Баяғыдааа бір бояушы болыпты. Есікті де, тесікті де бояғанда, керемет бояп қояды екен. Бірде оған көршісі:
– Сен керемет бояушысың! Бояп жатқанда, қолдарың билеп жатқандай, немесе, дәәу қамырды илкеп жатқандай! – деп еді, мәз болған бояушы оның да дарбазасын бояп тастады.
– Ғажап адамсың! Ғаламатсың! Бояуды керемет түсінесің! Бояулар сенің сырласыңдай! – деді тағы бір көршісі.
– Жоқ, бояулар менің қатындарымдай! – деп мәз болды бояушы көкеміз. Сол күні ол көршісінің дарбазаларын тегін бояп тастады. Қатты берілгені соншалық, жолдың жиегін де бояп қойды, Ол аздай, құдайыға келген қонақтардың туфлилерін де бояп жатты.
– Не істеп жатырсың? – деп ашуланда үй иесі.
– Бояп жатырмын.
– Сен кімсің өзі?
– Бояушымын!
– Қонақтардың туфлилері мен гәлоштерін бояғаның, қай сасқаның? Ұят болды ғой? – деген үй иесі оны қуып шықты. Кеудесінен итерді. Соның өзінде бояушы оның бетін бояп үлгерді... Енді ол бетін бензинмен жумаса, кете қояр ма екен?
Бояушы ойланып қалды. Не істесе екен? Бояушы ғой? Бір ақ сақалды кісі кетіп бара жатыр екен, жанына жетіп келді.
– Кешіріңіз, сақалыңыз өзіңіздікі ме?
– Жоқ, кемпірімдікі.. – деп қырсықты анау.
– Сақалыңызды бояп берсем болады ма?
– Боялған сақал оңады ма?
– Бояй салайыншы?
– Жындысың ба?
– Жоқ.
– Бәлоқ!
Ол кете берген еді, дайындап қойған көк бояуымен оның сақалын бояй бастады. Анау қашты. Бұл қуып жүріп бояп қойды.
– Е, енді міне, көк сақал болдыңыз, ақсақал, – деп мәз болды бояушы.
– Мен сені сотқа беремін!
– Сотты да бояп тастаймын!
– Прокурорға арыз жазамын!
– Прокурорды да бояп тастаймын!
– Астанаға арыз жазам!
– Астананы да бояп тастаймын!
– Бояушы бояушы дегенге... Бояғыш болсаң, өз сақалыңды боя!
Сол екен, бояушы көкем ойланып қалды. Иегін ұстады. Жоқ, болмайды, сақал өсіру керек! Үйіне барып, шалқасынан жатты. Иегін сипалап қойып. Қырынбап еді, ертеңіне қарайды. Бір апта жатты. Бір айда сақалы қаулап өсіп шыға келді. Қап-қара сақал! Қуанғаны соншалық, айнадан өзін көріп, жымиып қойды. Сосын, ақ сырды алды да, ал келіп, сақалын боясын! Бояушы ғой?! «Бояушы, бояушы дегенге өз сақалын бояпты» деген осындайдан шықса керек. Біздің атқа мінерлер де сол бояушы сияқты. Бір істі қолға алса, қиялдарына қияр өсіп, әрі қарай дамытып, далитып, далақтатып жібереді ғой! Мәселен, Тараздағы мектепте болған оқиғаны білесіздер. Дәретханада оқушы бүлдіршінді зорлаған маньякты айтамыз. Сол екен, мектептерде бейне бақылаулар көбейді. Құптаймыз! Дұрыс-ақ! Мектеп айналасында, кіре беріс есік маңайларында болғанын құптаймыз. Ал, әжетханалардың ішінде, тіпі қыздар жуынатын бөлмелерде бейне бақылау болса, оны мектеп басшылығы кабинетінде керіліп отырып, бақылап отырса, бұған не дейміз? Он сегіз жасқа дейінгі қыздар да әжетханада... Ұят емес пе? Масқара ғой? Ал, Павлодар облысының прокуратурасы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленушілердің конституциялық құқығының бұзылғанын анықтады. Сөйтсек, Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы бұйрығымен орнатылған екен, бұл бейне камералар! Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатқанұлы былай ақталады: «Қазақстандағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көрген қорлығы, соның ішінде сексуальдық зорлық-зомбылық фактілерінен жаның түршігеді. Сондықтан да, мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға барлық жабық мекемелерде камералар орнату мәселесін ұсындым. Тіпті, жуыну бөлмелері мен әжетханада, жатын бөлмелерінде де камера болуын қаладым». Прокурорлар тексерісінен кейін бақылау камералары алынып тасталды. Бірақ Дінислам Болатханұлы өз ұстанымын «уқалап» отыр... Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс?