«ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» жұмысы 2019 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының алдын ала іріктеуінен сәтті өтті.
«Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер» бағыты бойынша жұмыстар жүргізіп, отандық ғалымдар «ҚазТрансОйл» АҚ (бұдан әрі – ҚТО) базасында тез қататын және жоғары тұтқырлы мұнайды тасымалдауда есептеу, жоспарлау және оңтайландыру жүйесін құрды және өндіріске енгізді.
Инновациялық технология ҚТО-ға әлеуметтік-экономикалық басым мәселелерді шешумен бірге, ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруын қамтамасыз етті.
Сәтбаев университетінің ғалымдары – Бейсембетов Е.Қ., Бекібаев Т.Т., Жапбасбаев Ұ.Қ., Кенжалиев Б.К. және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның мамандары – Е.Махмотов, Б.К.Саяхов мұнай құбырлары арқылы тасымалдауда цифрлық технологияның табысты қолдануын көрсетті.
Мұнайды тасымалдауда цифрлық технологияның тартымдылығы неде? Әрине, энергияны үнемдеуде. Энергия үнемдеу құбырмен тасымалдау саласында мұнай кешенінің маңызды міндеттерінің бірі. Мұнайды құбырмен тасымалдау – кешенді энергетикалық жүйе.
Қазақстанның тұтқырлығы жоғары, тез қататын мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдаудың экономикасының тиімділігі негізінен мұнайды тасымалдау мен қыздыруға кететін энергияның шығынына байланысты.
Ғалымдар мұнай қоспаларын тасымалдау мен жылытудың шығыны бірінші кезекте сорғы қондырғылары мен жылу пештерінің жұмысының шығыны екенін анықтады. Өз кезегінде бұл жабдықтардың энергияны тұтынуы магистральдық құбырдағы жылу-гидравликалық сипаттамаларының және мұнай қоспасының технологиялық режимдерінің оңтайлы жағдайларын анықтаумен тікелей байланыстылығы көрсетілді.
Жұмыстың теориялық бөлігінде авторлар жоғарыда көрсетілген тасымалдаулардың жылу-гидравликалық есептері үшін математикалық модельдер мен әдістерді анықтады. Мұнайдың жылыту температурасын анықтау және бірнеше мұнай айдау стансалары мен жылыту бекеттері бар магистральды мұнай құбырларында мұнай қоспасын айдауда энергияны үнемдеуді оңтайландыру критерийі мен алгоритмдері құрылды.
Жұмыстың қолданбалы бөлігінде ғалымдар SmartTran инновациялық бағдарламалық жасақтаманы әзірледі. Олар SmartTran мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның БДБЖ (бақылау-диспетчерлік басқару жүйесі) және ЭЭКЕАЖ (электр энергияны комерциялық есептеудің автоматты жүйесі) ақпараттық жүйелерімен біріктіру арқылы цифрлық технологияны құрды.
SmartTran бағдарламалық модульдері БДБЖ жүйесімен бірге сорғылар мен жылу пештерінің көрсеткіштер өзгерістерін, бүкіл магистральды мұнай құбыры бойынша жылугидравликалық сипаттамаларын және топырақтың жылу өткізгіштігін анықтауға мүмкіндік берді.
Жұмыста мұнай мен мұнай қоспаларын тасымалдаудың келесі экономикалық тиімділіктері көрсетілген:
– депрессорлық қоспалармен тасымалдауды сорғылардың энергия үнемдеу режимдерін анықтау;
– «ыстық» тасымалдаудың энергия үнемдеу режимдерін анықтау;
– тез қататын және жоғары тұтқырлы мұнай қоспаларын тасымалдаудың дәйекті режимдерінің энергия үнемдеу режимдерін анықтау;
– ҚТО мұнай құбыры бағытындағы тасымалдаудың энергия үнемдеу режимдерін анықтау.
Жұмыста алынған нәтижелердің халықаралық деңгейін Web of Science, Scopus және РИНЦ дерекқорларына кіретін шетелдік журналдарда шыққан мақалалар растайды.
Жұмыста келтірілген және практикада бекітілген нәтижелер осы авторлар 2019 жылы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болуына лайықты деп санаймын.
Мақтағали БЕКТЕМІСОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор