Мейірімді Мәкиза апа

Мейірімді Мәкиза апа

Мақала Дайырбайқызы Мәкиза апай туралы бола тұра тілге тиек, әңгімеге арқау болып отырған екі кісі арасындағы дәнекер бүгін жәдігерге айналған түсі сарғайған екі парақ қағаз. Хат мәтіні төрт бөліктен тұрады.

Біріншіден, «Құрметті інім, Мұхамеджан! Сыртыңнан тілек­тес ағаңнан сәлем ал» деп баста­лып, інісін құттықтайды, дәреже­сі­нің өсіп, құрметке бөлене беруіне тілек білдіреді.

Екіншіден, Сапар Байжанов ағайдың «Зейін творчествосы жөнінде кандидаттық қорғап, Зейіннің еңбегін терең зерттеп бағалағанын... естіп алғыстар ай­тып, ризалық етіп жатырмыз. Ауру себепті тыңдауға бара алма­дым» деп налығанын жасыр­майды.

Үшіншіден, «Сол Зейіннің қайтыс болғанына сегіз жылдан асып барады, осы күнге дейін басына бір белгі қойылмай... жыл сайын Мәкіжан бастап, балала­ры­ның бәрі басына барып бірне­ше рет жөндеп, тазалап, сыпырған болады, ол не болсын?! Бұл жөнінде Мәкіжаннан сұрап білер­сің... Осы мәселе жөнінде де адам белгілеп жол ашып беруіңді сұрар едім» деп өтініш айтады.

Төртіншіден, «Біздің хал-жағдайымызды мен айтпай-ақ сырты­мыздан сұрап біліп отырға­ныңды жақсы білеміз, естиміз. Ол адамгершілігіңе көп-көп рақмет... Менің сырқатқа ұшырағаныма бес жыл болды ғой, сырқатқа қосымша қарттық та көмектесетін сияқты, жолдасым ол да... жүріп-тұруға жарамсыз, қазіргі жағдайы­мыз бір Мәкіжанның қамқор­лы­ғына сүйеніп, азып-тозбай отыр­мыз, тамақ жеткізу, материал­дық, моральдық көмек жасау... барлы­ғы бір ғана Мәкіжанның мойнын­да болып отыр... Елден бұрын бізге, Зейінге келетіндер, қазір бәрі Мәкіжанға келеді. Тек тілей­ті­німіз – дені сау болса екен дей­міз және ол басқаларға жағдай айтып, көмек сұрауды да ар көреді. Оған бармайды, ұялады. Намыс көреді, шыдайды.

Ал қарағым, Мұхамеджан! Біз затымыздан ақ жүрек, ақ тілек адамдар едік. Жаратылысымызда бір адамға ықыласым түссе... ұзақ өмірлі бол. Сен бізге Зейініміз­дей­сің, біз тек осылай түсінеміз. Сондықтан қуаныш тілегімізді ішімізге сыйдыра алмай, осы хат арқылы хабарласып отырмыз, айып етпе.

Бәрімізге амандық болсын! Хош сау бол, қарағым, бізден келін­ге сәлем айт»

Сәлеммен ағаң Дайырбай, жеңгең Темкен

30.06.1974 ж.

 

Дайырбай ата хатын қамығып, жабырқап жазған. Себебін сырқат пен қарттыққа артады. Бұл – бүгінгі күні. Енді өткен күн емес-ау, жылдардың сырына үңіліп көрейікші.

Дайырбай атаның алтыншы атасы Бекше мерген, батыр адам болыпты, ал атасы Шәшке жанға да, малға да бай дәулетті кісі екен. Мұсылмандық парызын өтеуге Меккеге барғанда қайтыс болып, сол жақта жерленіпті. Шәшке қажы­ның жеті ұлының алтын­шы­сы­ның аты Әбіке де, кенжесі Күшік­бай есімді Әбікеден – Дайыр­бай ата, Күшікбайдан – Жүсіпбек, одан – Сағынбай, Зейін өрбиді. Қажы әкесінен қалған мал-мүлікке Әбіке ие болып, інісі Жүсіпбекті үйлендір­ген­нен кейін қалған мұраны оның қолына табыстайды. Ерте дүниеден өтеді.

