БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде дүмпу болғанымен, нәтиже жоқ. Журналистика факультетіндегі жүйе де сол қалпы. Әмбебап журналист даярлаудың әуресі. Ал салалық журналистиканың артықшылығы қандай? Ол қоғам дамуында алғышарт бола ала ма? Ербол АЗАНБЕК,қоғаммен байланыс маманы,«Іскерлік журналистика мектебі»,«Іскерлік журналистика» көмекші құралыжобасының жетекшісі:
– Интернет пайда болғалы ақпарат таратушы да, тұтыну көлемі, дәстүрлі БАҚ-қа бәсекелес көбейді. Қазір қазақ аудиториясының басым бөлігі дәстүрлі медиадан теледидар көреді, негізінен Instagram мен Youtube-та отырады, WhatsApp арқылы келетін «контентті» тұтынады. Негізгі тақырып көңіл көтеру, түрлі тақырыптағы өсектің маңайында екені жасырын емес.
Бұл қоғамдық деңгейге кері әсер етіп отырған сияқты. Сапасыз «контентті» жиі тұтынудың кесірінен сауатты ақпаратты дұрыс қабылдауда мәселе бар. Мұны бізге өткенде 42 500 теңге мәселесі көрсетті.
Қазір БАҚ әлеуметтік желідегі сапасыз контенттен «жеңіліп» қалған сияқты көрінеді. Кейбір БАҚ, әсіресе интернет ресурстар амалсыз сол деңгейге түсіп, сапасыз ақпарат таратуға мәжбүр.
Бірақ қоғамның сапасыз контент, сары тақырыптан жадай бастағаны да байқалады. Жақында пайда болған «шегіртке» дауы, тойды азайтайық дегеннің өзі осыны көрсетеді. Бұған тек тойдың жиі болуы ғана емес, той+шоу бизнес туралы сапасыз контенттің көптігі де әсер етіп отыр. Өсек немесе шала ақпараттан сауат артпайды, зияны көбірек. Мысалы, белгілі бір әншінің үшінші рет тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат адамға не береді? Одан айлық табысы арта ма, несиесі жабыла ма?
Адамға ақпарат сапалы өмір сүру, шешім қабылдау үшін маңызды. Қазір көп адам айлық табысын арттырып, қосымша табыс тапқысы келеді. Бизнес бастағысы келген, табысын арттырғысы келетін, сол бағытта қазақша ақпарат іздейтін адам көп. Бірақ ақпарат жетпейді, БАҚ тұрақты көтермейді, көтерсе де аз немесе түсінікті тілде емес. Нәтижесінде, адамдар қазір түрлі коучтардың дәрісіне қатысып, блогерлердің инстаграм парақшасын оқып кетті. Олар сапалы ма, пайдалы ма? Нақты айту қиын.
Өкінішке қарай, бізде бұл бағыттағы салалық БАҚ, контент аз. Бір мысал: Мемлекет бизнес бастауға мүмкіндік жасап жатыр ма? Иә. Бірақ ол өте баяу, ауыр жүзеге асып жатыр ма? Иә. Кейде қоғамға түсініксіз бе? Ол да бар. Мұның бір себебі қоғамға бизнес туралы ақпарат жетпейді. Жақында мемлекет көтерме тарату орталықтарын құру жобасын ұсынды. Осы туралы пікір алмақ болып, елуге жуық фермерге хабарластық. Тек екеуі ғана білетін болып шықты.
Бізде қаржы саласы, бизнес туралы ақпарат көбіне обьективті тарамайды. Тараса да аз. Көбіне орысша. Нәтижесінде, қоғамда бизнеске, қаржы жүйесіне сенім аз. Несие құрал емес, проблема ретінде қабылданады, бірақ табысы аз болғандықтан, амалсыз алады. Алып тұрып көбі тәуекелді бағамдамайды. Нәтижесінде, оқырманда сала туралы дұрыс түсінік қалыптаспайды. Адам белгілі бір тақырыпта тұрақты, сауатты, обьективті ақпарат алып отырса, дұрыс шешім қабылдай алады. Қарапайым жұмыс істеп жүріп, қаражатын дұрыс жинап, тиімді бағдарламаларды пайдаланып, үш пәтер алған адамдар бар.
Қазір ақпарат, «бәсекелес» көп кезеңде журналистиканың деңгейін көтеру маңызды. Оның бір жолы – салалық журналистиканы, оның ішінде қоғамға қажетті тақырыптарды ұсынатын БАҚ-ты дамыту. Оның басы маман даярлаудан басталғаны жөн. Журналистік білім беретін оқу орындарындағы пәндер бүгінгі талапқа бейімделсе. Компаниялармен ортақ жобалар жасап, маман даярлауда серіктестік орнатса. Өкінішке қарай, бұл жағынан өте баяумыз.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, Мінбер журналистерді қолдауорталығының жетекшісі:
– Жалпы, журналистика салалық бағыттардан тұруы керек. Өкінішке қарай, біздегі университеттегі журналистика факультетінде басым бағытқа, бір салаға бейімдеп оқыту жағы ақсап тұр. Осы күнге дейін жол қойылған жоқ. Сол себепті қазір журналистика саласында экономика, құқық, саясат, тіпті мәдениет тақырыбының өзін жілігін шағып жазатын адамдар өте аз. Бәрі бетін қалқып жазады. Ары қарай тереңдеп бара алмайды. Өйткені дәл осы саладағы білімі жеткілікті емес. Әртүрлі салада дамыған журналистика болуы керек.
