Тіл, діл, рух. Осы үшеуі үйлесім тапқан жерде ұлттан ұят қашпайды. Бұлардың бәрінің басын қосатын да руханият. Яғни, рух – ұят деген сөз.
Осыдан екі жыл бұрын, 2018 жылдың 13 маусымында Елбасының Жарлығымен қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 1 шілде Ұлттық домбыра күні болып белгіленген еді.
Былтыр осы күн аса жоғары деңгейде аталып өтті. Осы шарада Қасым-Жомарт Кемелұлы былай деді:
– Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс.
Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастары жалғастырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болады. Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаздарымызға лайықты қолдау көрсете білуіміз керек.