Арабшаға жетік Жүсіпбек өз балалары Сағынбай мен Зейінді, аға баласы Дайырбайдың сауатын ашқызып, тәрбиелеген екен. Көз­дері ашық, көкіректері ояу келе­сі буын салынған «сүре жол­ды» сабақтастырып, бір-бірін демеп, олқылы-толқылы заманға аяқ басады.

Сол кезеңді Берік Жүсіп бы­лай түйіндейді: «Қырық жыл қыр­ғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Дайырбай Шаш­кин Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, ерекше ер­лік көрсетіп, Берлинге жетіп, ел­ге жеңіс байрағымен қайтты. Жеті жыл түрме, бес жыл соғыс – он үш жылға созылған жан аза­бы. Тозақ отына бергісіз сол күн­дерін өзі ойламауға тырыса­тын. Ойласа дәрмені құриды.

Соғыстан кейінгі сүреңсіз күн­дер. Қызылжарда бастық. Өзіне салса, осы жерде байласа да тұрғысы жоқ. Әр бұтасы таныс. Өткен күннің елесі көп. Солай болса да, айналшықтап кете алма­уына себеп бар. Бұл жерде Сағынбайдың сүйегі жатыр. Арты­на қарап, алаңдай беретіні сол.

...Қолынан келетін дәрмені жоқ. Тек бауырының қабіріне құран оқи береді. Онда да күндіз емес, түн қараңғысында барады. Содан соң Теміржан екеуі әбден солығын басқанша еңіреп жы­лай­ды... Итжеккенде жүрген Зейін­ге жыл қосылуы мүмкін. Осындай қара мұлғын ойлар тұмшалағанда ұзақ түн ұйқысыз өтеді. Сөйткен Дәкеңнің кеудесін көтеріп тірі жүргені ғана болмаса, нардай шөгіп, құр сүлдесі кетіп бара жататын...»

«Сағынбай ағам Қызылжарда балалар үйін ашқан еді» дейді апай. Оған сегіз жастан қабыл­дай­ды екен. Қайнысы Сағын­бай­дың ақылымен Мәкизаның тегін Теміржанова деп өзгертіп, екі жас қосып үлкейтіп куәлік алынады, алда не күтіп тұр дегендей. Заман тарылып, күнкөріс ауырлаған шақта анасы «Мен немере апа­сымын, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған қыз еді» деп, жетім балалар үйіне өз қолымен қызын тапсырады. Бұл қатігездік емес, сол уақытта жан сақтаудың бір амалы еді. Әрине, Мәкиза үшін алғашқы жылдар азап болды. Әке-шешесін, отбасын аңсады, сағынды, жылады, көнді, бұған да үйренді. Бала емес пе?... Мәкизаның тегінің өзгеруі бір бұл емес екен. Алда оған да жетеміз.

1931 жылы ағасы Сағынбай алғыр інісі Зейінді үкімет жолда­ма­сымен Мәскеуге оқуға жіберіп­ті. Қандай жандәрмендік... Сағын­бай Шашкин 1933 жылдың жазында өкпе сырқатынан отыз жасында көз жұмған.

