Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне бірінші онлайн диплом табыстау рәсімі
Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне бірінші онлайн диплом табыстау рәсімі
234
оқылды
2020 жылдың 26 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өткізілді. Тұңғыш рет пандемия жағдайында Мемлекеттік басқару академиясы дипломдарды табыстаудың салтанатты рәсімін академиялық орта үшін тың форматта – MicrosoftTeams алаңында онлайн өткізді. Дипломдарды онлайн табыстау рәсімін ұйымдастыруға Академия қызметкерлері екі ай көлемінде дайындалды. Дипломдарды табыстаудың бейнетүсірілімін жасау үшін түлектер Мемлекеттік басқару академиясына фотосуретке түсу мақсатында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, нақты кестеге сәйкес шақырылды. Қазақстанның көрнекті қоғам және саяси қайраткерлерінен, сондай-ақ АҚШ пен БАӘ серіктес жоғары оқу орындарының өкілдерінен құралған шақырылған қонақтар да өздерінің құттықтау сөздерін алдын ала таспаға жазып, ұйымдастырушыларға жолдады. Бейнемонтаж шамамен бір айға созылды. Карантинге байланысты орын алған жағдай мен пандемия нәтижесінде қалыптасқан жаңа оқу форматына қарамастан, 115 магистрант, соның ішінде БАӘ (1), Түркиядан (1) және Украинадан (1) келген 3 шетелдік магистрант қорытынды емтихандарды сәтті тапсырып, өздерінің магистрлік жобаларын табысты қорғады, нәтижесінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білімі үшін жауапты жалғыз жоғары оқу орнының магистр дәрежесін иеленді. Онлайн рәсім барысындағы өзінің алғы сөзінде Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Академияның қазіргі дамуы мемлекеттік басқару саласы дамуының және мемлекеттік қызметшілерді оқытудың болашақта мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған өзекті трендтеріне негізделгенін атап өтті. «Академияда біз жаһандық деңгейде ойлауға қабілетті мемлекеттік қызметшілерді, өзгеріс агенттерін даярлаймыз. Олар тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға, халықаралық аренада ұлттық мүддені қорғауға, мемлекеттік басқару саласына конструктивті, батыл өзгерістер енгізуге қауқарлы. Академияның 25 түлегі мен білім алушысы Президенттік жастар кадр резервіне енгендігін айту жөн болар. Мен мұны мемлекеттік аппарат үшін кадрлар даярлау ісіндегі жоғары көрсеткіш ретінде санаймын» – деп атап өтті ректор. Оған қоса, ағымдағы жылы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің екі магистранты академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Сиракуз Университетінің Максвелл мектебін табысты аяқтады, сонымен қатар, Басқару институтының екі магистранты қосдипломды білім беру бағдарламасы аясында БАӘ-нің Мохаммед Бин Рашид атындағы басқару мектебінде білім алды. Шақырылған қонақтар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахметов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов және т.б. түлектерді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Мемлекеттік аппараттың маңызды міндеттерінің бірі – бұл мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру. Біздің азаматтарымыздың қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған сервистік үлгі жүйесін құру. Сондықтан алынған білімді жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда пайдалана отырып, заманауи мемлекет құру – Академия түлектерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі» - деп атап өтті Анар Жайылғанова. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің құттықтау сөзінде Академияда білім алу жасампаз жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін бірегей мүмкіндік екендігін атап өтті. Ол, сондай-ақ, түлектерді Академияның құндылықтарын құрметтей отырып, оларды білімдері мен қарім-қабілеттері арқылы қоғам өмірі мен әл-ауқаты үшін жұмысқа бағыттауға және ел игілігі үшін еңбек етуге шақырды. «Дипломатия саласында білікті мамандарды даярлауда Академия және Сыртқы істер министрлігі бірқатар міндеттерді орындап, жоғары деңгейде екіжақты ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда біздің еліміз үшін халықаралық аренада сыртқы саясатты жүргізу аса маңызды. Академия еліміздің халықаралық аренада беделін арттыруда маңызды рөл атқаратындығын атап өткен жөн» - деді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. Академияның 2020 жылғы магистрлерін Америка Құрама штаттарының Сиракуз университетінің Максвелл мектебі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Мухаммад бин Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебі сынды серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Австрия мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Герхард Сайллер және Қазақстан Республикасындағы БАӘ Төтенше және Өкілетті Елшісі Мухаммед Аль-Джабер құттықтағанын атап өткен жөн. Дипломдарды салтанатты табыстау рәсімінен кейін магистрлер Академия басшылығына, өздерінің оқытушылары мен курстастарына алғыстарын білдіріп, қызықты оқиғаларымен, сезімдерімен және Академияның болашақ тыңдаушылары үшін пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ерекшеленген түлектерге Академияны тәмамдау туралы дипломмен бірге «Үздік магистрлік жоба», «Үздік әлеуметтік жоба», «Академияның өміріне белсенді қатысқаны үшін», «Академияның әлеуметтік-мәдени өміріне қосқан үлесі үшін», «Халықаралық қатынастарға қосқан үлесі үшін», «Адамгершілік және волонтерлік қызметі үшін» сынды бірнеше аталымда мақтау қағаздары табыс етілді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне табыс, мансаптық өсу және зор жетістіктер тілейміз!