Қалыптасқан әлемдiк тәжiрибеде iрi қалалардағы миграциялық өсiм 2%-дан көп аспайды екен. Ал Қазақстанда жыл сайын тұрақты қоныс тебу үшін елордаға 60-100 мыңдай немесе қала тұрғындарының жалпы санының 6%-ынан көп адам келетін көрінеді.
Яғни, жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласына шағын бір қала «көшеді». Осы тұрғыдан алғанда, астана демографияның да драйвер, локомотивіне айналды. Бұрын жалғыз-ақ қазақ мектебі болған, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің үлесі 10 пайыздан аспаған Ақмола қаласының өңіне қазақы қан жүгірді. Осыдан кейін бүкіл Солтүстік пен Орталық Қазақстанның барлық өңірлері қазақылана бастады.
Қала әкімдігінің дерегінше, өткен 23 жылда елорда халқының ауқымы үш есе ұлғайыпты.
«20 жылдан астам уақыт ішінде тұрғындарының саны жөнінен елорда көптеген елдің астаналарын, соның ішінде АҚШ астанасы Вашингтонның өзін басып озып, бүгінде «миллионер қалаға» айналып та үлгерді» деп мәлім етті Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.
Нақтылай кетсек, астана мәртебесін иеленген 1997 жылға дейін Целиноград (кейінірек Ақмола) 300 мыңнан астам адам ғана тұратын ортанқол облыс орталығы болатын. Қалалықтар саны көп өспейтін. Демографиялық көрсеткіш қала Қазақстанның жаңа астанасы атанғаннан кейін серпін алып, күрт өсе бастады. Салдарынан, 23 жыл ішінде халық саны 3 есе өсіп, 2020 жылдың мамыр айында 1 миллион 149 мың 947 адамға жетті (2020 жылдың 1 қаңтарында – 1 млн 136 мың болған). Осылайша, 1997 жылғыдан 849 442 адамға артты.
Мынадай қызықты дерек бар: 1999 жылдың басында қалада 1 жастағы – 3 853 бала, ғасырдан артық жасаған 8 адам ғана болыпты. Қазіргі кезде елорда тұрғындарының арасында жасы бойынша ең үлкен контингент – дәл осы бір жастағы сәбилер, олардың қатары – 29 516. Ал «100+» жас санатындағылар саны 100-ден асады!
– Соңғы жылдары Қазақстанның бас қаласы тұрғындар саны бойынша әлем астаналарының көбін, оның ішінде Вашингтонды (705 мың адам тұрады) басып озды. 1999, 2000, 2001 жылдары қала халқы жыл сайын 50 мыңға жуық адамға өсіп отырды. Соның өзін рекордтық көрсеткіш деп айтуға болады. Оған ішкі көші-қон да, сондай-ақ табиғи өсім де үлес қосты. Бірақ нағыз дүмпу 2016 жылы болды: сонда қала халқы бірден 100 мың адамға көбейді» деп мәлімет берді Нұр-Сұлтан қалалық Статистика департаменті.
Тағы бір елең еткізерлік дерек: статистикаға сүйенсек, бас қалада ер-азаматтарға қарағанда нәзік болмыс иелері көбірек. Осы жылдың мамыр айының басындағы жағдай бойынша қалада 598 009 әйел және 551 938 ер адам тұрады.
Елордада қазіргі уақытта 4 аудан бар, бастапқыда соның тек екеуі – «Алматы» және «Сарыарқа» аудандары ғана құрылып еді. Солардың ішінде, ең тығыз қоныстанған аумақ – «Сарыарқа» ауданы, онда 340 мыңнан астам адам тұрады. Одан кейін «Алматы» ауданы келеді: онда 299 мың адам қоныстанған. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталықты тегіс қамтып жатқан «Есіл» ауданын небәрі 272 мың тұрғын мекен етеді.
