–Туымызда бейнеленген қыран бүркіт – батырлықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің символы. Ата-бабадан келе жатқан саятшылық өнер сізді несімен баурап алды?
–Иә, ата-бабамыздан келе жатқан құсбегілік – төл өнеріміз. Бүркіт – қасиетті, таза, текті құс. Ат пен жүйрік тазы да қасиетті ғой. Тазыны қалаған жағыңызға жібере аласыз. Атты да өзіңіз басқарасыз. Ал бүркіт өз қалағанын істейді. Оны ерекше күтіп-баптауың керек. Қыран құстың ерекшелігі – жұптасқан жұбымен өле-өлгенше ажырамайды екен. Осындай түрлі қасиеттеріне қарап қызығып, ата кәсіпті жалғастыруды қолға алдым.
–Әлемге танылған әнші Димаш Құдайберген қытайлық шоуда бүркіттің кейпінде шығып ән орындады. Бұл образын «Қыран құстай қалықтап ұшқан қазақ деген халықтың баласы екенімді көрсеткім келді» деп түсіндірді. Димаштың жеке парақшасында жариялаған бүркітпен түскен бейнесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерін таңғалдырды. Қанатын кеңге жайып, әншінің иығына қонып тұрған сіздің қыраныңыз екен.
[caption id="attachment_53464" align="alignnone" width="960"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
–Иә. Халқымыздың өнері мен мәдениетін жаһанға танытып, бүкіл әлемді аузына қаратқан қаршадай ғана қазақ баласын қалай мақтан тұтпайсың?! Қоңырау шалып, түсірілімге шақырған еді. Барсам, Димаштың түсірілімі екен. Сол жерде таныстық. Америкада өтетін кешінің жарнамасына түсіп жатыр екен. Дара дауысты әнші әлемнің әр түкпірінен жиналған тыңдармандарының алдында халқының абыройын асқақтатуды ойлаған ғой. Киелі құсты таңдағанына, оның қасиетін, тектілігін білгеніне риза болдым. Осылайша, қыранымды Димаштың қолына қуана қондырдым. Өзім баптаған бұл бүркітімнің аты – Дауыл. Димаштың осы образы сәтті шықты, тыңдармандарына ұнады деп ойлаймын.
[caption id="attachment_53465" align="alignnone" width="1334"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
Туризмнің дамығаны бүркітшілерге тиімді –Қазір елімізде бүркітшілер санаулы ғана. Оларға мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
–Иә, рас айтасыз. 2000 жылдары Бағдат әпкеміздің бастамасымен Ұлттық спортымызға құсбегілік енген. Қазір спорт мектептерінде ұлттық бөлімдер бар, саят бөлімі ашылып жатыр. Алматы облысы Шелек ауылында Ұлттық спорт мектебі бар. Өзім сол мектепте жұмыс істеймін. Облыстық құсбегілердің аға жаттықтырушысымын. Жарыстар болып тұрады. Қыркүйек айынан ақпан айына дейін бүркітшілер сайысы өтеді. Қарағанды, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында жергілікті Спорт басқармасының қолдауымен жылда түрлі жарыстар, жеке федерациялардың қолдауымен турнирлер өткізіліп келе жатса, қазір бұл тізімге Петропавл, Павлодар, Ақтөбе қосылды. Бұл өңірлерде де бүркітшілер мектебі ашылып жатқаны қуантады. Мемлекеттен қолдау болып жатыр, ары қарай да жалғаса берсе екен дейміз. Елімізде туризм дамығаны бүркітшілерге де тиімді еді. Осы жағы қолға алынса дейміз. Өйткені құстың тамақ жағы қиындау. Бір бүркіттің өзі кемінде 300 грамнан 1 келіге дейін тамақ жейді, көлеміне қарай. Оған күнделікті етін тауып беруің керек. Іс-шараларға, мерекелік жиындарға қатысып тұрамыз. Азын-аулақ тиынын береді. Өзінің тамағына жұмыс істеп тұрса, бұл – құсбегілерге үлкен көмек .
–Әпкеңіз Бағдат Мүптекеқызы текті өнердің жанашыры. Қателеспесем, бүгінде еліміздегі бүркітшілер мектебін басқарады.
– Сексенінші жылдардың ортасында Алматы облысында республикада тұңғыш «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебі ашылды. Осыдан кейін бүркітшілер мектебін ашу ісі еліміздің өзге өңірлерінде де қолға алына бастады.
