тәулік, «Транссібір теміржолы» арқылы жөнелтсе 14 тәулік уақыт кететін көрінеді. Бұл дәліз«Қытай – Қазақстан», «Қытай – Орталық Азия», «Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа» негізгі үш бағыты бойынша жүк тасымалын қамтамасыз етіп ғана қоймай, Еуропа мен Азия елдері арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға да үлес қосатыны анық.
Мұндай магистральдардың біздің мемлекетіміз үшін мультипликативтік әсері бар. Олар елдің ішіндегі өзара байланысты жақсартып қана қоймай, өз маңындағы аумақта шаруашылық істерін жандандырады. Бұрын бос жатқан жерлер қолға алынып, егіншілік, мал шаруашылығы дамиды. Дихандар мен шаруалардың өз өнімін нарыққа жеткізуі жеңілдей түседі. Оған қоса жол бойындағы сервис саласы дамып, бюджеттің жаңа кіріс көздері қалыптасады. Жаңа қоймалар, шеберханалар, дәмханалар, басқа да қызмет көрсету орталықтары ашылып, адамдар жұмыспен қамтылады. Ең бастысы, сол аймақтағы жергілікті атқарушы органдардың басшылары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағыттай білуі қажет. Бұл жолдарды туристік немесе басқа да бағытта пайдалану мүмкіндіктерін де қарастырған жөн.
Осы бір мысалдың өзі көлік логистикасын дамытудың қандай пайда беретінін көрсетіп отыр. Өйткені логистика дамыған сайын жолға жұмсалатын уақыт мен қаражат кеми түседі. Өңірлердің, өнеркәсіп орындарының арасы жақындайды.Ал бұл біздің тауарларымыздың, тұтас мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Сондықтан да елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосу туралы міндет қойылғанда, көлік логистикасын дамыту ерекше назарға алынып, үлкен мақсаттар белгіленді.
Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға шамамен 30 млрд АҚШ доллары жұмсалып, 2 мың шақырымнан астам теміржол төселді, 19,5 мың шақырым автомобиль жолы реконструкцияланды. Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттарының қуаты 26 млн тоннаға дейін арттырылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы іске қосылып, оның базасында Құрлық порты мен инфрақұрылымы осы бағыттағы жұмыс тиімділігін едәуір арттырды. Еліміздің 15 әуежайында реконструкция жұмыстары жүргізілді. Елордадағы жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен халықаралық әуежай терминалы жолаушылар мен жүк (контейнерлік) тасымалының көлемін көбейтуге күшті серпін берді. Жаңа теміржол және әуе қатынастары ашылып, жаңа халықаралық компаниялармен шарттар жасалды. Қазақстан Еуразиядағы транзиттік тасымалдың белді мүшесіне айналды.
Әрине көлік логистикасында тұтынушыны ең алдымен сапа қызықтыратыны белгілі. Сондықтан Елбасы 2018 жылғы Жолдауында осы салаға цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды. Соған сәйкес қазіргі таңда«Интеллектуалды көліктік жүйе» бағдарламасы бойынша саланы цифрландыру жұмысы қолға алынып жатыр. Тұтынушыға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету оның уақытын үнемдеумен қатар, жалпы саланың жұмысын жеңілдететіні анық. Мәселен, 2019 жылы автокөлікпен 3,5 млрд тонна жүк және 23,8 млрд жолаушы тасымалданған.Еліміздің аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өтуі үшін алынатын алымдар 102,7%-ға орындалып, қазынаға 5 286 442,9 мың теңге түскен.
Өкінішке орай, биылғы жылы бүкіл әлемдік пандемия, соған сәйкес енгізілген төтенше жағдай көлік логистикасы саласының дамуын біршама тежеді. Қолда бар деректерге қарағанда, 2020 жылдың 4 айында елімізде автокөлікпен 877,4 млн тонна жүк және 5,6 млрд жолаушы тасымалданып, бұл көрсеткіштер 2019 жылдың алғашқы 4 айымен салыстырғанда тиісінше 9 және 24 пайызға азайып кеткен.
Оның үстіне 30 наурыздан бері Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен мемлекеттік шекарадағы 17 автомобиль өткізу пунктінің қызметі тоқтатылып, бұл шаралар отандық компаниялар үшін халықаралық жүк тасымалдау географиясын шектеп отыр.
Әрине бұл уақытша шектеулер. Сондықтан қазіргі күні қол қусырып қарап отырмай, халықаралық нарық аясын кеңейтіп, отандық компаниялардың жүк ағынын ұлғайтуына мүмкіндік беру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен өзара тиімді жұмыс бағыттарын қарастыру қажет.
Себебі сарапшылардың пікірі бойынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті 2 – 2,5 млрд. АҚШ доллары деп бағаланса да, іс жүзінде республикамыз бар-жоғы 800 млн АҚШ долларын алып отыр. Бұл біздің мүмкіндігіміздің үштен бірі ғана іске асып жатыр деген сөз.
Мұндай жағдай елімізді транзитті тұтынушы елден транзит ұсынушы елге айналдыру жөніндегі саясатқа сай келмейді. Оның үстіне жер-жерден түсіп жатқан хабарларға қарағанда, республикамызда жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйі әлі де болса көңіл көншітпейді. Ал бұл ішкі дамуымызды тежейтін факторлардың бірі.
Сондықтан осы бағыттаға жұмыстарды тиімді түрде үйлестіріп, көлік-логистика саласының ЖІӨ-дегі 8 %-дық үлесін әлемдік алдыңғы қатарлы (13 – 14 %) деңгейге жеткізуге күш салу қажет. Сонда ғана Елбасымыз бен Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттерді өз уақытында орындай аламыз.