«1948 жылы жадап-жүдеп Зейін де келді. «Көппен көрген ұлы той». /Алматы ақшамы, 31.05.2014ж./

«Кеше жұп жазбай жүрген жолдас-жоралар суға кеткендей жым-жылас болдық. Сол кеткен­нен хабар-ошарсыз араға он жеті жыл салып, Алматыға 1955 жылы оралыппыз. Ілініп салынып, біріміз ойдан, біріміз қырдан дегендей, қайтып келіп, қайтадан көрісетін болдық, сырласатын, мұңдасатын болдық. Олар Х.Есенжанов, З.Шашкин, Ө.Тұрманжанов, Х.Үзденбаев. Түк жазықсыз қамалған түрмеде, сұрапыл тергеуде бастан кешкен қорлығымызды айтысамыз. Сібірде, айдауда көрген азабымыз бен азарымызды еске аламыз. Бірақ қайғырмаймыз, қамық­пай­мыз. Аңсаған астанамыз Алма­тыға аман келіп, бас қосқаны­мыз­ға мәз болып, қанаттана, қай­­­раттана сөйлеміз. Сонда әсіре­­се Зейін мәселеге көбіне фило­­софиялық мән бере сөйлей­тін. «Қайрат, қажыр дейтін әсіресе қиындықта қажет» дегені есімде. Көрші болған соңғы он бір жыл­дың ішінде З.Шашкин үздіксіз ауруына қарамай твор­чествода ғажап қайсарлық танытты. Көз алдымызда тынбай еңбек етіп, үш повесть, төрт роман жазып үлгер­ді, пьесалар қойды, аудармалар жасады. Абай поэзиясымен айна­лысты... Арасына екі жыл салмай, «Доктор Дарханов» рома­ны қолға тиді, қолтаңбасын оқысам «Асқар белім, ақылшым Мұқаңа, ізгі ниетпен алдыңа тартам. Зейін. 05.01.1963ж., Алматы қаласы» депті.

«Зерделі Зейін тағдыр зоба­ла­ңы­на мойымай, сынбай азамат­тық бейнесін сақтай біліп, хал­қы­на асыл мұра қалдырды» деп жазып­ты академик   М.Қаратаев «Зер­делі зергер» атты естелігінде.

«Бір күні Қызылжардан Да­йыр­­бай ағасы келді. Қайта­рында: «Зейінжан, қартайдым әрі қажы­дым. Маған Сағынбай шырақтың әруағы разы шығар. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен. Енді мені Алматыға, қасыңа көшіріп ал. Қанша өмір қалды дейсің. Ең болмаса, қалған күндерімізді бірге өткізейік» деп айтады.

Сол жылы Дайрекең Алатау­дың бөктеріне қоныстанды...»

Мына хат Алатаудың бөктері­нен жазылып отыр. Хат соңында «жеңгең Темкен деген тіркес бар. Ол кім екен?» деген сұрақ туады.

«Темкен-Теміржан – Шорман әулетінен шыққан Қозғанбай байдың қызы, Жарылғапбердінің туған қарындасы, Дайырбай ата­ның зайыбы, Мәкиза – Мәкі­жан­ның анасы, аяғының ауырлығына қара­мастан, сахнаға шығып, қа­зақ пен татардың ойнақы әнде­рін гармонмен сүйемелдеп құйқыл­жы­тып шырқағанда, тыңдаған жұрттың сүйсінбеске амалы қалмайды екен. Мәкиза апамыз ана құрсағында жатып, сахна төріне шығыпты, өнерге құштар­лы­ғы емшек сүтімен дарыған болар... Ал есейгендегі арманы кәсіби сахнагер болу еді» деп есіне алатын апай. Өмірдің өзі үлкен сахна ...

«Қиын-қыстау шақта Мәки­заға қол ұшын созған адамның бірі Қазақ Совет энцикло­педиясының бас редакторы, М.Қаратаев еді. Зейін Шашкинмен түрме нанын бөліскен қанды көйлек дос қарын­дасын жұмысқа алғаннан кейінгі айтқаны: «Айналайын, сен де аз қиындық көрген жоқ­сың. Арғы аталарың Шәшке қажы дінге құлай берілген Құдай жолындағы жан еді. Кешегі аласапыранда солардың атынан бездік. Сен енді өз тегіңді Райым­құлова – Шашки­на деп жаздыр. Ең болмаса рухы разы болсын!»...

