Жұмыссыз жастар саны азайды

Жұмыссыз жастар саны азайды

Сарапшылар былтырдан бері жалпы жұмыссыздар санының төмендегенін алға тартады. Олардың саны бір жыл ішінде 5,8 пайызға азайған. Дегенмен биыл жағдайдың қалай болары белгісіз. Өйткені пандемияның кері әсері де болуы ғажап емес. Ал нақты деректерге келсек, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 15-28 жас аралығындағы 78,9 мың азамат ресми түрде жұ­мыс­сыз ретінде тіркеліпті. Бұл – жұ­мыс­сыздардың 17,8 пайызы. Егер жастар арасындағы жұ­мыссыздық деңгейін аймақтар тұр­ғысынан сараптасақ, Ал­матыда 15,7 мың бойжеткен мен жігіт жұмыс іздеген. Одан соң 7,7 мың жұмыссыз жас тіркелген Алматы облысы мен 6,4 мың жұмыссыз жастары бар Түркістан облысы статистикадағы алғашқы үштікті қорытындылайды. Жалпы, 15-28 жас аралығындағы жұмыс істеп жүрген жастардың саны алғашқы тоқсанда 2 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 3,2 па­йыз аз. Былтыр қаңтар-сәуір ай­ларында жұмыс істеген жас­тар саны 2,1 млн болған еді. Бұл дегеніңіз 2020 жылдың сал­­ған беттен жастарға салмақ жүктегенін байқатады. Әсіресе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жұмыссыз қалған жастар саны өзге ай­мақтарға қарағанда көбірек тіркелген. Әзірге жағдайдың бұ­лай қалыптасуының себебін анықтау қиын. Іс жүзінде еңбек нарығындағы бәсеке жоғары саналатын Алматы қаласында, Түркістан мен Алматы облыс­тарында жұмыс істейтін жас­тардың қарасы мол болды. Ай­талық, Алматы облысында 15-28 жас аралығындағы 247,7 мың азамат жұмыс істесе, Ал­маты қаласында олардың саны 245,8 мың, Түркістан облысында 175,5 мың болды. Яғ­ни, еңбек нарығындағы бә­секе қаншалықты күшті бол­са, жастардың аталған нарық­тан жұмыс табу мүмкіндігі де сон­шалықты зор болатыны бай­қалады. Бұл жас азаматтардың бәсекелестік қабілетінің артқа­нын көрсетеді. Алайда жастардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда 18,1 пайызы немесе 365,9 мың адам сауда саласында, 241,9 мың адам ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласында еңбек етеді. Одан бөлек, 232,7 мың адам білім беру саласында қызмет етіп жүр. Дәл осы статистиканың өзі қоғамдағы кейбір стереотипті қайта қарауға мәжбүрлейтін тәрізді. Өйткені жұмыс істейтін жастардың оннан бірінен астамы ауыл шаруашылығы саласында. Олардың саны тіпті жас педагогтер молынан қызмет ететін білім беру саласынан да мол. Демек, мемлекет жастардың ауыл шаруашылығы саласына бет бұруын одан әрмен қолдап, ынталандыру тетіктерін молынан пайдаланғаны артықтық етпесе керек. Өйткені сырт көзге жастар бұл салаға бара қоймайтындай көрінеді. Олардың көбі сауда-саттық, қызмет көрсету, білім беру, құрылыс салаларында, одан соң мемлекеттік қызметте жүргендей көрінетін. Іс жүзінде олай болмай шықты. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жастар саны құрылыс пен мемлекеттік қызмет саласындағы замандастардан да мол болды. Соңғы екі салада тиісінше 148,3 және 136,2 мың жас азамат еңбек етуде. Алайда бұл зерттеудің 2020 жылдың бірінші тоқсанға қатысты деректер ұсынғанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Наурыз айында бас­талған карантин шаралары, пандемияның ырық бермей тұруы биылғы екінші тоқсандағы көрсеткішті күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Бірақ жастардың жұ­мыс істеуге құштарлығы, олар еңбек етіп жүрген салалар ара­қатынасының өзгеруі жастар саясатын ұйымдастырушыларға бағыт көрсетіп тұрғандай көрінеді. Әсіресе, балық, орман және ауыл шаруашылығы са­ласына қызыққан жастарды атал­ған бағыт несімен қы­зық­тырғаны, табыстарының қаншалықты болғаны, оларды аталған бағытта ұстап тұру үшін не істеу керек екені зерделенгені дұрыс. Өйткені қалай болғанда да Қазақстанның иек артар экономикалық бағытының бірі – ауыл шаруашылығы. Ал оған жастар көбірек қызықса, инновация да, креативті ойлар да салаға көбірек тартылары сөзсіз.  

Е.НҰРЕКЕШ