«Айқын» газетіне «Жасырын» лауреат немесе Ленин сыйлығын алған қанша қазақ бар?» деген мақаламыз жарық көрген күннің ертесіне белгілі журналист, қазақ журналистикасының жампозы Жанболат Аупбаев ағамыз қоңырау шалып: «Тізіміңе тағы бір кісіні қосып қой, академик Мұрат Айтхожин, Ленин сыйлығын 1976 жылы алған» деді.
Өткенде жазғанбыз: қазақтан Ленин сыйлығын алған азаматтар – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Халел Өзбекғалиев және Халел Әубәкіров деп. Кеңестік заманда Ленин сыйлығы кім көрінгенге берілмейтін. Себебі бұл сыйлық бүкіл Одақтағы ғылыми жетістіктер үшін берілетін атақтардың ең жоғарғысы болатын. Ленин сыйлығы сол заманда әйгілі Нобель сыйлығымен пара-пар тұратын.
Осы топтың басында тұрған Мұхтар мен Қаныш Алаш идеясымен қаруланған азаматтар. Кезінде «Сендерде тарих та, мәдениет те болмаған» деген шовинистік көзқарас Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін мүлдем елеусіз қалдырды. Дүниеден аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Шоқан Уәлихановтың біраз мұрасын Әлкей Марғұлан саналы ғұмырының біраз бөлігін сарп етіп, жинақтап беріп кетті.
Тарихшы Төкен Ибрагимов айтты деген бір әңгіме бар: «Аумалы-төкпелі 20-жылдары Ташкент қаласында Алаш арыстары бір түнде қамауға алынады да, бір камераға тоғытылады. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарының араларындағы ең жасы Мұхтар Әуезов екен. Бір күні, кезекті қатал тергеуден кейін, өзара әңгіме барысында Мұхтар Әуезов «Сіздер қиналмаңыздар, мен бәрін өз мойныма алайын», – дейді. Сол кезде Ахаң жарықтық: «Мойныма аламын дейді, естідіңдер ме? Мұхтар-ау, бізге мына қара халқымыздың амандығы үшін, ұлтымыздың бүтіндігі, теңдігі, бостандығы, өзінің дербес астанасы бар тәуелсіз ел болуы үшін мына сен сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастардың амандығы керек! Мұндай қызбалыққа салынба, біз бір ретін табармыз, сендер аман болыңдар! Сендердің амандықтарың болашаққа қажет!», — деген сөзді айтқан көрінеді.
Әдебиеттен Мұхтар Әуезов тұңғыш Ленин сыйлығын алған қазақ болса, одан кейін 1942 «Рудные месторождения Джезказганского района» деген 15 жылғы үздіксіз ғылыми еңбегі үшін Қаныш Сәтбаевқа Сталин сыйлығы берілген болатын. Сталин сыйлығы деген – Ленин сыйлығы!
1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі Уинстон Черчилль: «Барлық қазақтар сіз сияқты биік пе?» деп сұрапты. Сонда академик Қаныш Сәтбаев: «Жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі – мен, менің халқым – менен де биік» деп жауап берген екен.
Бұл әңгімелерден не түйеміз? Алаш азаматтары бір-бірін қолдай білген және ұлт мұраты жолында барынша адал, керек жерінде ұлық та, кішік те болғандығын байқаймыз.
Қазақ зиялылары ұлттың рухын асқақтатып, тәуелсіздігін алу жолында аянбай күресті. Кеңес билігі кезінде саяси қуғын-сүргін құрығына жаппай ілікті. Қаншама зиялы азамат жазықсыз сотталып, көбісі ату жазасына кесілді.
Негізі Абай – қазақ баласын ХХ ғасырға даярлаған тұлға. Алаш арыстары сол Абай идеялары мен рухынан нәр алған жандар. Олар ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық санасының оянуына тікелей ықпал етті. Өкінішке қарай көбісі Абай аманатын ақырына дейін орындай алмай, зұлмат заманның соққысына ұшырап мерт болды. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» деген поэмасы бар. Құлагер мәреге жете алмай кетті...Алаш арыстары да сол тұлпар тағдырын бастан кешті...
