Қылмыстық кодекстің 130-бабына қатысты дау-дамайдың дабырасын баяғыдан естіп жүрміз. Яғни, бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес. «Жала жабуды» декриминализациялау туралы әдемі әңгімелер биік-биік мінбелерде бірнеше рет айтылған. Сонау 2010 жылы Қазақстан басшылары OSCE-дегі төрағалығы аяқталғанға дейін аталмыш бапты қылмыс санатынан шығаруға уәде берген. Амал қанша, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Әйтсе де, сот жүйесін ізгілендіру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұған дейін жеңіл-желпі құқықбұзушылықтарды Әкімшілік кодекске көшірудің 3-4 кезеңі жүзеге асқан.
Былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында адвокат Айман Омарова «Жала жабу» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастайтын мезгіл жеткенін мәлімдеді. Қоғам белсенділерінің дені оны қолдаса, кейбірі қолданыстағы норманың сақталуын талап етті. Кейін, кеңестің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси модернизация жасауға арналған бірқатар ұсынысын жариялады. Соның ішінде «Жала жабу» бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.
Сонымен, биыл 11 маусымда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттен өтті. 27 маусымда Президент атаулы құжатқа қол қойды. Мәселені Мемлекет басшысының қаперіне салған Айман Омарова қуанышын жасыра алмай отыр.
– Өте керемет жаңалық! Мемлекет бұл проблемаға қаншама жыл бойы бейжай қарап келді. Президентке мың да бір алғыс! Демократия стандарттарына сәйкес шешім ғой. Адамды сөйлеген сөзі үшін қамауға болмайды. Кейде журналист білместікпен жаңсақ жазуы мүмкін, кейде біреудің жалған ақпаратын жариялап жіберуі мүмкін. «Жала жабуды» декриминализациялау сөз бостандығына оң әсер етеді. Енді журналистер ешкімге жалтақтамай жазады. Ал әкімшілік жауапқа тартудың жөні бөлек, – дейді адвокат.
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпековтің пайымы да осы ауқымнан ауа жайылмайды.
– Дұрыс нәрсе деп есептеймін. Шынында да, адам біреуді балағаттап, қатты-қатты сөйлесе немесе сыртынан естіген өсек-аяңды жайса, оның бәрін жала жабу деп қабылдап, сотқа сүйреудің қажеті жоқ. Әрі-беріден соң қазақтың болмысына тән мінездер ғой. Мемлекет құқықтық тетіктерін жасап берді, тек жаңа заңды өз орнымен пайдалану керек, – дейді заңгер.
Иә, жаңа заңның мақсаты – жазаны жұмсарту. Алайда кейбір құқық қорғаушылардың пікірінше, «Жала жабу» бабымен айыпталғандарға орасан айыппұл салудың өзі тілшілердің еркіндігін шектеп, шығармашылығын тежейді. Журналистер мен редакциялардан ірі көлемде моральдық шығын өндірілуі ықтимал. Онда бұл бастама, керісінше, сөз бостандығына кесірін тигізбек. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Жазықсыз жанға көпе-көрінеу күйе жағу – қатерлі құбылыс. Жала жапқан адам жазалануы тиіс. Президент оны Қылмыс санатынан шығарса да, басқа азаматтардың ар-намысын мейлінше қорғап, жауапкершілікті жоғары деңгейде сақтау маңызды екенін ескерткен.
– Жала жапқандарға айыппұл мөлшерін көбейтіп, кәдімгідей қалтадан ұратын дәрежеге көтеру керек. Сонда бәрі тіліне, қаламына ықтият болады. Өйткені жаңа заңды әркім өз мүддесіне пайдаланып, ойына келгенді айтса, қызметкерлер бастығын жамандаса, журналистер жалған ақпарат таратса, оларды басқаша қалай тыямыз? Ең бастысы, жала жабушыларға тосқауыл қоюға Әкімшілік кодекс жеткілікті, – дейді Рамазан Сәрпеков.
Ал осы баппен түрмеге түскендер рақымшылыққа іліне ме? Сотқа тартылып жатқандардың ісі тоқтатыла ма? Заң ғылымдарының докторы, профессор Сәрпековтің бұған да жауабы дайын.
– Әрине, декриминализацияға дейін сотталған адамдар бостандыққа шығады. Себебі бұл енді қылмыс ретінде танылмайды. «Жала жабу» бабымен жазаланған барлық азаматтың ісі жаңа заң бойынша қайтадан қаралуы қажет. Мемлекеттегі қылмыстың саясаттың бір қағидаты осындай. Мысалы, ауыр қылмыспен 10 жылға сотталғандар бар. Ізгілендіруден соң дәл сондай қылмыстың жазасы 8 жылға, 5 жылға азаюы мүмкін. Ол адамға 10 жылыңды толық өте деп шарт қоюға қақымыз жоқ, – дейді ғалым.
Айтпақшы, қаңтар айында Түркістан облысында тұратын журналист Амангелді Батырбековтен сот кешірім сұрады. Заң өкілдері «Жала жабу» және «Абырой мен қадір-қасиетке нұқсан келтіру» бабымен сотталған журналисті 27 ай түрме жазасына кескен үкімнің күшін жойды. Бір қарағанда, бұл еліміздің құқықтық тәжірибесіне сирек кездесетін оқиға сияқты. Қазақстан соттарында ақтау үкімдерінің үлесі – небәрі 1-3 пайыз айналасында. Дегенмен Бас прокуратураның дерегіне үңілсек, 2019 жылы Қазақстанда «Жала жабу» және «Абырой мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру» айыптарымен журналистерге қарсы 26 іс қозғалыпты. Оның 89 пайызында күдіктілер ақталып шыққан.
Тағы бір санайғақ. Қазақстан «Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде» 180 елдің арасында 157-орында тұр. Күні бүгінге дейін «Жала жабу» бабы Орталық Азияда тек Өзбекстан мен Қазақстанда ғана қылмыстық іс саналатын. Жаңағы рейтингте ең соңғы 180-орынды місе тұтатын Түркіменстанның өзі «Жала жабуды» 2014 жылы қылмыстық заңнан алып тастаған. Ресейде «Жала жабу» бабы 2011 жылы декриминализация-ланып, 2012 жылы Қылмыстық кодекске қайта қосылған.
Түйін: Сөз бостандығы өркениетті һәм демократиялық елдерге тән. Ақпарат құралдары азат болса, шенеуніктер де қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетіні анық. Журналистер жазған дүниесі үшін сотталып кетеміз деп қорықпаса, талай тақырып ашық талқыланып, көп шындықтың беті ашылар еді.