Батыр АЙТЖАНОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
вирусолог дәрігер:
– Қазіргі кезең «байтал түгілі бас қайғының» кебі. Вирусолог ретінде бұл тойлардың өтуіне түбегейлі қарсымын. Мейлі, сақтық шарасын орындасын, 30 адам ғана шақырсын, инфекция оған қарамайды. Көпшілік болса болды, вирус тарала береді. Кей кезде адам аз жиылған тойларға жергілікті Ішкі саясат басқармаларының рұқсат беріп жатқанын құлағым шалды. Ол дұрыс емес. Әкім экономист немесе заңгер болуы мүмкін, бірақ ол дәрігер бола алмайды. Сондықтан елдің бас санитар дәрігері вирус түбегейлі жойылсын десе, тойларға толығымен тосқауыл қойғаны абзал. Бір-бірінің тойы мен жаназасына келмеді деп халықтың өкпелер жөні жоқ. Халық 2-3 ай бұрын коронавирус барына сенбеп еді, қазір ауырған адам көп, кейбірі көз жұмып жатыр. Байқасаңыз, төтенше жағдай кезінде вирус қарқыны бәсеңдеп, оңалып қалып едік. Артынша дертті қайта өршіттік. Меніңше, төтенше жағдай режимін ел аумағына қайта енгізген жөн. Философияда себеп пен салдар деген түсінік бар. Қазір пневмониядан қайтыс болды деп жатады. Шынында, себеп – коронавирус, салдары – тұмау, пневмония. Сондықтан тұмау болып қалсаңыз да, жай отыруға болмайды. Мысалы, көрші Қытай шектеу арқылы жағдайын жақсартты, ал «біз адамдардың құқын шектемейміз» деген Швеция амалсыз адамдарды шектеуге енді ғана мәжбүр болып жатыр.
Мұхтар ЖBКЕТ,
той ұйымдастырушы, асаба:
– Жуырда тойға 5 жылға дейін тыйым салу жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. Өз басым мүлдем келіспеймін. Халықтың басым бөлігі бұл ұсынысты қолдамайтыны анық. Әрине, той иелерінің шектен шыққан кездері болды. Үнем мен ысыраптың арасын бағамдай алмай жатты. Қазіргі індет жағдайын да түсініп отырмыз. Бірақ 30-40 адам жиналған тойларға тыйым салғанын құптамаймын. Сақтық шараларын ескерсе, өзін нашар сезінген адам тойға келмесе, жеткілікті болар. Осы мамыр айында Талдықорғанға қарасты ауылда той жүргіздім. Той иелері әкімшілікке 40 адамнан көп жиналмайтынын, барынша сақтық шараларын орындайтынын айтып рұқсат сұрап, келісімін алған. Тойды өткіздік, кейін ешкім ауырмады. Мен де вирустан қорқамын. Егер тойға түбегейлі тыйым салып, жағдайды реттейміз десек, сауда орындары мен көшеде жүруді де тоқтату керек. Әйтпесе, автобуста, дүкенде бетперде тақпай, қоғам алдындағы жауапкершілігіне бейжай қарап жүргендерді көз көрді.
Мадияр ТӨЛЕУ