Мұстафа Шоқай: «ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады», – деген болатын.
Алаш зиялыларынан қалған сөз бар: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр».
Алаш арыстарының алды атылып, арты сотталып жатса да ұлттық рухы өлмеді. Отаршыл билік әркез ұлтқа тұтқа болатын азаматтарды қуғынға салып, қысым көрсетіп отырды. 40 жылдардың соңы мен 50 жылдардың басында саяси айыптауларға белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Е.Исмаилов, Т.Тәжібаев ілікті. Бірқатар биолог ғалымдарға, дәрігерлерге, геологтарға «космополит» деген айып тағып, қызметтен қуды. Қазақ халқы интеллигенциясының басын қырқып отыру саясаты 20-30 жылдар мен 40-50 жылдар аралығымен шектелмей, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де қылаң берді...
Қазақ баласының оқу-білім қуғандарының баратын жері Мәскеу мен Ленинград еді. Семенов-Тянь-Шанский қазақтар туралы жазбасында: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері – түгел тұнып тұрған білім», – деген екен. Сонда да жаңа ғасырда қазақтың талай талантты да талапты баласы оқуды кеңестік орталықтың төрінен алуға ұмтылды. Бұл қазіргі Оксфорд пен Гарвардқа барып оқығанмен тең дәреже-тұғын.
Мәскеуде оқыған бір топ қазақ жастары 1963 жылдың қараша айында «Жас тұлпар» атты ұйым құрды. Олардың көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Мұрат Айтхожин, Алтай Қыдыржанов, Қайрат Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Болат Хисаров, Мұрат Ғылманов, Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Ізбасар Рахымбаев, Мақаш Тәтімов, Жәмилә Намазбаева, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, Алдар Тұңғышбаев тәрізді азаматтар болды.
Әміржан Әлпейісовтің «Жас тұлпар дүбірі» атты деректі повесінде: «Алаш идеясы жастұлпарлықтарды дүниеге әкелді, ал, олар қазақ жастарын оятты. Тәуелсіз, бостандықтағы ел болу үшін ұлтының көзқарасын өзгертіп жаңа болмыс, ойлы санаға жетеледі. Жастұлпарлықтар әсіресе, Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан қазақ жастарын мектептен кейін сыныбымен ауылда қалдырып, мал баққызуды геноцидтің бір түріне санады. Салпаңдап мал соңында жүре берсе аштан өлмес, бірақ көштен қалып қоятыны айдан анық. «Ой еңбегін ұршықша иіретін қазақта қабілет жетеді», – деп Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовті мысалға келтіріп жүрді. Әсіресе, Болатхан Тайжан барлық кездесулерде ауылды жерде мектеп бітірген балаларды сыныбымен комсомол ұйымдарының қой бағуға жіберетінін әшкерелеп, «бұл адам құқығын бұзу» деп айтып та, дәлелдеп те жүрді. «Бәріміз бірдей қойшы болсақ, құл болармыз, бәріміз бірдей тойшыл болсақ, жын болармыз» деп айтудан жалықпады. Шынында да, жас түлекке аттестатын бермей, қой баққызып қою барып тұрған надандық еді. Мұндай көрсоқырлықтар ұлттың дамуын тежеу үшін әдейі істелінді», – деп жазды.
Жастұлпарлықтардың үгіт-насихаты негізінде әр жерде түрлі бірлестіктер, жасырын ұйымдар, сырттан оқитын студенттер арасында өзге қалалардан бөлімшелер құрылды. Алаш зиялыларынан кейін қазақтың тілінің көркемдігін, ұрпақ санасына ұлтшыл ұғымын сіңдіруге үлес қосқандар да жастұлпарлықтар еді. Оларға «Бүлікші, Алашорданың күшіктері өсіп, Кеңес өкіметін құлатпақшы», – деп айып таққандар да болды. Жастұлпарлықтардың бәрі негізінен алғанда Ресейде оқитын қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары еді. Олар Алаш зиялыларындай басшысы дана, қоғамы дара, ел еңсесі биік, ердің бағы жанып, ұлты бақытты болатын кезеңді аңсады.
Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезді. Қазақ ұлтының өркениет көшінен қалмай, әлемде өзіне тиесілі орын алуын көкседі. Жастұлпарлықтар үш бағытта жұмыс істеген екен. Бірінші бағыт – Қазақстаннан тыс жерде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету. Ұйымшылдық, бауырмашылық және қолқабыс мәселелері. Екіншісі – қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап, елмен танысу, бұқара халықпен тікелей байланыс орнату. Үшінші бағыт, бұл – ұлт мәселесі. Ұлттық мәселеге байланысты көне мұраларды, ескі кітаптарды зерделеу. Тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге жол іздеді. Ана тілін, дінін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін күрес құралының көзіне айналдырды.Мұрат Айтхожин:Шынайы ғалым өз қызметін жарнамалауды ұнатпайды. Алайда ғалым өзінің өмір жолын бағалап, қорытынды жасаса – бұл басқа мәселе. Бұл жағдайда ғылымды насихаттауға айтарлықтай ықпал етеді. Бірақ бұл тәжірибесі мол, көп өмір сүрген, бай өмірбаяны бар ғалымның нақыл өсиеті болуы керек.
«Жас тұлпар» қозғалысы мыңдаған жастардың басын қосып, санасын оятты. Жастұлпарлықтардың қатарынан қазақ зиялы қауымының жаңа буыны өсіп шықты. Ұлтты сүю деген қасиеттің арқасында Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуына үлес те қосты, өздері де өсті. Әсіресе, білім, ғылым, өнер және өнеркәсіп саласының талай көшбастар майталмандары шықты. Олардың қатарында Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Ленин сыйлығының лауреаты Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, Қазақстан вице премьер-министрі Ғалым Әбілсейітов, Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлттық ядролық орталығы бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Қазақстанның биотехнологиялық ұлттық орталығының бас директоры, академик Мұрат Ғылманов, Ғылым академиясының биоинженерлік институтының директоры, академик Ізбасар Рахымбаев, дефектология саласының ұйымдастырушысы, академик Жәмилә Намазбаева, Қазақстан Байланыс министрі орынбасары Алдар Тұңғышбаев болды.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кентау, Жаңатас, Рудный тәрізді шағын қалалар бой түзеп, кейін олардың саны 47-ге жетті. Сол тұста Қарағанды металлургия комбинаты тұңғыш прокат болатын өндіріп, дүниежүзіне паш етті. Ермак жылу-электр стансасы, Қапшағай су электр стансасы іске қосылды, кейінірек 80-ші жылдардың басында Одаққа мәшһүр аса қуатты Екібастұз электр стансасының алғашқы блоктарының генераторлары ток бере бастады. Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпа, жаңа Жамбыл фосфор зауыттары, Петропавл, Орал мәшине жасау өнеркәсіп орындары сапалы, тың өнімдер өндіріп шығарды.
Қазақстан ғылымы да қарыштап дамыды. Биотехнология өркендеп, академик Мұрат Айтхожин бастаған ғалымдар Ленин сыйлығының лауреаты атанды. Математик Мұхтар Өтелбаев жарқ етіп шықты. Ғылым академиясында ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын зерттеу секторы ашылды. Есік қорғанынан «Алтын адам» табылып, қазақтың сонау сақ заманынан бергі тарихының жаңа парақтары ашылды. Әдебиет пен мәдениетіміз де кең қанат жайды. 1974 жылы Халық артисі Серке Қожамқұлов, 1976 жылы Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов Социалистік Еңбек Ері атанды, көптеген ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері КСРО, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттығына, КСРО Халық артисі атақтарына ие болды. Ол кезде бұл үлкен дәреже, зор абырой саналды.
