Дермене
Дермене
896
оқылды

Осы бір өсімдік атауын ең алғаш 1967 жылы жазушы Әнуар Әлімжановтың «Білім және еңбек» журналында жарияланған деректі шығармасынан оқып білгенбіз. Ол туынды қаламгердің Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби туралы жаңадан жаза бастаған «Ұстаздың оралуы» атты тарихи романының алғашқы фрагменттері еді. Міне сонда Әбунасыр бабамыздың әкесі үлкен қолбасшы болғаны, көктем шыға бере ол кісі шаһардан әскерін шығарып, алыстағы далада жаттығу жүргізетіні айтылады.

Сондай бір кезекті жасақ әзірлігі кезінде әскербасы оған нөкерлері ара­сы­нан қастандық жасалады. «Суық хабар шаһарға жетіп, жас Әбунасыр өзінің жанашырларымен қырға жеткен­де, – дейді автор, – өлімші болып жа­ра­л­анған тархан беткейдегі дала шөбі – дерменені тырмыса ұстап жатыр еді. Баласы келіп басын сүйегенде, әбден әлсіреген ол: «Кегімді алыңдар...
Қанға – қан! Аяушылық болмасын...» – деді де үзіліп кетті. Ал уысында бір түп дермене қалып қойды. Бұл 877 жылғы көктем еді».

Содан соң... Иә, содан кейін өзіміз сөз етіп отырған шөп ежелгі Русьтің Волынь жылнамасында айтылады. Онда ұлы даланың оңтүстігіндегі аптап күн астында емдік жусан өсетіні баяндала келіп, оған: «түсі бозғылт, дәмі ащы, оның өткір исін бір рет сезіп-білген адам мұны ешуақытта ұмытпайды» деген анықтама беріледі. Атап айтарымыз, бұл сөздерде ешбір жалғандық жоқ. Неге десеңіздер, оған тағдырдың жазуымен туған жерінен ерте қол үзіп, жат жерде ғұмыр кешкен атақты Бейбарыс сұлтан өміріндегі мына мысал анық дәлел. Мәмлүктер көсемі, сонымен қатар Тигр мен Евфрат және Ніл сияқты үш өзен аралығы елдерінің билеушісі болған бұл бабамыз өзінің сәби кезіндегі есінде қал­ған бір елесті өле-өлгенше ұмытпа­ған. Ол – кең дала... Сондағы жайқалып өскен дермене атты жусанды алап... Оның құрғақ ауадағы өзегіңді ашар өзгеше исі... 1270-1300 жылдардағы Мысыр жазбалары мұрағатында сақта­лып қалған аталған дерек негізінде 1969 жылы жазушы Морис Симашко «Емшан» атты хикая жазғаны бар. Қаламгер осы шығармасының басына ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Аполлон Майковтың дермене жусаны туралы: «Степной травы пучок сухой...» - деп басталатын өлең жолын эпиграф етіп алған. Ойланып көрген адамға мұның да өзіндік сыры болуы мүмкін. Ал жазушы Дулат Исабековтің 1980 жылы жарық көрген «Дермене» атты көркем туындысы ше? Мұнда да сөз етіп отырған өсімдік сөз болады. Оны кеңестік кезеңдегі ауыл адамдары­ның Арыс бойынан орып, дәрі-дәрмек жасайтын мекемеге шикізат ретінде өткізіп, тіршілігін түзеуге деген қарекеті шығармада нанымды суреттеледі.

***

Сонымен...

Дермене қандай өсімдік? Біздің білетініміз – оның дүниежүзінде бір-ақ жерде, атап айтқанда Оңтүстік Қазақ­станда ғана өсетіні. Одан соң шипа­лық қасиеттерінің мол екені. Осы арада: «Аталған өсімдікке байланысты берілген бұл «мінездеме» нендей дәлелге сүйеніп айтылып отыр?» – деген сұрақтың да туындауы мүмкін. Оған қайтарар жауабы­мыз мынау.

Дермене жусанының қасиетін өлке халқы өткен ғасырларда-ақ, оты мол өрістен гөрі осы бір өсімдік өскен тақыр жерге қарай ентелеп тарта беретін қой отарларының қимылынан білді деуге болады. Өйткені оған жайылған малдар тұяқ арасының қиылып ақсақ болу, тазқабақ қотыр шығу сияқты кеселдер­ден сап тыйылған. Ол ол ма, денесіне май жұқпай жүрген арық қойлардың өзі әлгі жерге барғанда оңалып кетіп отыр­ғаны малсақ халықты қатты таңдандыр­ған. Бұл өсімдік бертініректе адамдарға да көмекке келе бастады. Соның ең бас­тысы – дермененің іш құрылысы ауру­ларын, әсіресе, ішек құртын түсіру­дегі қасиеті еді.

