Кеңестік замандағы ең үлкен сыйлық – Ленин сыйлығы. КСРО-дағы ғылым, техника, әдебиет, өнер мен архитектура салалары бойынша ірі жетістікке жеткен азаматтарды ынталандырудың ең жоғарғы формасы.
В.Ленин атындағы сыйлық 1925 жылғы 23 маусымда Бүкілодақтық коммунистік партиясы Орталық комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің қаулысы бойынша белгіленген. Бастапқыда тек ғылыми еңбектерге берілді. 1935-1957 жылдар аралығында ешкімге сыйлық берілмеген екен. 1941-1952 жылдар арасында тек үш дәрежелі Сталин сыйлығы тапсырылып отырған.
КПСС Орталық комитеті мен КСРО министрлер кеңесі 1956 жылғы 15 тамызда В.Ленин атындағы сыйлықты қайтадан орнықтырып, мұны жыл сайын Лениннің туған күні – 22 сәуірде тапсыруға шешім қабылдайды. 1957 жылы халық шаруашылығына, технологиялық процестерге енгізілген көрнекті ғылыми еңбектерге, архитектуралық және техникалық құрылыстар мен өнертапқыштыққа, сондай-ақ әдебиет пен өнер саласындағы озық туындыларға Ленин сыйлығы берілді. 1960 жылы журналистика мен публицистика саласы бойынша Ленин сыйлығы белгіленді.
Сол жылдан бастап жыл сайын Лениннің туған күніне орай аталған сыйлық беріле бастады. Он жылдан соң, яғни 1967 жылы бұл ереже 2 жылда бір рет, жұп жылдары берілетін болып өзгерді. Осы тұста «жасырын» немесе «құпия» сыйлықтар берілген көрінеді. Бұл, әсіресе, елдің қорғаныс саласындағы жұмыстарға тікелей қатысты болды. Тіпті Ленин сыйлығының берілгендігі туралы қаулы да құпия қалпында сақталып, қаулы жарияланбады. «2 жылда бір рет» деген талап жасырын сыйлықтарға келгенде сақталмай да жатты... Мұны Ленин сыйлығы лауреаттарының тізімінен анық көруге болады.
Бастапқы кезеңде 42 сыйлық тапсырылыпты. 1961 жылдан бастап жыл сайын 76 сыйлыққа дейін беруге болатыны туралы ереже қабылданған. Негізінен, сыйлықтың көбісі ғылым мен техника саласындағы жетістіктер үшін берілген. 1967 жылы сыйлық саны 30-ға түсірілген. Лауреаттарға арнайы диплом, кеудеге тағатын алтын медаль мен ақшалай сыйлық беріліп келген екен. Сыйлықтың құны 7 500 сом көлемінде белгіленген. 1961 жылдан бастап жүлде қоры 10 000 сомға дейін көтерілді.
1956-1967 жылдар аралығында Ленин сыйлығы бірден-бір ең жоғары марапат саналды, сондықтан да бұл сыйлықты иеленгендердің дәрежесі өте жоғары болды. 1967 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы белгіленді, оның дәрежесі Ленин сыйлығынан төмендеу болды. Мемлекеттік сыйлық алғандар Ленин сыйлығына ұсынылмайтын. Бір еңбекті екі сыйлыққа қатар ұсынуға да рұқсат етілмеді. Сыйлықты бір рет алғандар қайта ұсынылмайтын қатаң ереже де бар еді.
Уикипедияда Ленин сыйлығын алған адамдардың тізімі бар. Бірақ «бұл тізім толық емес» деп те көрсетілген. Соған қарағанда «жасырын» немесе «құпия» сыйлық иелері әлі күнге дейін жабық қалпында тұрған болуы керек...
Қазақтан Ленин сыйлығын алған адам – заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Мұхаңның «Абай жолы» роман-эпопеясы – әлемдік деңгейде кеңінен танылған бірден-бір туынды. Луи Арагон бұл еңбекке «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деген жоғары баға берген болатын. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды.
1951-1954 жылдары Мұхтар Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан қыспаққа алынып, 1953 жылы сәуір айында Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болды. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын толық аяқтады. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы 1949 жылы берілді. Төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін 1959 жылы Ленин сыйлығының лауреаты атанды.
