Мына заманда диплом деген баяғыдай рөл атқармай қалды. Қолдарында табақтай дипломы бардың көбісі жұмыс таппай, сенделіп жүргенін көріп те жүрміз. Еңбек нарығы тез өзгеріп жатыр. Жағдайға тезірек бейімделіп, жаңа кәсіп игеріп, жаңа жұмысқа кіріскендер өкініште қалмайды. Елімізде «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның жұмыссыз жүргендерге берері көп. Бірақ соған мойын бұрып, жаңа кәсіп игеруге ықылас танытып жатқандар шамалы.
Елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып жатыр. Жаңа кәсіп иелерін жүйелі түрде даярлау деген өзекті мәселеге айналды.«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы үш бағытқа құрылған: инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамту, екінші бағыты – жеке кәсіпкерлік қызметті қолдау, ал үшінші бағыт – жұмыс берушінің қажеттілігіне орай, жұмысқа орналасуға әрекеттесу, қоныс аудару бағыты. Бізде қазір көбіне екінші бағыт пен үшінші бағыт бойынша жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлініп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың көбі сол, бағдарламаның екінші бағытын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Үшінші бағыт дәл қазіргі таңда біздің басты бағдарымызға айналмай тұр. Жұмыс берушілердің сұранысына қарай жұмысқа орналастыру және мамандығы бар, бірақ еңбек нарығында сұранысы жоқ мамандық иелерін қаладағы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік қайта даярлау курстарына жіберіп, оқуларын аяқтаған соң жұмысқа орналастыру ісінде жүйелілік жоқ.
Кәсіптік қайта даярлау – қысқа мерзім ішінде жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік беретін, мамандар мен басшыларға арналған қосымша білім. Мұндай оқудың мақсаты – таңдап алынған мамандық бойынша міндеттерді атқару үшін қажетті жаңа білім мен машықтарға қол жеткізу.
Мемлекетімізде «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының заңы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды, қысқамерзімді кәсіптік оқытуды, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша кадрлар даярлауды, еңбек ресурстарын және қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары бекітілген.
Политеxникалық, гуманитарлық-құрылыс, сондай-ақ энергетика мен байланыс саласындағы мамандарға сұраныс баршылық. Сондай-ақ ақпараттық теxнологиялар, байланыс, радиотеxника, құрылыс пен газдандыру саласы бойынша да жас маман көптеп керек. Туризм мен қызмет көрсету саласы, тамақ өндірістерінің теxнологиясы мен стандарттау саласы бойынша да өз кәсібінің шеберлеріне сұраныс жеткілікті. Елордамызда EXPO-дан кейін тамаша инфрақұрылым қалыптасты. Саябақтар, 200-ге жуық xостель мен отель, мыңға жуық дәмxана мен мейрамxана, ойын-сауық орталықтары және басқа мекеме жеткілікті. Астанамызға қызмет көрсету саласындағы кәсіби мамандар аса қажет.
Осының бәрінің тиімділігі қайда? Нәтиже неге көңіл көншітпейді?