Бұл аңыз ба, әлде шындық па? Шындық. Олай деуімізге 1884 жылы дәл сол аймаққа, атап айтқанда Шымкентке неміс капиталистерінің негізгі шикізаты дермене болып табылатын сантонин зауытын салуы. Ол қазіргі Қазақстан территориясындағы фармацевтикалық тұңғыш, ал дүниежүзі бойынша санто­нин шығаратын бірден-бір кәсіпшілік еді. Өйткені оған кажетті өсімдік Қазақ­станның оңтүстігінде өсетін дермене болатын. Басқа жерде бұл шөп өспеді және жерсінбеді. Өлкенің шалғайлығын қиынсынған неміс кәсіпкерлері артық шығынды азайту мақсатында дерменені Германияда өсіру үшін көп әуреленді. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Бөгде жерді менсінбеген дала өсімдігі Еуро­па топырағына тамыр жаймай-ақ қойды.

Дермене жусаны XIX ғасырдың соңғы кезеңіндегі 16 жыл ішінде меди­ци­на қызметкерлерін бір ғана қасиеті­мен, адам және мал организмін­дегі ішек құртын жоюға тосқауыл болу ерек­ше­лігімен табындырып келсе, XX ғасырдың басында оның тағы бір пайдалы сыры ашылды. Ол – бұл өсімдіктен сол кездегі парфюмерия өндірісіне өте қажет ката­ли­затор – эфир майының өндіріле бас­тауы. Содан соң тағы бір препарат – даркинол алынды. Міне осы қасиеттері ғалымдардың оған үсті-үстіне баса назар аудара түсуіне бірден-бір себеп болды.

1980 жылғы іссапарымызда Шым­кент облыстық өлкетану музейінен Ұлы қазан төңкерісіне дейінгі сантонин зауы­ты жайынан мәлімет беретін шағын бұрышты көріп, танысқанымыз бар. Соның ішінен байқап қараған адамға мына бір жайт еріксіз көзге түсетін. Ол – әлгі өсімдіктен алынған дәрі-дәрмек­тер­дің жыл санап мол сұраныс­тар­ға ие болғандығы.

1917 жылғы төңкерістен кейін Кеңес өкіметі одақтағы, соның ішіндегі Қазақстандағы Риддер, Қарағанды сияқ­ты көптеген ірі кәсіпшілікті шетел капи­талистерінің тырнағынан ажыра­тып алып қалғаны бәрімізге жақсы мәлім. Олардың қатарына осы өзіміз сөз етіп отырған Шымкенттегі сантонин зауытын да қосуға болады. Оған Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылдың 16 қыркүйектегі тиісті орындарға          осы   мәселемен айналысу жолындағы жаз­ған ескерту хаты куә. Соның нәтижесінде, үлкен де игі іс жүзеге асты. Бұл – сол жыл­дың 22 қарашасында Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің әзірлеуіндегі В.Лениннің өзі кол қойған «Шымкент сан­то­нин зауытың басқаруды ұйымдас­тыру жөніндегі» қаулы еді. Міне содан бері өз цехтарында 500-ден астам меди­ци­налық препарат жасауға қол жеткізген Шымкенттегі бұрынғы Ф.Дзержинский атындағы фармацевтика зауыты, қазіргі «Химфарм» бірлестігі бір кездегі сан­то­нин кәсіпшілігінің негізінде осылай өмірге келіп, осылай жұмыс өнімін арттырып, белгілі болған еді.

Дермене өсімдігінің ХХ ғасырдағы жағдайы қандай болды? ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында ше? Бұл сұрақ­қа жауап берер болсақ, кеңестік кезеңде оның фармацевтика үшін өте қажет шикізат болғандығы. Оған дәлел – бір кездегі Шымкент облысының Бөген ауданынан «Дермене» атты арнайы шар­уа­шылықтың құрылып, 1950-1991 жыл­дары осы бағытта жұмыс істегендігі. Оны 1980 жылы өзіміз барып көрдік те.

– Біздің «Дермене» шаруашылығы КСРО Медицина өнеркәсібі министр­лі­гінің Бүкілодақтық «Союз­ле­кар­спром» бірлестігіне қарайды, –деген еді сонда кеңшар директоры Асылбек Мұса­ұлы Маралбаев. – Ұжымымыздың негізгі міндеті – дермене жусанын одақ­тағы фармацевтика зауыттарында жет­кі­лікті түрде әзірлеу және Орталық Азия мен Қазақстандағы емдік қасиеті бар жабайы өсімдіктерді  өзіміздегі кеңшар бөлімшелерінде жерсіндіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізу. Бұл бағытта табыссыз да емеспіз.