Әуезов сыйлық алған 1959 жылы Александр Довженко, Мәскеудегі Маяковсийдің ескерткішін жасаған Александар Кибальников, драматург Николай Погодин, Ленин образын сахнада сомдаған Борис Смирнов пен Максим Штраух, әйгілі «Подмосковные вечера» әнінің авторы Василий Соловьев-Седой, «Спартак» балеті үшін композитор Арам Хачатурян да лауреат атанған болатын.
Содан кейін қазақтардан Ленин сыйлығына академик Қаныш Сәтпаев, Шахмардан Есенов ие болды.
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей, кезінде Леонид Брежневтің де әдебиет номинациясы бойынша Ленин сыйлығын алғанын білеміз.
Қазақ мұнайшылары арасынан бұл сыйлыққа Халел Өзбекғалиев деген кісі ие болған. Басқа қазақты білмейтін едік. Сөйтсек, сыйлықты «жасырын түрде» алған қазақ та бар екен. Кеңестік кезеңде оның есімін ешкім білген жоқ. Ол – Халел Әубәкіров. Осындай мықты қазақтың аты-жөні еш жерде аталған емес. Жоғарыда атап кеткеніміздей, Ленин сыйлығы оған жасырын, яғни құпия түрде тапсырылған. Халел Батталұлының өзі журналист Ермек Зәңгіровке берген сұхбатында: «Мені сол кездегі саяси орта жасырып ұстауға мүдделі болды. Уран өндірісі қашанда стратегиялық маңызы бар шикізат ретінде өте құпия сақталғаны белгілі. Міне, 1953 жылдан басталған бар саналы өмірім осы саламен тығыз байланыста болды. 1953 жылы Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы Геология институтына оқуға түсіп, оның арнаулы курсын 1959 жылы бітіріп шықтым. Арнаулы курс дейтінім, бұл топта белгілі тексерістен өткен санаулы студенттер ғана оқыдық. Бұл топ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ерекше бақылауында болды. Маған дейінгіні білмедім, сол кезде қазақтардан осы топты жалғыз өзім бітіріп шыққаным аян. Содан бергі қызмет жолым Волхов геология барлау экспедициясымен байланысты болды. 1978 жылы КПСС Орталық Комитетінің және КСРО Министрлер Кеңесінің жабық қаулысымен маған «Геологиялық жаңа концепцияны дайындағаным үшін» Ленин сыйлығы берілді. Сыйлық жабық күйінде құпия жағдайда тапсырылды. Өйткені сол күні бұл сыйлық менімен бірге елімізде стратегиялық маңызы бар әскери кешендер мен электронды және атомдық су кемелерін ойлап шығарған бір топ конструкторларға да тапсырылған болатын. Марапаттау салтанаты теледидарға түсірілмеді, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталмады. Тіпті бұл сыйлықты не үшін алғанымыз жөнінде және өзінің осы сыйлықтың иегері екені турасында айтпау керегі қатаң ескертілді. Бұл жөнінде қолхат та бердік. Жалпы, бұл жоғары атақ менің Оңтүстік Қазақстан өңірінен уран рудасын жаңа тәжірибемен игерудегі еңбегіме берілген-ді», – деп сыйлықты қалай алғаны жөнінде жан баласына ашпай келе жатқан сырын ашқан екен.
Оңтүстік Қазақстан демекші, біздің жақта – менің туған жерім Шиелі мен көршілес Жаңақорған ауданы, сондай-ақ Созақ өңірі уран өндірісінің өлкесіне айналған. Кеңес заманында жергілікті уранды сорып алғаннан кейін оны өңдеуге Өзбекстанға таситын. Бұл өндіріс, шынында, құпия ұсталып келді. Кен орындарының атауы да құпияға толы шартты атаулармен аталатын. Өткен ғасырдың 90 жылдарының басында уран өндірісі реакторлардың қажетінен асып кеткен болатын. Осыдан барып уранның үлкен қоры жасалған еді. Демилитаризация және конверсия бастау алғанда уранның жиналған қоры атом энергетикасының қажеттілігіне белсенді қолданыла бастады. Осыдан уран өндіру төмендей бастады да, оның бағасы өндірісті ынталандырмады. Алайда 2000 жылдың ортасында жағдай өзгерді де, уран нарығы қайта жанданды. Елімізде уран өндірісін жолға қойған азамат – Мұхтар Жәкішев. Жәкішевтің шебер ұйымдастыруының нәтижесінде уран бағасы қайта өсіп, Қазақстанға инвестиция құйыла бастады.
Қазіргі таңда Канада, Африкада ірі уран кен орындары ашылды. Көптеген әлемдік компания бір кезде ашылып, кейін тоқтап қалған жобаларды қайтадан іске қоса бастады. Жапонияның Фукусима қаласындағы АЭС-та болған апаттан кейін әлемдік атом энергетикасы аздап тұралап қалғаны рас. Бірқатар реактор жабылып қалды, ал энергетикалық компаниялар өздерінің қоймадағы қорларын сатып жіберді. Бұл шикізатқа деген сұраныс балансы мен ұсыныста байқалды. Уран бағасы бір фунт үшін 72 доллардан 17-20 долларға дейін түсіп кетті. Алайда қазіргі уақытта бұл сала бірте-бірте қалпына келіп жатыр.
Қазақстан уран қоры жағынан әлемде екінші орын алады. Қазіргі таңда уран қоры бойынша Австрия көш бастап тұр, екінші орынға Қазақстан, одан кейін Ресей мен Канада орналасқан. Әлем бойынша өндірілген барлық уранның 40 пайызы Қазақстанға тиесілі.
1992 жылға дейін Қазақстанда уран өндіру мәселесі өте құпия сақталып келді. Халел Әубәкіров – уран өндірісі бойынша үлкен концепция жасаған азамат. Сол еңбегі үшін Ленин сыйлығын алған. «КСРО кезінде бұл концепция Ленин сыйлығын алса да, жариялануға жатпады. Ол тек Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін ғана жарияланды. Осыдан кейін бұл концепцияға қызығушылар табыла бастады. Кейін елімізге қытайлық ураншы-геологтар келіп концепциямен танысты. Мен оларға бірнеше лекция оқыдым. Осыдан кейін олар мені Пекинге шақырып, тағы да лекция оқуымды сұрады. Алайда олар менің қағидаларыма бой ұрмай, бұрынғы теория бойынша жүздеген скважина бұрғылап, ешбір нәтижеге қол жеткізе алмады. 2000 жылы қыркүйек-қазан айларында мен Қытай елінде тағы болдым. Олар бұл жолы менің концепциям бойынша үш скважина бұрғылап, соның біреуінен уран рудасын тапты», – деген Әубәкіров сөзінен уран өндірісіне Қытай елінің қалай ынта қойғанын аңғаруға болады.
– Мұхаңның «Абай жолы» роман-эпопеясы – әлемдік деңгейде кеңінен танылған бірден-бір туынды. Луи Арагон бұл еңбекке «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деген жоғары баға берген болатын. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда әлемнің екі елі ғана уран өнеркәсібіне инвестиция салуда. Ол – Қытай мен Канада. Қытай инвестицияның 90 пайызын басқа елдерге салып отыр. 2008 жылдан бастап Қытайдың өндірген уран қоры 130 мың тонна болған. Қытай уран бағасының арзан болып тұрған кезін тиімді пайдаланды.
Халел Әубәкіровке Қытай Халық Республикасының шетелдік мамандарға берілетін ең жоғарғы ордені тапсырылған. Бұл орденмен әлемнің 17 елінен 50-ақ адам марапатталған болса, соның арасында Халел Батталұлындай қазақ баласының болуы нағыз мақтаныш емес пе?!..
Ресми мәліметке сүйенер болсақ, нарық жағдайының өзгеруіне қарамастан, әлем бойынша уран өндіру артып келеді. 2016 жылы өндіріс көлемі соңғы 23 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, 62 мың тонна болған. Әлемдегі барланған уран көлемі 2015 жылдың басында 7,6 млн тонна болған. Ал уран өндіруді бастағаннан бері 2,5 млн тонна уран өндірілген. Уранды қолдана бастағаннан бергі уақытта әлем бойынша мыңдаған кен орындары ашылғаны белгілі. Алайда 1940 жылдан бастап бұл процесс баяулаған. Сарапшылар болса кен орындарын ашу дәуірінің аяқталғанын айтады. Жаңа кен орнын табу – қымбат тұрады. Орташа кен орнына жоқ дегенде 50 миллион доллар қажет. Бірақ инвестицияның көлемі шикізат бағасына байланысты болады.
Халел Әубәкіров жасаған тұжырымдаманың бірден айы оңынан туып кетті дей алмаймыз. «Менің үстімнен әрқилы хаттар да жазылды. Бірақ мен өз қағидаларымды дәлелдеуден тынбадым. Ақыры теория мен практиканың қабыспайтынын нақты тәжірибемен көрсетіп бердім. 1972-1976 жылдардағы біздің мазасыз ізденуіміздің соңы бірнеше уран рудаларының нақты аймағын ашуымызға әкеліп соқты. Әрине, бұл Мәскеу, Ленинград ғылыми орталықтарының қарсылықтарына қарамастан жасалған тәжірибелер еді. Міне, осы кезден бастап, ескі тұжырымдамамен жұмыс істеуге болмайтынын айтып келемін. Жалпы, уран рудасы жаралуының экзогендік теориясы негіздерінің қате екені дәлелденіп отыр. «Уран рудасының гидротермальдық процестермен жаралғаны және платформалық шөгінділердегі гидрогенді кен орындарының жаралу механизмі туралы» ең алғаш тұжырымдама жасағанымды мақтан етемін. Ал ескі қағидамен жұмыс істеу, ол әлі күнге дейін сақталған», – деген ғалымның пікіріне құлақ аса бермейтіндер де көп екен. Әсіресе, өз елімізде. Бір Әубәкіров тұжырымдамасы әлемнің көптеген елін қызықтырған. 2000 жылы Бразилияда өткен геологиялық конгресте Қазақстан ғалымының жаңалығына қызығушылар көп болған. АҚШ, Түркия, Бразилия елдері де қазақстандық ғалымның концепциясына жоғары ынта білдірген көрінеді.
Ресми құжаттар мен Уикипедия сияқты мәліметтер базасынан Халел Әубәкіров жөнінде мардымды дерек таба алмайсыз. Өйткені бәрі де «жасырын қаулыға» байланысты. Халел Батталұлы 1935 жылы Омбы облысында дүниеге келген екен. Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы орыс мектебін күміс медальмен бітіріп, 1953 жылы Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы Геология институтына оқуға түседі. Содан кейін таңдаған мамандығы бойынша жасаған жұмыстары мен ғылыми ізденістері құпия санатына жатқызылуына байланысты Ленин сыйлығын алғаны туралы дерек те бертінге дейін жасырылып келген.
1978 жылы Ленин сыйлығын алған азаматтардың тізімі бар. Ғылым мен техника саласы бойынша космостық зерттеулер жасағаны үшін Виктор Овчинников, оптика мен оны қолдану циклы үшін Владилен Летохов, Вениамин Чеботаев, сондай-ақ Владимир Платонов, Борис Арбузов, Юрий Овчинников тәрізді кеңестік ірі ғалымдардың есімдерін кездестіре аласыз. Ал бұл тізімнен қазақ Халел Әубәкіровтің аты-жөнін ұшырату мүмкін емес.
Әубәкіров еңбектері қазіргі таңда өзектілігі мен маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе, уран өндірісін жандандыру, атом-электр стансаларын салу деген өзекті мәселелерді ешкім де айналып кете алмайды. Көптеген сарапшы болашақта уранға тұрақты сұраныс болады деп болжам жасап жатыр. 2017 жылғы әлемдік атом энергетикасының базалық сценариіне сәйкес, 2030 жылға қарай атом реакторларының уранға деген сұранысы 20 пайызға өседі, яғни қазіргі 63 мың тоннадан 88 мың тоннаға жетеді. Алдағы жеті жылда әлем бойынша жаңа 50 АЭС іске қосылады. Бір ғана 2015 және 2016 жыл аралығында, яғни бір жылдың ішінде көршілес Қытайда он шақты АЭС іске қосылған. Олардың саны жыл сайын өседі, бұл уранға деген сұранысты арттыратыны белгілі.
Уранға деген сұраныс артқан кезде қазір жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндіру 20 пайызға қысқарады. Ал жаңа кен орындары уранға деген сұранысты қанағаттандыра алмайды, бұл шикізат тапшылығына әкеледі. «2030 жылға қарай уранның жетіспеушілігі жылына 18 мың тоннаға дейін, ал агрессивті сценарийде бұл тапшылық жылына 48 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін», – деген де болжам бар. Осы орайда әлемдік уран өндірісі атом энергетикасының артып келе жатқан қажетін қамтамасыз ете ала ма деген сұрақ туындауы мүмкін...
Сонымен, Ленин сыйлығын алған қанша қазақ бар? Әуезов, Сәтпаев, Есенов, Өзбекғалиев, Әубәкіров...
Бәлкім, біз білмейтін тағы басқа қазақ бар шығар?!.