Солтүстік Қазақстан өңірі қазаққа Евней Бөкетов, Ғазиз Ташенов, Еренғайып Шайхутдинов, Аманжол Қошанов, Мұрат Айтхожин, Оразгелді Баймұратов, секілді ғалымдарды берген қасиетті өлке.
Мұрат Айтхожин – 1939 жылы 29 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар қаласында дүниеге келген. Айтхожиндер әулеті – түгел дерлік ғылымға ден қойған жандар. Нариман Айтхожин радиоаспап құрылғылары саласында үлкен жетістіктерге жетіп, Кеңестік зымыран қаруынан қорғаныс жүйесінің пайда болуына әсер еткен ғалымдардың бірі болса, Сабыр Айтхожин – жартылай тоқ өткізгіштік және транзистор саласында елеулі еңбек еткен ғалым. Ал Нағима Айтхожина – геномика саласындағы халықаралық дәрежеде танымал ғалым. Назира Айтхожина – биология ғылымдарының докторы, фитопатогенді микроорганизмдер саласындағы ірі ғалым. Марат Айтхожин – геология саласындағы білікті ғалымдардың бірі. Мұрат 1962 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биологиялық-топырақ саласындағы факультетін бітірген, бірақ оқудың көп уақытын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткізеді. Студент ретінде Мұрат Әбенұлы нуклеин қышқылдары бойынша А.Белозерский және А.Спирин басшылығымен зерттеу жұмыстарын бастайды. 1961 жылы Ашхабадта өткен Орта Азия және Қазақстан студенттерінің IV ғылыми конференциясында «РНКазы диаминдермен ингибирлеу» атты оның курстық жұмысы бірінші сыйлыққа ие болады.
Ғылым жолына бет бұрған Мұрат Айтхожинның «Рибосомның жасырын деградациялануы туралы» дипломдық жұмысының нәтижелері «Биохимия» журналында жарияланады. Ғылыми жұмыс М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында биология ғылымдарының докторы, кейіннен академик, Ленин сыйлығының лауреаты, ақуыз институтының директоры А.Спириннің жетекшілігімен жалғасады.
Алаш зиялыларынан қалған сөз бар: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр».
1966 жылы Мұрат Айтхожин «рибонуклеин қышқылдары вьюна Misgurnus fossilis ерте эмбриогенезінде» тақырыбында диссертация қорғайды. Биология ғылымдарының кандидаты атанады. Осы зерттеулерде белгіленген ең маңызды фактор – жануарлардың цитоплазмасында рибонуклеопротеидті бөлшектер ақпараттық РНК (мРНК) өмір сүруінің жаңа түрінің ашылуы – информосом түрінде. Кейінірек, Қазақстанда М. Айтхожин өсімдік жасушаларында информосом бар екенін анықтады, бұл мРНК рибонуклеопротеидтік ұйымының әмбебаптығын дәлелдейді.
1966 жылдан бастап Мұрат Айтхожиннің ғылыми қызметі ҚазССР Ғылым академиясымен байланысты болды. Республикада молекулалық биологияны дамыту қажеттілігі, оның ҚазССР ҒА Ботаника институтында ақуыз және нуклеин қышқылдары зертханасын ұйымдастыруға ықпал етті. Бұл жұмыстарда бірінші рет өсімдіктердің рибонуклеопротеидтерінің әртүрлі кластарының физикалық-химиялық қасиеттерінің толық сипаттамасы берілді, бидай ұрықтарының жетілуі мен өсуі кезінде информосоммен синтездеу зерттелді, функционалдық белсенділігі бар гибридті рибосомды құру және зерттеу бойынша бірегей эксперименттер жүргізілді. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі кезінде оның клеткаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық РНК-ның биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік клеткаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулер эволюция теориясы үшін үлкен маңызға ие болды және М.Айтхожинның «жоғары өсімдіктердің рибонуклеопротеидті бөлшектері» атты докторлық диссертациясында толық сипатталды. Айтхожин 1976 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «молекулалық биология» мамандығы бойынша ғылым докторы дипломын алады. Сол жылы Мұрат Айтхожинге «информосомның ашылуы – жасушаішілік бөлшектердің жаңа класын ашу» жұмыс циклі үшін Ленин сыйлығы берілді.