2 жылдай бұрын «Алматы» ауданынан бөлініп шыққан жаңа «Байқоңыр» ауданы тұрғындарының саны қазірдің өзінде «Есілді» қуып жетуге таяу: мұнда 237 мың адам тұрып жатыр. Бұл – Нұр-Сұлтанның перспективті даму аумағы.
Еліміздің бас қаласы өзге өңірлердегі жастар үшін «тарту орталығы» саналады. Әкімдіктің дерегінше, 2020 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша елордалық еңбек жасағында 1,2 мың жас жұмыс істейді. Биыл елордада жастарды жұмыспен қамту үшін студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағына осынша жас қабылданыпты.
– Елорда бойынша XVI еңбек маусымы өз жұмысын бастап та кетті. Өткен жылдардағы квота бойынша жылына 975 адам жұмыспен қамтылып келген. Енді жобаның сұранысқа ие екені ескеріліп, 3 жылда – 2020-2022 жылдар кезеңінде жыл сайын 1 200 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Еңбек жасағына 14-29 жас аралығындағы кез келген жастың қатысуына мүкіндік бар. Бұл ретте қолдау ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға басымдық беріледі. Жұмысшы жастар үш топқа бөлінген. Біріншісі – әлеуметтік жағдайына байланысты іріктелген 14-17 жастағы балалар, екіншісі – 17-22 жастағы колледж, ЖОО студенттері. Ал үшінші ересек топ – жұмыссыз жастар арасынан таңдалған 18-29 жастағы азаматтар.
Б.Жүнісбековтің айтуынша, кәмелетке толмаған балалар Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда еңбек етіп жатыр. Олардың жұмыс уақыты 4 сағаттан, аптасына 5 күннен аспайды. Бұл топтағы балалар қаладағы саябақтарды тазалау, мектеп ауласын көгалдандыру секілді қызметтер атқарады.
Екінші топтағы балалар қалалық саябақтарда «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесімен бірлесіп, күніне 6-8 сағат әрекет етеді. Ал ересек топтағы жұмыскерлер толық жұмыс кестесімен құрылыс алаңдарында, не «Астана орманы» мекемесімен бірге іс тындыруда.
– Құрылыс алаңдарына көбіне студенттер мен ересек топтағы жастар жіберіледі. Оларға жұмыс беруші жалақы төлейді, біздің тарапымыздан сыйақы да беріледі. Барлық қатысушыларға арнайы жұмыс киімі тігіліп, таратылған, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы.
Рас, биыл пандемия мен карантин осы салаға өзгерістерін енгізді: «Санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жастардың бір жерге шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Таза ауада, ашық кеңістікте 2 метрден кем емес қашықтықты сақтауы қажет. Осы жобаға қатысушы жастар міндетті түрде бетперде, қолдарына қолғап киіп жұмыс істейді. Ең бастысы, жастардың қауіпсіздігі сақталған. Әр адаммен жеке келісімшарт жасалады. Барлық талаптарымен танысып, жадынамаға қол қойылады», – дейді ол.
Нұр-Сұлтан тұрғындарының баспанамен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша да жетекші орында. 2008 жылы бұл көрсеткіш Астанада әр адамға шаққанда 21,5 шаршы метрден келетін. Кейін ол 25 шаршы метрге дейін артты. Өзге мемлекеттермен салыстырсақ, мәселен Испанияның астанасы Мадридте және ресейлік Санкт-Петерборда бұл көрсеткіш әр адамға шаққанда – 24 шаршы метрге, Париж бен Лондонда 32 шаршы метрге тең. Елбасы бүкіл Қазақстан, соның ішінде елорда алдына да баспанамен қамтылу көрсеткішін әр тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды.
«Тұрғын үй мәселесін шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Биыл тозығы жеткен үйлерден 800-ден астам адам қоныс аударады. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2020 жылы 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 130-дан астам лифтті жөндеп, кейбірін ауыстырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтамыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Айта кету керек, еліміздің бас қаласының жалпы ауданы 797,3 мың шаршы шақырымға созылып жатыр.
Айхан ШӘРІП