Директордың әңгімесіне қарағанда «Дер­мене» өсімдік шаруашылығы жылы­на 1 000 тоннадан астам өнім дайын­дайтын болып шықты. Мұны олар Ташкент, Баку, Қазан, Житомир қала­ларына жөнелтіп отырады екен.

– Емдік қасиеті бар жабайы өсім­дік­терді біздің шаруашылыққа шоғыр­лан­дыру жайындағы жоғарыда айтқан сөзі­мізге келетін болсақ, – деген еді Асыл­бек Мұсаұлы, – мұның өзі 1977 жыл­­дан  бастап екі бағыт бойынша жүзе­ге асуда. Оның біріншісі,  кейбір шикізат шөптерді осында жерсіндіру де, екін­ші­сі, сол өсімдіктер өсетін аймақтың да­йын­дау мекемелерімен байланыс жасап, оны жинаттыру.

– Мұны нақты мысалдармен түсін­дір­сеңіз?

– Ол оңай. Мәселен, біздің ауданда өсе­тін емдік шөп – дермене. Шаруа­шы­лық бүгінгі күннің талабына байланысты тек осы жалғыз түрлі өніммен шектеліп қалмайды ғой. Сондықтан оған кейінгі кездері осы өңірде өсетін мия, меңдуа­на­ны жинастыру косылды. Мұнымен бірге сана секілді кейбір шөптерді жер­сін­діре де бастадық. «Союзлекар­спром­ның» нұсқауында бізге жоғарыдан басқа да өнімдерді өткізу тапсырылған. Олар Түркіменстанда өсетін Рихтер сораңы, Тәжікстандағы унгерн, Өзбекстандағы інжір жапырағы. Бұл сол аймақтардағы дайындау мекемелері арқылы жиналады да осы жерге шоғырланып, Шымкенттегі фармацевтика  зауытына жөнелтіледі.

1980 жылғы сол жүздесуде кеңшар дирек­торы Асылбек Маралбаевтың сөзі­нен көп нәрсені ойға түйгенбіз. Соның негізгісі, «Дермене» шар­уа­шылығының Орталық Азия мен Қаз­ақстандағы ши­­­па­лы шөптерді жи­нас­тырумен, өсі­ру­мен шұғыл­да­на­тын жалғыз еңбек ұжы­мы екені және оның бір ғана дер­ме­­нені емес, дәрілік қа­сие­­ті бар 12 түрлі өсім­дікті дайындаумен шұғыл­да­на­тыны. Бұған кеңшардың жақсы маман­данғаны білініп тұрды. Мәсе­лен, шаруашылықтың сол кездегі облыс орталығы Шымкентте шикі­зат­тарын, өнімдерін зерттеуден өткізетін анали­тикалық лабора­ториясының бар болуы оның жұмысты ғылыми тұрғыдан шебер ұйымдастыра білетінін анық та айқын көрсеткен. 

..Ал қазір ше? Әңгімені 1994 жылғы бір көріністен бастайық. Күз кезі еді. Бөген мен Арыс өңірінде көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 90 жыл­дығы аталып өтілетін болды да, Алма­тыдан келген қонақтардың қата­рын­да газет қызметкерлері де осы аймақты аралап жүрдік. Бір елдімекеннің тұсынан өтіп бара жатқанымызда, ол көзімізге оттай басылды. Бұл осыдан 14 жыл бұрын өзіміз болған, тіршілік ты­ны­сымен танысқан «Дермене» кең­шары еді. «Шаруашылық қазір бар ма? Өтпелі кезеңнің мынадай өлара шағында мұндағы ауыл адамдары немен шұғыл­да­нып жатыр?» – деді автобус терезесінен сыртқа көз тастаған ғалым аға­мыз Рах­ман­құл Бердібай жолбасшы мін­детін атқа­рушы Төлепбек Назар­беков ақса­қал­ға. «Жоқ, кеңшар тарап кетті, – деді қария. – Бұрын мұнда дәрілік өсім­дік­тердің мол шикізат қоры жаса­ла­тын. Оны Ресей, Украина, Өзбекстан алатын. Қазір ол байланыс үзіліп қалды. Ал іргедегі өзіміздің Шымкент фармацевти­ка зауыты болса, қаржы тапшылығынан бұлардың өніміне тапсырыс бере алмай отыр. Осыдан соң ұжым таралмағанда қайтеді».

Мына сөзді естігенде біз селк ете түскенбіз. Өйткені көз алдымызға бұдан біраз жыл бұрынғы дәулетті де сәулетті кеңшар келген еді. Ендігі жағдайын ақса­қал жасырмай айтып отыр. Ішіміз удай ашыды дейсіз...

Содан арада 24 жыл өткен. Таяуда, яғни сәуір айында біз іссапармен Шым­кент­ке барғанбыз. Діттеген шаруамыз шешімін тапқан соң, бір кездері осы шаһардағы тұңғыш зауыт атанған санто­нин кәсіпшілігінің шикізат көзі – Бөгендегі дермене өсімдігі ойымызға қайта оралды. «Соның жағдайы қалай екен?» деп Шымкентте көптен бері тұра­тын жазушы Мархабат Байғұт аға­мыз­­бен тізе қосып, сол боз жусан тағды­рын білуге тырыстық. Сонда мынадай жайттар белгілі болды. Біз білетін «Дер­ме­не» кеңшары қазір Дермене ауылдық округі деп аталады екен. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Асылбеков кеңестік кезеңде мұндағы шаруашылық Ресейдің Краснояр, Украинаның, Жито­мир, өзіміздің «Шымкентхим­фарм­ге» дәрілік өсімдіктерді дайындап өткізумен айналысқанын растайды. Бірақ қазір бұл жерден сондағы басты өнім – дермене жиналмайды екен. Себе­бі, жекешелендіруге көшкен 

90-жыл­дардан бастап мекемелер ара­сын­­­дағы үзілген байланыстарды жалғас­ты­ра­тын, жұмысты ұйымдастыра­тын, шикізатты өткізумен шұғылданатын еш­кім болмаған. Мұның сыртында осы шикізатқа бірден-бір тапсырыс беруші «Химфарм» қазіргі медицинада дермене препаратына балама дәрі табылған­дық­тан, оған деген сұранысты тоқтатқан. Бұл жағдайға қоса соңғы жылдары осы өңірде дәрілік шөптерді қорғау жөніндегі қоғамдық қозғалыс өмірге келіп, бел­сенді жұмыс жүргізе бастаған. Олардың мақсаты – мия мен дерменені өсімдік браконьерлерінің жабайы түрде жұлып, қопарып пайдалануын тоқтату. Сондық­тан жергілікті тұрғындар бұл жерде енді түйе, қой, ешкі шаруашы­лы­ғына көшкен жөн деп, соны мықтап қолға алыпты. Ел қазір, міне, осы кәсіп­пен күн көруде.

Иә, мұндағы жұрттың бұл тіршілігіне қай-қайсымыз да: «Неге олай?» деп айта алмаймыз. Өмір талабы осылай-ау ша­масы. Уақыт та соны дұрыс көріп отыр­ған шығар. Бірақ: «ХІХ-ХХ ғасыр­ларда Шымкент шаһарының даңқын шығар­ған дермене шөбі дәрі-дәрмектерінің ХХІ ғасырда неге бағы жанбай қалды?» деген сауалды әлеумет алдына қоюға біздің де құқымыз бар сияқты. Неге десеңіз жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің мұрағатындағы дерекке ден қойсақ, 1913-1918 жылдары Шым­кенттен Герма­нияның Гамбург қала­сына кетіп жатқан аталмыш өсімдік өнімінің әрбір пұты (1 пұт – 16 келі, -авт.) 200 сом алтын ақшаға бағаланған екен. Сондай құнды фарма­цевтикалық шикізатты бүгінгі нарыққа ыңғай­лайтын кәсіпкердің табылмағаны ма? Мәселе тәртіп пен реттілікте. Үнем мен ұқыптылықта. Алқапқа ашкөз­дікпен қарамауда. Қарағандыда Арқа­ның тықыр жусаны­нан ракка қарсы арглабин дәрісі өмірге келіп жатыр ғой. Дермене жусанының әлеуеті одан кем емес. Мақсат – шикі­затты жанашыр көзқарас­пен пайдалану, қазіргі заманға үйлестіре білу. Егер үлгі болатын үнемді істің үйлесімі табылып жатса, мұның, ең алдымен, сол жердегі халықты жұ­мыс­­пен қамтуға себі тиер еді ғой. Сөйтіп ел нәпақасын мал шаруашы­лығымен бірге дермене жусанын дайын­­даудан да тауып жатса, ол біреу­дің тақиясына тар келе ме? Дүние­де жоқ жаман. Ал бар зат бізге артық етпесі анық. Осыны ұмытпайық.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

публицист