Заң үстемдігі деген ұғым бар. Кез келген азамат заң алдында бірдей деген тағы бар. Өкінішке қарай, осы мәселеге келгенде жаңағы заңымыз әркімге әрқалай: біреу түйені түгімен жұтып жатса да құтылып кетеді; енді біреу болмайтын нәрсеге басы шатылып, жұтылып кетеді... Бұл қалай?
Әлеуметтік желі – қоғамның айнасы. Күн сайын осы алаңда қанша мәселе көтеріледі, қанша пікір айтылады, қанша жағдай жария болып жатады. Бәрін бірдей оқып, қадағалай алмайсыз. Ұлы мәртебелі уақыт өз дегенін жасайды.
Бірақ кейде өзекті ойға құрылған дүниелерге жанарыңыз еріксіз кідіреді. Мәселен, әріптесіміз Айнұр Сембаева көптің көкейіне ілікпеген бір жайтты жақсы көтеріпті. «Вице-министрдің қайқайған кірпігінде де, қатқан макияжында да жұмысым жоқ. Қызметтегі әйелдің тоқшылықтың ғана емес, әдеміліктің де белгісі боп жүргені жөн ғой. Бірақ заң мансапқа да, түр-келбет пен бес батпан бояуға да қарамауы керек. Мынаны қараңызшы... Қызылорда қаласында пробация бақылауында жүрген әйел өзін қадағалайтын қызметкерге 5 000 бірлік салған. Алғыс, ризашылық ретінде ғой баяғы. Бұл «қылмысы» үшін келіншек енді 353 500 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Білмейтіндер үшін айтайын, жетіскен адам пробациялық бақылауға алынбайды. Алғаш рет заң бұзып, жеңіл қылмыс жасағандар түрмеге қамалмай, бостандығы шектеледі. Олардың жұмысқа орналасуы да оңай емес. Соны біле тұрып құзырлы орындар «парақор» әйелге қатаңдық танытып отыр. Ал миллиондармен сөйлесетін лауазымды келіншекке неге сонша жеңілдік жасалған? Және прокурорлардың ұлттық бюродағылар бәленбай уақыт аңдып, заңсыздығы әшкереленген адаммен процестік келісім жасағаны да түсініксіз. Процестік келісімнің тәртібіне сай айыпты кінәсін толық мойындауы тиіс. Ендеше, жеңілдік алған Суханбердиеваның «Жоғарғы сотқа арызданамын» деп көкігені несі?».
Пробация бақылауында жүрген бір кісі қалалық пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне 4 700 теңге бірлік салған. Онда тұрған не бар дерсіз? Қазақша мұны, «рақмет айту» немесе «алғыс білдіру» деп те қабылдауға болар еді. Заң бойынша мұндай әрекет заңсыз сыйақы болып есептеледі екен.
Сонда не болды?
Пробация қызметкері азаматтың іс-әрекеті туралы өзіндік қауіпсіздік қызметіне баяндаған көрінеді. Өз кезегінде, заңсыз сыйақы бойынша тиісті акті толтырылып, акт Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолданады. «Лауазымды тұлғаға заңсыз сыйақы бергені үшін аталған азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 676-бабына сәйкес хаттама толтырылып, сот қаулысымен 353 500 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Көбіміз заңды жете білмейміз. Аздаған ақша салған адам мұның бәрінен хабарсыз болса керек. Басы бәлеге ілінетінін білсе, «аш бәле-
ден қаш бәле» деп маңайына жуымас еді ғой.
Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген қызметкерге немесе оған теңестiрiлген адамға көлемі 2 АЕК (5 050 теңге) көрсеткішке дейінгі ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көрсету заңсыз сыйақы болатынын назарда ұстаған жөн. Ал ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көрсету 2 АЕК-тен асқан жағдайда ол пара болады» деген заң талабы кез келген азаматтың қаперінде болғаны жөн.
Бәріміз әділетті қоғам құрылғанын қалаймыз. Заң үстемдігі орныққанда ғана әділеттілік талаптары күшіне мінеді. Осыған ұмтылған дұрыс қой, негізі!