Біреу марапатталады, кейбір компаниялар сыйлығын беріп жатады, басқаларына бәрібір, ешкімнен ештеңе күтпейді. Бәрінің өз себебі бар. Алайда осы күн жақындағанда отандық ақпарат нарығына сырттан көз салып, болып жатқан трендтерді байыппен байқауға тырысу керек секілді. Ал пандемиядан кейінгі медианың тамырын басу ерекше маңызды.
Наурыз-сәуір айларында карантинде қалған жұрт ақпаратты көп тұтынды. Отандық БАҚ-тың сұранысы артып, марқайып қалғаны рас. Біраз телеарна, сайттардың рейтингтері де жоғарылады. Алайда бұл уақытша құбылыс екенін түсіну керек. Карантин, сондай-ақ тағы да басқа құбылыстарды көрсетті. Ақпаратты ретсіз тарату қиын емес екен, қоғам әлі де жалған жаңалыққа үйір екен, қолында смартфоны бардың көпшілігі ақпарды әлеуметтік желіден алуға, оны одан әрі таратып жіберуге бейіл екен және тағысын тағылар. Бұл жайттар қолына қалам ұстаған қауымға қосымша жауапкершілік жүктейді. Ағартушылық деген қоғамдық функцияны да қатар алып жүруіне тура келеді. Осылайша, қосымша жүк арту оңай болғанымен, олардың қоғамдағы өз жайы да мәз емес. Неге?
Төртінші билік деген сырттай таққан дәстүрлі атауы болса да, бүгін отандық журналистер белгілі процестерге ықпал ететіндей жағдайда емес Иә, министрлік, әкімдік жанындағы түрлі қоғамдық кеңестерге, ұйымдарға кейде мүше етіп шақыратыны бар. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар журналистік сауалдарға жауап та, есеп те береді. Газетте, сюжетте көтерілген кейбір түйткілдер шешіліп те жатады. Бірақ бәрі емес. Дегенмен сонымен қатар қойылған өткір сұраққа жауап беруден қашқақтайтын шенділер көп, қолында диктафон, микрофон ұстаған жанды көрсе, айналып өткісі келетіндер де табылады. Мейлі, өз құқы, бірақ қоғамға қажет ақпаратты беруден бас тартатындар қаншама?! Оны сұраған журналисті әуре-сарсаңға салатындары ше?
Мұның бәрі не үшін қажет? Медиа индустрия даму үшін бе, жарнама берушілер санын арттыру үшін бе, оқырман қатарын «қалыңдату» үшін бе, бәлкім журналистің эгосын қанағаттандырып, танымал ету үшін бе? Жоқ, мұның барлығы қоғамға керек, азаматтық, ашық қоғамды қалыптастыру жолында керек ресурс. Иә, пафос секілді естіледі. Бірақ ақиқаты – сол. Өйткені дер кезінде берілген, сенімді, сапалы, ашық ақпарат қоғамның мемлекеттік органдарға, Үкіметке, жалпы билік атаулыға сенімін арттырады. Ал бұл – өте маңызды құндылық. Себебі сенімсіз «қоғам – билік» тандемі жөні түзу мемлекет құра алмайды. Журналист сұрайтын ақпарат осы үшін керек екенін кейбір мемлекеттік қызметкерлер жете түсінбейтіні қынжылтады. Мұны пандемия дәлелдеп берді. Елде 19 мың кісі кесел жұқтырып, коронавирустан 136 адам көз жұмса да, «сенбеймін» деген сөзін марқая, шірене айтатындар арамызда әлі де жеткілікті. Өкінішті.
Әрине, сөз болған, діттеген қоғамды ешкім бізге құрып бермейді. Азаматтық қоғамның өз институттары бар. Соның бірі – тәуелсіз БАҚ. Ол өзінің кәсіби функциясын толық орындау үшін бірнеше шарт жүзеге асуы тиіс. Соның бірі – меншік түрі мен қаржы көзі. Телеарна, сайт, журналдардың жекеменшік иелікке өтуі олардың құлашын кеңге жаяды. Бірақ аталған мақсатты орындауға кедергі жайттар аз емес.
