Қазір қаланың «қолы өз аузына жетіп» тұр. Спутник қала салу ірі қала іргесіндегі агломерацияның дамуына жол ашады. Ал астана маңындағы агломерацияның ахуалы қандай? Келешекте Қосшы спутник қалаға айнала ала ма? Жаңа ғасырда адамзат біраз мәселенің басын қайырып, жол табуды үйренді. Технологияның қарыштап дамуы да бұған әсер етті. Бұл тіркесті не үшін қолданып отырмыз? Өйткені бұрынырақта спутник қала тұрғызу, дамыту жайы қозғалғанмен, шешім XXI ғасырда табылған-ды.
Әлемдік тәжірибедегі спутник қала үлгісі
Жоғарыда атап өткен Те-Вудленс сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. АҚШ-тың Хьюстон қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Те-Вудленстің іргесі XX ғасырда қаланған. Әу баста, бұл қала тұрғызудың мақсаты экологиялық таза әрі жайлы мекен салу болды. Сөйтіп, қала біртіндеп дами бастады. Әрине, спутник қаланың дамуы экономикаға тірелетіні белгілі. Те-Вудленсте алпауыт компаниялардың филиалы ашылуы мен кей мекеменің көшіп келуі мұнда тіршіліктің жанданғанын көрсетті. Жағдай өзге қалалардың мойын бұрып, кәсіпкерлердің инвестиция құюына әкелді. Қазір Те-Вудленс әлемдегі спутник қала терминінің жарқын үлгісі болып тұр. Деректерге мән берсек, әлемдегі үлкен қалалардың іргесінде спутник қала орын тепкен. Мысалы, Лондонда (Базилдон), Мадридте (Трес-Кантос), Мәскеуде (Зеленоград), Парижде (Эври), Дели (Гургаон) мен Хельсинкиде (Вантаа) бар. Бірқатары жанданып, өз алдына дамып, мемлекетке табыс әкелетін жағдайға жеткен. Мұндайда Сеул маңындағы спутник қалаларды мақалаға арқау етсек болады. Кенгидо аймағында орналасқан спутник қалалар Сеулдің өсуіне ықпал етіп отыр. Ондағы халық саны да көп. Бір ғана Сувонның өзінде 1,24 млн-нан астам халық тұрады. Әрі Оңтүстік Корея астанасы маңындағы қалалар туристік орталыққа айналып үлгерді. Үлкен қаладағы өмір ағысынан шаршап, тіршіліктен қажыған жұрт тынышын спутник қаладан тауып жүр. Өйткені ол жер астанаға жақын әрі бар жағдай жасалған. Кейбір қажеттілік үшін ғана Сеулге бармаса, басқа жағдайға келгенде олар Кенгидоны таңдайды. Осындайда Cushman&Wakefield компаниясындағы стратегиялық консалтинг бөлімінің директоры Илья Кузнецовтың айтқаны еске түседі. Оның айтуынша, спутник қаланы үлкен қаланың қосымшасы ретінде жоспарлау дұрыс емес. Қала дербес дамығанда да адамдар сонда өмір сүруді қалайды. Шағын қалада жақсы жұмыс орындарын ашу жағы да күрделі мәселе екенін алға тартады. Илья Кузнецов тағы бір фактіні естен шығармауды ұсынады. Ол – қала маңында тұратындардың жұмысы ірі қалада екені. Сондықтан көлік инфрақұрылымы мен үлкен қаламен байланыс жайы маңызды.Қосшыны болашақта не күтіп тұр?
Иә, жоғарыдағы маман сөзін оқысаңыз, көз алдыңызға елорда маңындағы Қосшы ауылдық округі келеді. Қосшыны елорда іргесіндегі спутник қала ретінде дамыту жоспары бұрыннан бар. 2017 жылы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдері астананың агломерациясын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойғаны есімізде. Оған Ақмола облысындағы 123 елді мекен енген. Оның ішіне Аршалы, Шортанды, Целиноград ауданындағы елді мекендермен қатар, Ақкөл ауданындағы төрт округ кіреді. Деректерге сүйенсек, қала маңындағы аймақтың жалпы көлемі 256,5 мың гектар екен. Қазір 1 млн 200 мыңнан астам халық агломерация аумағында тұрады. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 33%-ға өсіп, 1 млн 600 мың адамға жетеді екен. Демек, жоспар жасағанда келешекті бетке алып, кемшін тұсты дөп тапқан дұрыс. Осы жерден елорда агломерациядағы майшаммен қарайтын мәселе халықтың тығыз орналасуы екені айқын көрінеді.Көлік жүйесі төңіректегі елді мекенді қамтыса
Елорда төңірегінде тұрғындар тығыз қоныстанған төрт-бес бағыт бар екені анық. Қосшыдан бөлек, Қорғалжын тасжолы бойындағы Қараөткел, Атбасар бағытындағы Талапкер мен Қажымұқан ауылдары, Павлодар тасжолы бағытындағы Қоянды, Қарағанды жақтағы Жібек жолы елді мекендері астанамызды қоршай орналасқан. Егер қаланы жүйелі дамытар болсақ, аталған бағыттар елордаға серіктес қалашықтарға айналуы бек мүмкін. Дегенмен дәл қазіргі таңда бұл елді мекендерге қатысты дер кезінде шешетін бір мәселе бар. Ол – көлік инфрақұрылымы. Елордада салынып жатқан LRT жүйесі әуежайдан жаңа теміржол вокзалы бағытына емес, қаланың сыртқы айналма тасжолы тәрізді төңіректегі елді мекендерді жалғастырар болса, экономикалық тұрғыда да, халыққа қолайлылығы жағынан да пайдалы болар еді. Оның үстіне, қала экологиясына да оң әсер етері анық. Егер LRT жүйесі іргедегі ауылдарды қамтыса, қалаға ағылатын жеңіл көліктер саны да азайып, кептелістен бастап, жолдың тозуына дейін азайтуға мүмкіндік бар. Әрине, бұл біздің пайымымыз. Нұр-Сұлтанға серіктес елді мекендерге LRT жүйесін тартудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған мамандар жайлы естіген жоқпыз. Бәлкім, есеп-қисап жасағандар LRT тек әуежайдан вокзалға дейін тиімді деген болуы мүмкін. Егер оны біз сөз еткен Қосшыға дейін созып, келесі тізбегін кемі Жібек жолы ауылына жеткізсе, аталған көлікті пайдаланатындар саны күрт өсері анық. Демек, елордаға серіктес қалаларды қалыптастыруда алдымен жан-жақты зерттеу, есеп-қисап керек болып тұр. Әйтпесе, серіктес қала қалыптастыру сәндік үшін жасалатын тірлік емес.