«Бақытты отбасының» машақаты көп
«Бақытты отбасының» машақаты көп
434
оқылды
Қарағандылық көпбалалы ана Алтынай Мейрамованың 10 сот­тық жер мен тұрғын үй кезегінде тұрғанына – 15 жыл. Өткен жылы қала әкімдігі оған «Бақытты от­басы» бағ­дар­­ла­масы бойынша 2 па­йыз­­­дық ипо­текаға жолдама берген бо­­латын. Алтынай тиісті құ­жаттарды тапсырып, «Тұрғын­үйқұрылыс­жинақ­банкіден» 10 та­мыз күні ипо­тека алуға бо­лады де­ген рұқ­сат алды. Одан бері алты ай уақыт өтті, Ал­тынай әлі бас­паналы бол­ған жоқ. Қолданыстағы заң бойынша ипотека рәсімдеуге үш ай уақыт беріледі. Алайда «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй іздегендер ипотека мерзімін 6 айға создырды. Себебі бұл бағ­дарламаға сәйкес келетін үйлер Қарағандыда аз. Бірақ Алтынайға үй табуға жарты жылдың өзі аз­дық етіп отыр. «Бақытты отбасы» бағдар­ла­масы бойынша үй кезегінде тұр­ған көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала асы­рап отырған отбасылар 2 пайыз­дық ипотека ала алады. Жеңіл­детілген ипотекамен елорда мен Ал­матыдан 15 миллион теңгеге де­йін, ал өңір­лерден 10 миллионға дейін үй алуға мүмкіндік бар. Ай­мақтарда 10 миллионға пәтер алу көпбалалыларға тиімсіз бо­лып шық­ты. Себебі бірінші нарық­та 10 мил­лионға бір бөл­мелі пәтер ғана келеді. Бір артықшылығы, бірінші на­рықтан үй алса жергілікті билік ипотеканың алғашқы жарнасы үшін 1 млн теңгелік тұрғын үй сер­ти­фикатын береді. Алайда Қара­ғандыда салынып жатқан үй­лердің құжаты дайын емес. Ал­тынай қаладағы ең арзан тұрғын үй кешені – «Сападан» 2 бөлмелі пәтер брондап қойғанына біраз болды. Ол үйдің құжаты 2019 жылдың соңына дейін тапсырылуы керек еді, алайда жаңа жыл төрге озды, құ­жаттар дайын емес. Ал банк берген алты ай мерзім 10 ақ­панда аяқталады. Енді Алтынай қан­шама уақыт күткен пәтерден қағаз­бас­тылықтың кесірінен айырылып қалғалы отыр. Қарағандыда «Бақытты отба­сы» бағдарламасына құжат тап­сырудың екінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңі бойынша банк ма­құлдауынан өткендер әлі күнге бас­панаға зар. Үкімет алғашқы жарнасын төлеп беретін бірінші нарықтан баспана алудың соңы осылай сиырқұйымшақтанып кетті. Ал арзан әрі күрделі жөндеуді талап етпейтін екінші нарық­тан баспана алудың да өз ма­шақаты бар. Себебі екінші на­рыққа ипотеканың ал­­ғашқы жарнасы үшін 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификатын беру қарастырылмаған. Бес балалы ана Айжан Бадильди­нова қаланың бағасы төмен шағын ауданынан, екінші нарықтан пәтер алғысы келеді. Ол да банк мақұлдауынан өтті. Оның да банк берген мерзімі аяқталуға жақын. Қаншама пәтер қарады, алайын десе, ипотеканың алғашқы жарнасына ақшасы жоқ. Ол бармаған басшы, қақпаған есігі жоқ. Алтынай да, Айжан да Президенттің көмекшісі Аида Балаева ханымның қабылдауына барып, осы мәселені көтерді. Президентке мән-жайды түсіндіріп хат жазды. Қарағанды қаласының әкімдігі де өз тарапынан баспана нарығына талдау жасап, ұсыныс жолдады. Осы ұсыныстар негізінде Парламентте заңға өзгерістер ен­гізілді, Президент заңға қол қойды. Алайда жаңа өзгерістерді реттей­тін ереже дайын емес, бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Айжан секілді қан­шама отбасы заң шығаруда кет­кен шалалықтың кесірінен уақы­тында баспаналы бола алмай отыр. «Бақытты отбасы» бағдар­ла­ма­сы бойынша 1 млн теңгелік тұр­ғын үй сертификатын алу­дың да өз қиындығы бар. Банк ма­құл­дауынан өткен соң ал­ғаш­қы жар­наны алу үшін от­басылар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына табысты рас­тайтын құжаттар тап­сырады. Яғни, табысы бар екенін бірінші банкке, одан кейін әкім­дікке рас­тайды. Банктен өтіп, әкім­діктің мақұлдауынан өте алмай қалатын жағдайлар да бо­лады. Мәселен, А есімді анаға желтоқсан айында Тәуел­сіздік мейрамына орай 30 мың теңге сыйақы түсті. Жа­ла­қысы бір сәтте көтеріліп кеткен отбасыға серти­фикат берілмейді. Яғни, бір жолғы сыйақы үшін от­ба­сы енді алғашқы жарнасыз қалды. Көпбалалы аналарды үміттен­дірген жаңа бағдарлама қолданысқа енгенімен осылайша әуре-сарсаңға салып қойды. Бұл бағдарлама үш жылға шақталған. Қазір екінші кезеңі жүріп жатыр.    width=Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,                                                                                                                                          Қарағанды облысы