Біріншіден, олар өз қаражатына өмір сүретіндей отандық ақпарат нарығы тарлау. 19 миллионға жуық нарық аздық етеді және азаматтарымыздың көпшілігі ақпарат үшін ақша төлеуге даяр емес. Екіншіден, жарнама қаражаты да тұрақсыз. Пандемия кезінде талай бизнес тұралап қалды. Сәйкесінше, жарнамаға тапсырыс та жоқ. Тіл мәселесі толық шешілмеді. Ірі компаниялар ескі түсінік бойынша орыстілді ақпарат көздерінде жарияланғанды сүйеді. Сол баяғы көне логика: «орыс тілін бәрі түсінеді». Сапа, сұраныс, демографиялық құрам, тренд, БАҚ рейтингісі оларды көбіне қызықтыра бермейді. Үшіншіден, жеке ақшаға қызмет ете бастаған журналистер көбіне бір адамның не бір топтың сойылын соғуға көшеді. Журналистік ұстанымнан таяды. Оны 1990-2000 жылдардағы тәжірибе көрсетті. Кейбір облыстарды мұны (кір жағу, бопсалау, арандату) әлі кәсіп қылып, сонда да өзін журналист атайтындар жеткілікті. Қазір түрлі телеграм арналарда саяси өсек-аяңды ақиқаттай жазатындар да бар. Төртіншіден, қаралымы, көрсетілімі көбейсе, тапсырыс та артады дегендер ақпараттың сапасын бұзады: әншінің жеген тамағын, бишінің киген көйлегін жаза бастайды.
Дегенмен о бастағы ойға оралсақ. Отандық медиа Батыстағы әріптестерімен теңесу үшін қойылатын келесі шарт – ақпараттың сапасы мен жылдамдығы. Сапасы дегеніміз – мәліметтің тексерілуі, сенімді көзден алынуы. Қазір әрбір адам әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы ақпарат таратушы көзге айналғанда БАҚ-тың шынайы хабар беруі аса маңызды. Оған Арыстағы, Мақтааралдағы апат, Қордайдағы жанжал, карантин кезінде тағы көз жетті. Күмәнді, жалған мәлімет желіні жаулап жатқанда ақиқатты хабарлау оңай емес. Жұрт қауіпті қауесетке жақын тұрады. Алайда шындықты жеткізу журналистің міндеті. Сондықтан әрбір сайт, газет-журнал, телеарнаның «сенімді ақпарат көзі» деген қоғамдағы имиджі де қажет көрсеткіш. Сондай сын сәттерде, ақпараттық вакуум орнағанда мемлекеттік органдардың жылдам шешім қабылдап, ресми ақпаратты лезде әрі тұрақты беруі де маңызды. Бұл медианың өз миссиясын адал атқаруына, жағдайдың ушықпауына тікелей ықпал етеді. Әсіресе, еңбек дауы, ұлтаралық жанжал не басқа да қақтығыс барысында «кризис коммуникация» өткір мәселеге айналады.
Жалпы, уақыт өткен сайын дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желідегі аккаунт иелерінің, блогерлердің белгілі шекарасы жойылып барады. Бүгінде аймақтық газеттердің орташа таралымы 10-20 мыңға жетсе жақсы. Республикалық телеарналардың ортаңқол тележобаларын рейтинг көрсеткішімен есептесек, 50-70 мың адам қарауы мүмкін. Ал кейбір әншілердің инстаграмдағы жазылушылар саны 3-4 млн-ға жетіп жығылады. Бұл 1 адам ғана 3-4 млн кісіге ақпарат таратушы деген сөз. Маңызды оқиға, ауыр апат бола қалғанда БАҚ ресми мәлімет жинап жүргенде әлгі әнші, блогер естіген қауесет сөзге иланып, әлеуметтік желіге ойын жазып, 3-4 миллион оқырманын бірден қисық «ақпараттандыруы» мүмкін. Бұл бір адамның жасауы мүмкін әрекеті. Ал егер бейресми, жалған хабарды мың адам бірден таратса, не болмақ?
«Ақиқат шалбарын киіп жатқанда, жалған сөз әлемнің жартысын аралайды» деген У.Черчилль. Сол секілді бұл ақпараттық кеңістікті тұрақсыздыққа итермелейтін, тәуекелі жоғары процесс. 2010 жылы қырғыз еліндегі Киров су қоймасы бұзылыпты деген қауесет Тараз тұрғындарын әуреге салып, қала сыртына қашуға түрткі болған еді. Яғни, БАҚ-тың тағы бір міндеті – сенімді ақпарат көзін пайдаланатын оқырманды, көрерменді, жалпы қоғамды қалыптастыру.
Сонымен, ақпарат кімнің қолында? Әрбіріміздің. Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, БАҚ-тың, журналистердің, әлеуметтік желіде аккаунт ашқан әрбір азаматтың. Аталғандардың барлығы оны қалауынша тарата алады. Алайда ақпарат ықпалды ресурс екенін ескерсек, оны сауатты, орынды, тиімді қолдануды үйренуіміз, үйретуіміз қажет.