Ленин сыйлығын алғанда Мұрат Айтхожин бар болғаны 37 жаста екен. Отыз жеті жасыңызда сіз не бітірдіңіз, біз не бітірдік?
Мұрат Әбенұлы бүкіл білімі мен бойындағы қайрат-күшін Қазақстан ғылымының өркендеуіне жұмсағанын көреміз. Биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасайды. Қазақстан ғылым академиясының жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын аштыртады. Осы институт құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораторияларын, Биотехнология орталығын ұйымдастырады. Ғұлама ғалым өле-өлгенше ғылым мен білім жолында болғанын аңғаруға болады.
Серік Негимовтың бір жазбасында «Ленин сыйлығының лауреаты, 1986-1987 жылдардағы Қазақ ССР ҒА-ның президенті Мұрат Айтхожин күн сайын «Орталық ғылыми кітапханада» қаншалықты ғылыми қызметкерлер дайындалғаны жөнінде мәліметтер сұрататын», – деп жазыпты. Қазақстанда биологияның жаңа бағыттарын дамыту үшін Мұрат Әбенұлы 1983 жылы биохимияның молекулалық биология институтын не үшін ұйымдастырды? Ол бұл саланың болашағы зор екендігіне сенді. Институтта жасушалық инженерия, трансгеноз және генетикалық инженерия зертханалары құрылды. Институт құрылғаннан кейін, бір жылдан соң, оның базасында «Биоорганикалық химия және молекулалық биология болашағы» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиум жұмысына молекулалық биология және биоорганикалық химия саласындағы әлемнің жетекші ғалымдары, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары Л. Поллинг, Д. Ходжкин қатысты. 1986 жылдың сәуір айынан соңғы күніне дейін академик М. Айтхожин Қазақ ССР Ғылым академиясын басқарды, ғылыми-ұйымдастыру қызметін академиялық ғылымның ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі шептеріне шығуын қамтамасыз етуге бағыттады. Мұрат Айтхожин тұңғыш рет Қазақ мемлекеттік университетінің биологиялық факультеті студенттері үшін молекулалық биология және бірқатар арнайы курстар енгізді. Оның жетекшілігімен 12 кандидаттық диссертация қорғалған. Мұрат Әбенұлы – талантты ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде ел-жұрттың есінде қалды. Биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Ізбасар Рахымбаев «Мұрат өзінің курстастары мен әріптестерінің арасында ерекшеленетін. Қандай бір іспен айналысса да, Айтхожин әрдайым асығатын, барлығын тезірек тындырғысы келетін. Қазақстандық биологияны, ғылым ретінде, озық деп санайды және бұған оның сіңірген еңбегі зор. Ірі ғалым бола тұра, ол ғылыми кадрларды даярлау мәселесіне үлкен көңіл бөлді», – деп еске алады.
Мұрат Айтхожин – халықаралық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен, «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
1987 жылы 19 желтоқсанда Мұрат Айтхожин өмірден өтті. Небәрі – 48 жасында! Шоқан сияқты жарқ етіп көрініп, жалт етіп аққан жұлдыз! Құлагер тағдырлы қазақ!
2005 жылғы 3 наурыздағы Қазақстан Үкіметінің Қаулысына сәйкес В.Ленин атындағы №1 орта мектебі академик Мұрат Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектеп болып өзгертілді. Алматыда Айтхожин тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған, Молекулалық биология және биохимия институты оның есімімен аталады.
Биыл аса көрнекті ғалымның туғанына 80 жыл толды. Әлем мойындаған ғалымды біз қаншалықты ардақтай алдық? Ардақтап жүрміз бе?
Бұл сұрақтың жауабына келгенде тосылып қалатын тәріздіміз...Солай...