Нұрсұлтандықтар да көмек күтеді
Соңғы бір ай ішінде елорда да дерт жұқтырғандар саны көбеймесе, азаймай тұр. Жедел медициналық көмек шақыратындардың көлемі төрт есе өскен. Астаналықтардың көбі жедел жәрдемге хабарласа алмайтынын айтып, шағымдануда. Ал мамандар тәулігіне 4 мыңға жуық телефон қоңырауына жауап береді екен. Қалада 118 жедел медициналық көмек бригадалары жұмыс істейді. Соның өзінде олардың барлық науқасқа бірдей көмек беріп үлгермейтіні анық. «Кешігіп келетіні, жедел медициналық көмек бригадаларының үлгермей жатқаны жасырын емес. Кез келген елордалық тұрғынның жедел көмектің тез, жылдам, дер уақытында келгенін қалайтыны рас. Алайда жедел жәрдем көліктері бірнеше категория бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, науқастарға жедел жәрдемнің келу уақыты олардың науқасының қауіпті-қауіпсіздігіне де байланысты», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық жедел медициналық көмек стансасының директоры Мұрат Оразбаев. 1 маусымнан бері жедел медициналық көмек бригадалары «қауіпті індет бар» деп көмек шақырған 5 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіпті. Олардың 70 пайызы ғана ауруханаға жатқызылған. Мамандар көпшіліктің үрей тудырмағанын қалайды. Олар науқастарға міндетті түрде жедел медициналық көмек көрсетілетінін айтып отыр. «Бір апта ішінде тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Соңғы тәулікте бұл төрт жарым мыңға дейін жетті. Қызмет көрсетілген шақыртулар саны 18 мыңға жуықтап, соңғы бір күн ішінде 2 800 адамға көмек көрсетілді. Соның арасында бір апта ішінде коронавирус жұқпасына байланысты 4 438 қоңырау түссе, соңғы күні 1 300 шақырту болыпты. Алғашқы медициналық көмек ұйымдарында, аумақтық емханаларда қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданды. Жалпы жедел жәрдем қоңырауларына қызмет көрсету үшін күн сайын шамамен 150-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Күніне коронавирус инфекциясы және пневмониямен 400-дей адам ауруханаға жатқызылады. Жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жатқан адамның саны 2 500-ге өсіп отыр», –дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.Жедел көмекке мұқтаждар көп
Эпидемия басталғалы бері Алматы қаласында дерт жұқтырғандар саны 3 500-ден асты. 2 178 адам сауығып, ауруханадан шыққан. Қайтыс болғандар саны – 23 адам. Қалалық ауруханаларда 1 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр. Жедел медициналық көмек шақырғандардың да саны екі есе өскен. «Мамыр айында 2 мыңнан аса адам жедел жәрдем көмегіне жүгінсе, маусым айынан бастап тәулігіне 8 мыңға жуық адам жедел жәрдемге қоңырау шалады. Жедел медициналық көмек бригадалары да күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Негізгі салмақ жедел жәрдем қызметкерлеріне түсіп отыр», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров. Ауруханалар толуға жақын. Қазір ондағы орындардың 90 пайызы бос емес. Індет жұқтырғандар ем қабылдап жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқандар қаншама?! Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандар саны да төрт есеге көбейген. Осылай жағдай ушыға берсе, ауруханаларда бос орын қалмауы да мүмкін. Дәрігерлердің жетіспеушілігі тағы бар. Ауруханаларда орын жетпей қалса, ауыр халдегі адамдарға көмек көрсету де қиындамай ма? Бас қаланың өзінде қауіпті кеселді жұқтырған 112 жүкті келіншек бар екен. Оның 78-і емханада жатыр. Қаладағы зертханалар да сынамаларды тексеріп үлгермей жатқанға ұқсайды. Сол себепті тест тапсырғандар оның нәтижесін ұзақ күтіп қалады. Мамандар егер ауру белгісі байқалмаса, тест тапсырудың қажеті жоқ дегенді айтып отыр.Жәрдем болмаса, не істейді?
Кез келген адам жаны қысылғанда жедел жәрдемге қоңырау шалады. Жедел медициналық көмек дер кезінде барғанымен, науқастарды қайда апарарын білмей, дал болып жатыр. Апарайын десе, аурухана мен стационарда орын жоқ. Сол себепті де амалсыз тұрғындарға тұратын аумағы бойынша қарайтын емхана дәрігерлері көбіне үйінде емделуге кеңес беруде. Ауруханаға ауыр жағдайдағы науқастарды ғана жатқызуға тура келіп тұр. Күн сайын емханаларға 100-ден аса науқас келеді. Ал ауруханадағы орын саны орта есеппен алғанда 200-300 орын ғана, оның бәріне науқастарды сыйғызу мүмкін емес. Амалсыздан инфекциялық стационар ашуға тура келеді. Бірақ күн сайын стационар аша алмайтыны тағы бар. Не десек те, бұл дерт оңай болмай тұр. Коронавирус инфекциясының кеңінен таралуы өзге ауруларды да асқындырып жіберді. Елімізде өкпесі қабынғандардың тым көбейіп кетуі де – осының дәлелі. Мәселен, маусым айынан бастап ауруханаға пневмониямен түскендер саны жыл басындағы деректерге қарағанда 100 есе өскен. Өмірін тәуекелге тігіп, қауіпті аймақта күн-түн демей еңбек етіп жүрген дәрігерлердің өзі бұл кеселден құтыла алған жоқ. Қазір коронавируспен ауырған науқастардың 12 пайызы медицина қызметкерлері. Олардың 30 пайызы қызмет бабында жүріп жұқтырған екен. Адам кез келген дерттің алдында қауқарсыз. Коронавирус мұны екі есе дәлелдеп берді. Ал бұдан сақтанудың бір ғана жолы бар: ол – қауіпсіздік шараларын ұстану. Ата-ана, бауыр, туған, ағайын, елдің азаматтары қымбат десек, сақтанайық! Сонда біз жедел жәрдемге зәру болмас едік...Гүлзина БЕКТАС