Бағдат әпкеміз – атадан келе жатқан асыл мұраны, текті өнерді елімізде алғаш қолға алған қазақ қызы. Қазір де бүркітшілердің жанашыры.
Жөнсіз тиіскеніңді есіне сақтап қалады –Киелі құс бүркіт адамның өзіне деген қарым-қатынасын, көңіл күйін сезеді дейді. Тіпті, зекігеніңді ұзақ уақыт ұмытпайды екен, осы рас па?
–Дұрыс айтасыз. Көңіл күйіне көп нәрсе байланысты. Мектептерге сабақ беріп жүрміз ғой, одан тыс уақытта бүркітті өзімізге үйретеміз. Кекшіл құс қой. Жөні жоқ тиіссең, соны есіне сақтап қалады. Аңға түскенде өзі үшін түседі. Бабы келіп тұрса, шамасы жетсе ғана аңға барады. Тоқ болып тұрса, шамасы жетпесе бармайды. Тәбеті ашылып тұрғанда, өз еркімен барады-ау дегенде жібереміз. Оған қатты көңіл бөлуің керек.
–Білуімше, тазы да ұстайсыз. Бүркіт пен тазының күтімі оңай емес қой. Бабында ұстау үшін не істейсіз?
–Иә, тазы да ұстаймыз. Оған да күтім керек. Мен биылдан бастап ұстап жатырмын. Негізі оның сырын інім Ернар жақсы біледі. Жазда семіртеді, бүркіт сияқты. Көп жүгіртеді. Иттердің сілекейі ағып жүреді ғой. Тазының басқа иттерден айырмашылығы – сілекейі ақпайды. Оны төрге шығарып отырғызады, өте таза ит. Жақсылап баптаса, тазыларымыз қасқырға дейін алып жатады.
[caption id="attachment_53444" align="alignnone" width="960"] Інісі Ернар[/caption]
–Балаларыңызды да осы өнерге баулып жатырсыз ба?–Әрине, ата кәсіпті, ұлы өнерді ұрпағымызға үйрету – міндетіміз. Екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым журналист боламын деп жатыр. Кіші ұлым Сұлтан 8-сыныпты бітіреді. Бүркітке қызығады. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарға, турнирлерге қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
[caption id="attachment_53485" align="alignnone" width="446"] Ұлы Сұлтан[/caption]
–Аң аулауға жиі шығасыз ба?–Иә, оның да жөні бар. Көктемде түлекке отырғызамыз. Қанаттары түсіп, қайта шығуы үшін жақсылап семіртеміз. Сосын тамыз айынан бастап қайырамыз. Қайырамыз деп отырғаным, кішкене салмағын түсіріп, аңға ұшырып дайындаймыз. Қазан айынан аңға алып шығуға жарайды. Ауылдың сыртына аңға шығып тұрамыз. Жылына екі-үш түлкі аламыз. Тыйым салынған дүниелер бар. Әрине, бәрін рұқсатпен істейміз. Қоянға жиі шығамыз. Аң аулауға шықпасаң, құс ұстау бекер. Ең басты қызығушылық аңға салу ғой негізі. Оның аңға түскенінің өзі сондай ерекше сәт.
[caption id="attachment_53446" align="alignnone" width="512"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
Қазақы төбетті көбейту керек–Мамандар қазақы төбеттің азайып бара жатқанын айтады. Оны көбейту үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
– Төбет – текті иттердің бірі. Оны қораға ұстайтын болған. Бала кезімізде үйімізде болатын. Әкеміз тазы мен төбет ұстайтын. Қазір таза төбетті табу қиын. Жеке кәсіпкерлер қолға алып жатқанынан хабарым бар. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек.
–Шет елдерде өтетін іс-шараларға, жарыстарға қатысып тұрасыз ба?
–Екі жыл бұрын Қырғыз Республикасында Көшпенділер фестивалі болды. Қазақстан бүркітшілері қатысып, үшінші орынға ие болды. Биыл Түркіменстанда болуы керек еді. Әлемді қауіпті індет жайлаған мынадай уақытта оған бара алмадық. Көшпенділер фестивалі 2-4 жылда болып тұрады. Ал өз елімізде турнирлер жиі өтеді. Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлның 175 жылдығына орай Семейде өтетінболса, оған баратын боламыз. Жарыстар көбіне күзде басталады.