Еуразияға ашылған терезе

Еуразияға ашылған терезе

4-5 шілде күні Ұлттық музейде Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалы және «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қала күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты екі күндік халықаралық форум өтті.

Қаламгерлер нені талқылады?

Форумның басты мақсаты – Еуразия жазушыларының шығармаларын наси­хаттау, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтып, бірыңғай әдеби кеңістік қалыптастыру. Бұл айтулы шарада отандық қаламгерлер мен Испания, Үндістан, Египет, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей секілді 20 елден келген ақын-жазушылар көркем әдебиеттің өзекті мәселелерін талқы­ла­ды. Олардың арасында халықаралық «Эки­валенсиас» журналының бас ред­акторы, Испания ПЕН-клубының бас хатшысы, Малларме, Неаполитан ака­де­мияла­ры­ның корреспондент-мүшесі – Jorge Padron Justo Angel, Ресей Жазу­шы­лар одағы басқармасының хатшысы – Гаврил Ан­дросов, ОАӘ Жазушылар одағының басшысы – Nasser Ali Khamis Obaid Аldhaheri, Әзербайжан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ekber Qoşalı, үндістандық қаламгер, сыншы, лингвистика ғылымының про­фес­соры Rukmini Bhaya Nair және тағы бас­қа та­ны­мал тұлғалар болды. Форум­ның ашы­луына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Ал­тай Көлгінов пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова қаты­сып, ақын-жазушыларға ізгі лебізін білдірді.

– Еліміздің бас қаласында осындай басқосудың өтуінің өзі үлкен нышанның белгісі. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының әр тармағы рухани бай­лы­ғымызға арналып, оны көтеруге, дамуына барынша атсалысудамыз. Осы шараның арқасында еліміздің экономи­калық қуа­тын ғана емес, рухани қуатын бүкіл дү­ниежүзіне көрсете алдық. Қалам иелерінің осы көштің басында тұрғанына алғысым шексіз. Қазақ халқын әлемге танытатын, рухын көтеретін үлкен шы­ғармалардың тууына тілектеспін! Басқосудың қаты­сушыларына жемісті жұмыс тілейміз. Біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз, – деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ жиында Президент ке­ңесшісі Марат Сқақов, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Олжас Сү­лейменов, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази сөз алып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Адамнан қымбат не нәрсе?


Пленарлық отырыс «Әлем әдебиеті: стереотиптен арылу» тақырыбында өтіп, оны жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар жүргізді. Әлем әдебиетіндегі стильдер тарихы жайында сөз сөйлеген жазушы, публицист, «Да­рын», тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Дидар Амантай «Қазіргі за­манда адам көкжиегіндегі постприн­циптің өрістеуі, немқұрайлылықтың көбеюі бой алуда. Ұлы шығармалардың адам бойына асыл қасиет сіңіретіні, кітап адамды жақсылыққа тәрбиелейтіні ұмытылуда. Бүгінде адамдар бір-бірінен жақсылық күтпейді. Себебі, олар материалдық жағдайдың соңына түсіп кеткен. Барлық нәрсені, тіпті, өмір мен өлімді де ақшамен өлшейді. Қазір ақшаның құны адамнан қымбат. Қазіргі заманда стиль әдебиет болып қарала ма? Әлде әдебиет көпшілік мәдениетіне айналуы тиіс пе?» деген сұрақты көтерді.

Ал Үндістаннан келген ақын, жа­зушы, лингвист Рукмини Бхайа Наир эмоциялар мен тілдер жайында пікірін білдірді. Оның айтуынша, әр елде өз тілі болғанымен, эмоция – бәріне ортақ. Мысалы, адам жақсы кітап оқығанда, жақсы кино көргенде қолы терлейді. Бүкіл назары сонда болып, ынтығатыны белгілі. «Меніңше, әдебиет те күрделі эмоциялық тұрғыдан қиын әлемде қалай өмір сүруге болатынын үйрететін тәсіл. Сондықтан бізге поэзия да, проза да керек», – деді ол. Мысырлық аударма­шы-жазушы Мұхаммад Рияд Халуаш
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трил­логиясын араб тіліне аударған екен. Қазір Асуан университетіндегі орыс тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор болып қызмет атқарады. Кітап аудару барысында ол қазақ халқының тарихы­мен танысып, ондағы тарихи фактілердің жақсы берілгенін жеткізді.

