Кешегі өнерпаз – бүгін құрылысшы
Кешегі өнерпаз – бүгін құрылысшы
635
оқылды
Бірақ өнерлі аза­мат бүгінде ел алдына шықпай, өнер сахнасынан тыс қалып жүр. Денесіне біз қадап, көлік сүйреген, өңешіне қанжар мен электр тоғына қосылған бұрғы бойлатып, түрлі өнері арқылы көрерменді таңғалдырып, сол арқылы 2004-2006 жылдары Қазақстанның рекордтар кітабына екі мәрте енген өнер иесінің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. – Ең алдымен, Айдос Тоқтар­баев қазір қайда жүр? Сахнадан неге тыс қалды? – Сахнаға шықпай кеткенім рас. Шығыс Қазақстан облысы Үр­жар ауданы Қарабұлақ ауы­лында жүрмін. Өзімнің туған же­рім. Әке-шешемнің жанын­да­мын. Алакөл де маңымызда тұр. Ауылда мал-жан бар дегендей. Соларға септесіп, болысып, күн кешіп жүрген жайымыз бар. Facebook желісіндегі па­рақ­шаңызды қарасақ, құрылыс са­ласына бет бұрғаныңызды бай­қа­дық. Ол салаға не себепті кеттіңіз, сонда өнерді тастадыңыз ба? – Әкем мен інім құрылыс са­ласында. Жеке тапсырыс қабыл­дап, ағаштан үй тұрғызады. Со­ларға қосылып мен де нәпақамды тауып жүрмін. Бірақ тапсырыс көктем мен жазда ғана түседі. Ал қыс келсе үйде мал бағамын. Есік алдындағы кішігірім шаруаларды істеймін. Өздеріңіз білесіздер, ауылда басқа кәсіп жоқ. Қазір балға мен шегені ұстап, үй тұр­ғызып, несібемізді тауып келеміз. Өнерден толыққанды алшақ­тадым демеймін. Бірақ жас келіп қалды (38 жаста). Одан бөлек, мен айналысатын өнер түріне мүл­де сұраныс жоқ. Кішігірім сұ­раныс болса да, цирк өнеріне көп көңіл бөлінбейді. Осы себепті тоқтауға мәжбүр болдым. Те­леар­на немесе бағдарламаларға ша­қырса, қарсылығым жоқ. Өнер көрсетуге даярмын. – Ал шәкірт тәрбиелеу үшін цирк бағытындағы мектептер ша­қырған жоқ па? – Коронавирусқа байланысты карантин басталмай тұрған кезде Ақтау қаласында «Балажан» атты жас дарындарды дайындайтын мектеп жаттықтырушы болуға шақырды. Гимнастика-акроба­ти­ка сабағын түгел маған беретінін айтқан. Енді карантин толық біт­кен жоқ. Мектеп жұмысы тоқ­тап тұр. Осы жағдай қол байлау болып отыр. Әзірге құрылыс са­ласында жүріп күнелтемін. Тойға шығуға болар еді, ол да тоқтап тұрғанын өздеріңіз білесіздер. – Әлі күнге дейін жаттығу істеп жүрсіз бе? Өнерден түбегейлі алшақтамаған боларсыз. – Шыны керек, өзіме көңіл бөліп жүргем жоқ. Бойымдағы да­рын жоғала қоймас. Әуелі Құ­дайдың берген ерекше қабілеті ғой. Бұрын да жарақат алған кезімде жыл бойы жаттықпай ке­тетінмін. Егер қайта білек сы­бана кірісіп, 2-3 ай дайындалсам кез келген трюкті мүлтіксіз орын­дай алатыныма сенем. Кейде денем қатып қалмас үшін бос жүріп бірдеңелерді істеген болам. – Демек, өнерден толық ал­шақ­тадым деуге себеп жоқ қой. Мүмкін өнерді насихаттау үшін әлеуметтік желіге бейнероликтер жүктеп, әрекет етуге болатын шы­ғар. Әлде денсаулыққа зияны болады деп ойлайсыз ба? – Эксперимент ретінде те­ле­ар­наларға шығып көрдім. Ойым­да жаңа дүниелер бар. Трюк­те­рімді видеоға сапалы етіп түсіріп, Youtube-қа жүктегім келеді. Бұ­­рын шпагатқа отырып көлік сүй­ре­сем, енді денемді бізбен тесіп, ауыр жүк көліктерін сүйресем бе деймін. Әр салада бәсеке бар. Шет­елдік цирк әртістерінің орын­даған трюктерін қайталауым мүмкін. Трюктердің қарапайым адам орындаса зияны бар шығар, өз басыма қауіпті емес. Керісінше маған шабыт сыйлап, одан әрі жаттығуға ұмтылдырады. Бірақ жаңағы айтқан жоспарларымның бәрі әлі ойым ғана. Іске асып жатқан жоқ. Басқа салаға кетуім де мүмкін. – Мысалы? – Көп жастар қалаға кеткісі келсе, мен ауылға асығамын. Ауыл­да жүріп мал бақ, болмаса құ­рылыста жүр – күн көруге бо­лады. Мал бағу қазақтың ежелден бергі кәсібінің бірі ғой. Мал ша­руашылығымен айналысып, жеке кәсіп ашсам деген де ойым бар. Өнер дейміз-ау, бәрібір жас келді. Енді бір оңып кете қояр өнерде жағдай да жоқ. – Бұрын шетелдегі цирктерден шақырту алып па едіңіз? Бір өкі­нішті сәттер болды ма? – Қазақстанда жүріп циркте жұмыс істемедім. Келісімшартпен бірнеше жерде өнер көрсеттім. Студент кезімде әртүрлі шетелдік цирктерден шақырту түсті. Бірақ неге екенін білмеймін, бармадым. Өз қателігім, сол мүмкіндіктердің бәрінен айырылып қалдым. Жас­тық шығар, елімізде жүріп те танылуға болады деп сендім. – Сұхбатыңызға рақмет!  

 Әңгімелескен Мадияр ТӨЛЕУ