Негізі, біз мынадай идея ұсынғанбыз. 2,3-курста оқып жүрген экономика, құқық факультеті немесе басқа сала студенттеріне журналистикадан эликтивті курста оқытуды қолға алсақ. Әрине, жазуға бейімі бар студентті топтастырып, оның үстіне қызығушылығы болса, жақсы маман етіп шығаруға болады. Негізгі журналистиканы оқитын студенттер 4 жыл оқи берсін. Осындай бағытта оқитын студенттерге 2 жыл курс ұсынсақ жөн болар еді.
Салалық журналистиканың басым бағыты көп. Интернет журналистика жақсы дамып жатыр. Мәселен, IT саласында оқыған журналистен визуалдар, инфографиканы, интернет графиканы жақсы жасайтын маман шығар еді.
Салалық журналистикаға қатысты медиа тренинг ұйымдастыру жағына келсек, оқыту бағдарламасын дайындап, презентация жасап, оқығысы келетін студенттерді топтастырып оқыту көбірек тиімді болар еді.
Салалық журналистиканы сол саланы індетіп жазатындықтан ғылыми журналистика деп те атайды. Шетелде бір саланы оқимын десең, қазып оқытады. Сол саланы тереңдеп жазуға бейімделесіз. Осы орайда бір танысымның айтқаны есіме түсіп отыр. Англияда құқықтық журналистикада оқитын студенттерді бірнеше жыл бұрынғы сот хаттамаларын қарауға жібереді екен. Архивті бірнеше мәрте ақтаратын көрінеді. Сол арқылы олар алда өтетін сот отырыстарына қатысып, талдап жаза алатын деңгейге жетеді деп топшылайтын көрінеді.
Бердібек ХАБАЙ,С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалықуниверситетінің баспасөз хатшысы:
– Осыдан 3 жыл бұрын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде халықаралық конференция өтті. Сол жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен ауыл шаруашылығы саласының кіл мықтылары мен алпауыт компания басшылары, ғалымдар жиналды. Тіпті, шетелдік ақпарат құралдары саласынан да өкілдер бар. ҚазАТУ-да баспасөз хатшысы болғандықтан, жанымда топтанып журналистердің жүретіні бар. Германиядан келдік деген екі жігіттің бір басылымнан екенін білдім. Алғашында біреуін біздің түсінігіміздегідей фото тілші, келесісін журналист деп ұқтым. Бірақ олай болмай шықты. Екеуі де журналист екен. Таңғалдым. Ойым мазалай бергеннен кейін, аудармашы арқылы «Неге бір басылымнен екі бірдей журналист келдіңіздер?» деп сұрадым. Сөйтсем, олар менің бұл сұрағыма таңданып тұр.
Енді қараңыз, әлгі журналистердің біріншісі ауыл шаруашылығының тек техника саласын жазатын болса, келесі журналист бірыңғай өсімдік шаруашылығын қаузайды екен. Міне, салалық журналистиканың мүмкіндігі. Бізде неге бұлай емес? Өзім де кезінде қолыма микрафон ұстап тілші болдым. Таңертең театр, түсте ауруханада, кешке егіс даласында жүрдім. Ол уақытта журналист деген осылай болуы керек деп ойлайтын едім. Қазір ол ойымды мүлде өзгерттім. Нағыз журналист бір ғана салада машықтануы керек. Бұл – бүгінгі талап, заман талабы.
Қарап отырсам, жыл сайын елдегі ЖОО-лар мыңнан астам журналистерді даярлап шығарады. Әлгі түлектер сонда қай сала бойынша бағыт алмақ? Ол жағына да бас қатырмайды екенбіз. Қолына дипломын береміз де шығарып жібереміз, болды. Ал ол нағыз маман ретінде қауқарлы ма, жоқ па? Хабарымыз жоқ. Мәселе – осы жерде.
Иә, ЖОО-лар радио, телеарна, газет пен интернет журналистерін даярлайтынын білеміз. Бірақ ол аздық етеді. Менің ойымша, оларды салалық бағытқа бейімдеуіміз керек. Сол уақытта елдегі журналистка жоғарыда айтқан неміс еліндегі басылым тәрізді деңгейге жетеді. Сонда барып журналистердің өз саласы, өз дүниесі болады. Бірінің қазанына бірі түспей, дами бермек.
Қазіргі таңда біздің ақпарат құралдары саласын, әсіресе телеарналарды сан түрлі ток-шоулар жайлап алды. Кілең жеңіл дүниелер. Халық, әсіресе жастар журналист деп соларды атайды. Олар шын мәнінде журналист пе өзі? Мәселен, телеарнадан ауыл шаруашылығы туралы хабар шықса, оны сол саланы жақсы білетін журналист жүргізсе құба-құп емес пе? Орынды сауал қойып, тұшымды жауап алса, көзқарақты көрермен мен сол салада жұмыс істейтіндердің дені аталған бағдарламаны көреді деп ойлаймын. Сонда қоғамға алға озып, телеарнада шынайы рейтинг бәйгесі басталар еді. Бұл тек ауыл шаруашылығы саласымен ғана шектелмеуі қажет. Кез келген күрделі салаға бағытталуы керек.