 

Заманауи поэзия қандай?

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы поэзия­дағы жаңа тенденцияларды айта келе, «Біздің қазақтың қасіреті – біріншіден, бодандық, екіншіден, ішкі азаттықтың жоқтығы. Сондықтан біз поэзия дегенді тек шартты түрде өлшейміз. Бірақ поэзия ішінде қазақ поэзиясы мүлдем бөлек. Қазір біздегі тенденция – шетелге кету. Ертең қазақ баласы өзге тілде ойлаймын деп, поэзияны бұзып алмай ма деген қауіп бар. Шыны керек, біз дүниені өзі­мізге енді ашып жатырмыз. Әдебиетімізді тереңірек танысақ, өз қадірімізді өзіміз білсек қана біздің жастар басқа жақта жүрмес еді» деп, бір мәселенің ұшын шы­ғарды. Ал Украинадан келген ақын, «Живые поэты» жобасының авторы Андрей Орловский бұл жиында әдебиет­ке байланысты қандайда бір мәселені көтермей, керісінше, сол проблеманың шешу жолын қарастыруға шақырды. Ол өзінің өмірін мысалға келтіре отырып, қандай нәтижеге жеткенін айтты.

Оның айтуынша, ол бала кезінен жазушы болуды қатты армандаған. Сон­дықтан кішкентайынан нағыз жазушы­ның қандай болатынын түсінуге тырыс­қан. Сөйтіп, жазушыларды екіге бөлген. Оның бірі – жазатын туындыларын ойы­нан шығарса, екіншісі – шынайы өмір­ден алады. «Қазіргі заманауи поэзия – жұл­дыздар шоғыры. Жұлдыздар шоғырының әрбір нүктесінде әртүрлі топтар бар. Олар: Жазушылар одағы, өлеңін желіге, парақшасына салатындар. Соның ішінде ол шоғырға мүлдем жатпайтын әдеби аутсайдерді көп кездестірдім. Жүрген жерімде соларды тануға тырыстым. Негізі олар әдебиетке тиесілі топ. Бұлар Құдайға өмірден мүлдем безіп кеткен адамдар секілді қарайды. Олар ешқандай дәнекерсіз Құдаймен тілдескісі келеді. Яғни, өмірден безген адам Құдаймен тілдескенде, сол әдебиеттің аутсайдерлері әдебиетпен тілдескені», – дейді Андрей Орловский.

– Жақын досым Максим Фоменко асылып өлген. Өйткені ол өзінің үнін естірте алмады. Ол жазушы еді, басқа ештеңені қаламады. Міне сол кезде «Живые поэты» жобасын бастадым. Қазір бұл – ТМД елдерінің ішіндегі ең ірі жоба. 20 мыңнан астам өтінім түсіп, 15 елдің 80 қаласынан 250 автор келді. Төрт жыл бұрын бізде ештеңе болған жоқ. Бастапқыда редакцияларды аралап, мықты өлеңдерді көрсеткенде, «поэзия ешкімге керек емес» деген. Әлеуметтік желіге шыққанда «тағы бір қауымдастық керек емес» деп шықты. Соған қарамас­тан, әлеуметтік желіге шығып бір айдың ішінде 25 мың адам жинадық. Жас ақындардың концертін оффлайн бердік. Бүгінде сол редакциялар бізден сұхбат алуға кезекке тұрады. Меніңше, ойға қонбайтын идея болса да, егер ол жүректен шықса, оған барынша сенсе, ол орындалады, – деді ол.

Жиын барысында қазақ ақында­ры­ның антологиясын испан тіліне аударып, кітап шығарған Испания ПЕН-клубы­ның бас хатшысы Хусто Хорхе Падрон ортаға шақырылды. Сонымен бірге, ол Испанияда жиырма шақты қазақ ақыны қатысқан поэзия кешін ұйымдастырған. Осылай қазақ халқының мәртебесін көтеріп жүрген Падрон мырзаға Қазақ­стан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ұлықбек Есдәулет ризашы­лығын білдіріп, оған Халықаралық «Алаш» сыйлығын тапсырды. Келесі жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына қарсы оның өлеңдерін испан тіліне аудару бойынша меморандумға қол қойылды. Оған қоса, Жазушылар ода­ғының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы «Самұрық» атты әде­би журналдың тұ­сауын кесті. Академик Серік Қасқабасов, ақын Аққұштап Бақтыгереева лебіздерін білдіріп, Са­мұрық құстың қанатындай берік болып, биікке самғай беруін тіледі.