«Мұхамеджан Қаратаевтың жетек­­шілігімен жұмысты баста­ған­дары, тынбай еңбек еткендері, ол кездегі жұмысқа деген жауап­кер­шілік, осының бәрін еске түсіріп отырып, соңында Мұха­мед­жан Қаратаев еңбегіне сай құр­мет көре алмады деп сол кездегі басшылыққа ашулана­тын.» /Қ.Ә. 08.07.16ж./

Бұл жәйтті маған да айтқан еді. Осы тұста апайдың айтқан бір әңгімесі есіме келеді. «Райым­құлова болу себебім, Ақтотым жалғыз аталмасын дегенім еді. Ал Шашкинаны Мұхаң аға қосты. Енді энциклопедияда қойылатын талап қысқа-нұсқа, жатық, әр әріптің орны санаулы, менің тегім болса ұзақ, шұбалаңқы. «Әй, қайран ағатайым, сонда Шашкина деген жазуды көріп, көзі де, көңілі де толатынын байқайтынмын» дейді апай.

1995 жылы жаз шыға қайын атам Мұхамеджан Қаратаев бақи­лық болды. Атамен қоштасу Ғалымдар үйінде өтетіні белгі­лен­ді. Мен сыртта тұр едім, егде тартқан апай егіле жылап ішке кірді де, сәлден кейін сол егілген қалпы қайта шықты. Маған бұл кісі кім болды екен деген ой келді. Кейінірек атаның күнделігінен /соңғы жылдары жазған/ үзінді кел­тірген мақалам шықты. Мәки­за апай оқыған, енді келіп «қай­ран ағатайым-ай, қиналған екен­сің, мен неге көңіліңді сұрап барма­дым» деп өзін жазғырып жылады...

Жаны нәзік, тілі майда, «Баяна­уылдың ақ қызы» атанған Мәкиза апай үйімізде болды, батасын берді. Мирас екеумізді дастарқанынан қалдырған жоқ. Отырған жерінде ән айтылады, тұрған бойы позитив. Апайдың мерейтойы өткеннен кейін Ғайни абысыным екеуміз үйіне бардық. Асықпай отырып апайдың әңгі­ме­сін тыңдадық. Сол арада баяғы бұдан сексен екі жыл бұрын жал­ған қосылған екі жылды ұмытпай есіне алып бір қойды. Соған қара­ғанда, Мәкиза апай тоқсанды мойындағысы келмей ме, әлде әзілі ме, апайдың жүзіне күлім­сі­рей қараймын.

«Келгендерің жақсы болды, екеуіңнің жұптарыңды жазбай бірге жүргендерің маған өте ұнай­ды» деп, сырттай қамқорлы­ғын білдіргені де есімде.

Жылдар өтіп жатты, Мәкиза апай да мәңгілік өмірге аттанды. Апайдың қырқына барғанымда, Ақтоты Рахметоллақызына Дайыр­­бай атасының тізген мон­шақтай қолтаңбасын, хатын көрсеттім. Бір-екі минутқа маған сөз беруін өтінгенімде «хатты ма­ған бересіз бе?» деді. Алдымен баспасөз бетіне жариялайын, сосын көшірмесін берейін» деп, уәде еткен едім. Сол себепті бұл мақа­ла мойнымдағы қарызбен пара-пар.  

«Басынан небір қиын күндерді өткерсе де, үгітіліп кетпеді. Өмір­дің бақытты, нұрлы шақтарында да, асып-таспады. Қашан көрсең де сұлу, көркем қалпын жоғалт­пай, «жазушы жары» деген атты лайық алып жүрген жанның бірі – Мәкиза Дайырбайқызы дер едім» деп, Зайда апай Бекхожина Мәкиза анамыздың тектілігін ай­тып, ұрпағына ғұмыр тілеп, салты­мыздың дәстүрлі жоқтауын бүгінгі күнмен сабақтастырып «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала берген екен. Қандай жарасымды...

Мен естелігімді осылай аяқ­тау­ды жөн көрдім.

 

Жәмила ҚАРАТАЕВА