Алайда қазіргі зерттеулер бойынша адамның тұрмыс деңгейіне оның тұрғылықты жері тікелей әсер ететіні дәлелденген. Өйткені әр мемлекетте дамыған, дамушы және дамымай қалған өңірлер бар. Бұл бір өңірдің халқы еңбекқор, екінші бір өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмесе керек.
Қай өңірде кедейлер көп екені белгілі болды. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тұрмысы нашар халық үлесі 2020 жылдың I тоқсанында 4 пайызды құраған. Кедейлік деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (5,8 пайыз) және Жамбыл (5,2 пайыз) облыстарында байқалған, ал ең төмені Нұр-Сұлтан қаласында (1,1 пайыз) тіркелген. Аймақтар арасындағы мұндай айырмашылық неге байланысты?
Белгілі бір облыстык экономикалық сипаты, еңбек нарығының ерекшелігі, жұмыс орындарының саны, әлеуметтік көмектің көлемі сондағы халықтың тұрмысын айқындайды. Әр аймақта тұратын халықтың өмір сүру дәрежесін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, кедей аймаққа береді. Ақшаны бұлай қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде нақты жазылған.
Қазақстанның донорлық аймақтарына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары кіреді. Бұл түсінікті. Себебі Атырау мен Маңғыстаудың қазба байлығы мол. Алматының экономикасы тұрақты, оның ішінде шағын шәне орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі өркен жайған. Елордада ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, былтыр Алматы қаласы республика бюджетіне 115,3 миллиард теңге құйған. Атырау облысы биыл ел қазынасына 207,3 млрд теңге бермек.
Ал өзгелерден дотация алатын аймақтар рейтингінде Түркістан облысы «көш бастайды». 2019 жылы республикалық бюджеттен оңтүстік өңірге бөлінген субвенциялар 402 млрд теңгеден асқан (мақсатты трансферттерді қоспағанда). Дотацияланған аймақтар тізімінде өндірісі дамыған Шығыс Қазақстанға екінші орын тиесілі. Мұнда былтыр 163,9 миллиард теңге бөлінген. Аутсайдарлер үштігін Жамбыл облысы түйіндейді. 2019 жылы бұл өңірге 161,9 млрд теңге жіберіліпті.
Әрине, өңір мен өңір, қала мен ауыл арасындағы күнкөріс айырмашылығын түбегейлі жою қиын. Мысалы, Қызылорда облысындағы шағын аудан мен Алматының табысын бірдей жасау мүмкін емес. Бірақ қоғамдағы әлсіз топтарға жәрдемақы үлестіру, жұмыспен қамту бағдарламаларын жүзеге асыру сияқты шаралардың көмегі көп. Оңтүстік жұртын солтүстікке көшіру жобасы да осы теңсіздікті азайтуға бағытталған.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің пікірінше, мәселені шешетін бірден-бір төте жол – шикізатқа тәуелділіктен құтылып, адами капиталды жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы жаңа технологиялар құру, тауарлар өндіру. Бұл – экономикалық өсім үшін сарқылмайтын ресурс. Өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырамыз десек, маңызды шешімдер қабылдауға жергілікті тұрғындар мен бизнес-орта өкілдерін тартқан дұрыс. Бұл түйткілді мәселелерге неғұрлым нақты көзқарас қалыптастырып, кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасамақ. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардан бастап, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарға өңірлік проблемалардың ең тиімді шешімдерін ұсына алатын әкімдерді сайлау жүйесін енгізу қажет.
– Менің таңғалғаным – кедейі көп өңірлер тізіміне Маңғыстау сияқты мұнайлы облыстың кіргені. Мамандар бұл индексацияны жасағанда қандай факторларды ескерді? Маңғыстау сондай болғанда неге Атырау ондай емес? – дейді Атамұрат Шәменов.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың бұған жауабы дайын екен.
– Маңғыстау облысында миграция жоғары, ол өңірге Түркіменстан мен Өзбекстаннан, Қазақстанның өзге облыстарынан көшіп баратын жұрттың қарасы қалың. Мигранттар Ақтау маңындағы Мұнайлы ауданында тығыз шоғырланған. Олар – арзанқол жер үйлерді паналайтын, тұрақты жұмыс істемейтін, ресми табысы жоқ, ілдебайлап күнелткен қазақтар. Маңғыстау облысында кедейлік үлесінің жоғары болуы содан, – дейді сарапшы.
Жалпы, Қазақстанда кедейлер үлесі туралы статистика жылдар бойы өзгермей келеді. Ай сайынғы табысы күнкөріс минимумынан (биыл 31 183 теңге) аз адамдар үлесі ылғи 4 пайыздың төңірегі деп көрсетіледі. Бірақ халықаралық ұйымдар басқаша пайымдайды. Дүниежүзілік банктің есебінше, қазір Қазақстанда халқының 8,6 пайызы адам кедейлік шегінде өмір сүреді. «Қазақстан экономикасында қандай да бір теріс өзгеріс болса, елде кедейлер саны артуы ықтимал», – дейді ДБ мамандары.
Айтпақшы, АӘК алатын жандарды да жарлы-жақыбайлар қатарына жатқызсақ, халықтың 22 пайызы кедей деген қорытынды шығарар едік.
Сондай-ақ кедейлік деңгейін анықтағанда азық-түлік себетін ғана емес, адамның білім алу, денсаулық сақтау қызметі мен демалуға кететін қаржысын да ескеру керек. Тамақтан бөлек қарапайым қажеттіліктерге қолы жетпейтін адам қаншама?! Яғни, осы азаматтарды да кедейлер санатына қоссақ, Қазақстанда олардың саны екі миллионнан асып жығылады.