 

Адам – қоғамның хатшысы

Жиын үш панельдік секцияда өтті. Біріншісі, «Өркениет және поэзия» та­қырыбында қатысушылар өлеңдегі фор­малар мен стильдер, қазақ поэзиясындағы ақ өлең мен верлибрдің өзара айыр­машылығы төңірегінде сөз қозғалды. Ал 2-секцияда «Мегаполистер өмірі: про­задағы көріністер» тақырыбы бойынша әлем прозасындағы жаңа эксперименттер мен аударма мәселелері жайында айтылды. Мәселен, жазушы-аудармашы Динара Ораздың айтуынша, бүгінде жазушы-сыншы ретінде қалыптасу қиын. «Одан гөрі әнші, суретші болудың жолы жеңіл, танылуы да тез. Сондықтан шығармашылық адамдары өзін жоғалт­пай, заманға ілесу үшін көбіне киноин­дустрияға кетіп жатыр. Өзім де жақында бір киноға сценарий жазып, кинофес­ти­вальге қатыстым. Мүмкін өзін құрмет­тейтін жазушы бұнымен айналыспауы керек шығар. Бірақ жазушылықтың өміршеңдігін көрсетіп, қоғамдағы рөлін айқындау керек» деген ол бұл жерде ұлтқа, тілге, дінге бөлінбей, ұжымдасып, бір кісідей жұмыла жұмыс істеуді меңзеді.

– Тәуелсіздіктен кейін әлемдік деңгейге шығатын аса белсенді шығарма жазылған жоқ. Бірлі-жарымы жазыл­ғанның өзінде де оқыған жоқ. Оқы­майтын оқырмандар пайда болды. Оған себеп, біріншіден – экономика, екін­шіден – идеология. Идеологияны жа­сайтын – жазушылар. Бірақ тәуелсіз­діктен соң жазушыларды идеология жасау функциясынан ажыратып тастады. Әйтпегенде, жазушылар жаңа заманға лайықты идеологияны қалыптастырар еді. Экономикамен бірге, адамның ішкі жан дүниесін дамытатын ұлттық идео­логия қалыптастыруға мүмкіндік болды. Бірақ біз қазақ басылымдарының төмендеуіне душар болдық, – дейді әдеби сыншы Құлбек Ергөбек.

Ол жазушы мен қоғамның өзара байланысын айта отырып, сол бағытта әдебиеттің жұмысын жүйелеу керегін жеткізді. «Мәселен, жапондар әр 5-10 жылда Нобель сыйлығының лауреатын шығарады. Әлем әдебиетінде француз, испан әдебиетінің дәуірі болды. Жапон әдебиетінің дәуіріне жету үшін олар мақсатты түрде жұмыс істеді. Міне, біз де осылай жұмыс істеуіміз керек. Шын жа­зушы ұлты үшін жан пида тіршілік етеді. Дегенмен ұлт әдебиетінде ішкі мәдениет, жазушылық мәдениет болады. Көп классик жазушы өзі шыққанымен, ұлт мәдениетінде өзін қалыптастыра алған жоқ. Ш.Айтматов секілді бірлі-жа­рымы ғана. Сондықтан О.Бальзактың сөзімен айтсам, қоғамның хат­шы­сы болуға шақырамын» деген әдеби сын­шы әдебиет қоғамға ықпалды болу үшін Жазушылар одағын Президент әкім­­шілігімен тығыз жұмыс істеуге шақырды.

Үшінші секция әдебиеттегі стерео­типтердің орын алу тарихы жайында ой талқыға салынып, «Дербес ойлау және әлем әдебиетіндегі жаңа тенденциялар» тақырыбында сөз қозғалды. Сондай-ақ жиын барысында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Олжас Сүлей­менов, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази, Қа­зақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Президент кеңесшісі Мақсат Сқақов қатысып, «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты форумның көтерген жүгі маңызды, орны зор екенін көрсетті. «Әдебиет – ардың ісі» дегендей, әдебиеттің өрісі барша азаматтардың бірге жасаған ісінің нәтижесінде кеңейеді. Осы форумның елордада өтуі қаланың ғана емес, еліміздің руханиятын жаңа деңгейге көтергені белгілі.