Бүгін 2 шілде – Дипломатия қызметкерлерінің күні. Олай болса өткен кезеңде отандық сыртқы саясат қандай жетістіктерге жетті, халықаралық сахнадағы нендей асуларды бағындырды, аталған жауапкершілігі зор салада қажырлы еңбегімен кімдер есте қалды деген сұрақтардың туындауы әбден орынды. Өткенімізге көз жүгіртер болсақ, Қазақ дипломатиясының тарихы көптеген ғасырлармен өлшенетінін аңғарамыз. Даңқты Сақ патшалығынан бастап, бертін келе Түркі қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Ұлы даланы ордасы еткен басқа өркениеттердің жеңістері тек найзаның ұшымен, білектің күшімен өлшенбесі анық. Тағдырдың аумалы-төкпелі кезеңдерінде бірқатар басқа елдер сияқты құрып кетпей жері мен мемлекетінен айырылып қалмаудың да бірден-бір амалы мықты дипломатия болды. Басқасын былай қойғанда ұзақ уақыт Ресей, Қытай, Жоңғардың, Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтары арасында отырып аман қалу көп жағдайда Қазақ хандарының шебер де көрегенді сыртқы саясатының арқасы екендігіне күмән келтіруге болмас. Бүгінгі заманғы Қазақ дипломатиясын сөз етсек, өз бастауын ол еліміз Тәуелсіздік алған сындарлы 1991 жылдан алады. Рас, формалды түрде Қазақстан совет дәуірінде де жергілікті үкімет, жоғарғы кеңес, министрліктер секілді өзін-өзі басқару тетіктеріне иелік етті. Алайда онысы белгілі дәрежеде халық шаруашылығы, өндіріс, әлеуметтік жүйе секілді салаларда көрініс тапса, сыртқы саясатқа келгенде әлгіндей дербестік тек шартты түсінік болды. Іс жүзінде қоршаған әлемнен оқшауланып, халықаралық қатынастарды өз жұдырығында Мәскеу ұстады. Тиісті саланың мамандарын дайындауға келгенде де кеңестік билік басымдықты славян ұлтының өкілдері мен кавказдықтарға берді. 70 жыл бойында КСРО-ның жүздеген елшілері қатарында Қазақтың болғаны екі-ақ баласы осы мансапқа жеткені айтылғанға дәлел. Оның бірі Сауд Арабиясында 1920 жылдары елші болған Нәзір Төреқұлов болса (1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырып ату жазасына кесілді), екіншісі 1980 жылдары Мароккода елші қызметін атқарған Мәлік Фазылов еді. Қазақстан егемендікке қол жеткізген сәтте аталған олқылықты дереу еңсеру қажеттілігі туындады. Кез-келген елдің дипломатиясы оның ішкі саясатының жалғасы болып табылады. Бұндағы басты міндеттер елдің және өзі орналасқан аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жақынды-алысты мемлекеттермен қарым-қатынастарда шиеленістердің алдын алып өзара тиімді ықпалдастықты құру, айналып келгенде сырт күштердің ықпалын ұлттың бейбіт те үдемелі дамуына икемдеуге келіп саяды. Екінші жағынан саясат діттеген мақсатың алдыңнан шыға салатын қиял-ғажайыптар алаңы емес, тек туындаған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана алуды алға тартады. Әлемдік сахнаға енді ғана аяқ басқан мемлекетті көптеген қиындықтар күтіп тұрды. Бірінші ретте күн тәртібінде «қызыл империяның» күйреуінен туындаған тәуекелдерге төтеп беру, бұрынғы метрополия – Ресеймен жаңаша байланыстарды бекіту, Қытай сияқты екінші алып империямен игі көршілестікке қол жеткізу, АҚШ бастаған Батыс елдерінің коалициясының сесіне қарсы тұру, Түркітілдес қауымдастықпен қоян-қолтық араласу, шекара мәселесін тарқату, сепаратизм мен терроризмнің қаупін ауыздықтау, басқа да кезек күттірметін мәселелер тікесінен тұрды. Осындай қиын-қыстау сәтте президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі білікті мамандармен қатар аталған жұмысқа Мәскеуде кәсіби дипломатия саласында жүрген жерлестерімізді жұмылдырды. Сыртқы істер министрілігінің қалыптасуына қажетті заңдық, ұйымдастырушылық алғышарттар, кадрларды дайындаудың озық жүйесі қамтамасыз етілді. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақ дипломатиясы басқа елдермен қай жағынан алғанда да терезесі тең дәрежеге қол жеткізді. Бүгінде аталған міндеттің орындалуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдерінің есімдерін алғыспен және мақтанышпен атай аламыз. Олар: Қасым-Жомарт Тоқаев, Михаил Есеналиев, Төлеутай Сүлейменов, Ақмарал Арыстанбекова, Вячеслав Ғиззатов, Ыбрайым Аманғалиев, Сайлау Батыршаұлы, Қайыр Омаров, Биғали Тұрарбеков, Әуезхан Қырбасов, Әбутәліп Ахметов, Сәлім Құрманғожин, Қайрат Исағалиев, Бағдат Әміреев, Ғани Қасымов, Бахтияр Тасымов, Төлеухан Қабдырахманов, Болатхан Тайжан, Ерлан Ыдырысов, Валерий Темірбаев, Нұрлан Дәненов, басқа да асыл азаматтар. Қазіргі таңда Қазақстан дүние жүзінің 169 елімен дипломатиялық байланыстар орнатқан. Шетелде еліміздің 94 елшілігі мен халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері белсенді жұмыс атқаруда. Қазақстанның өзінде 50 астам шетелдік елшіліктер мен дипломатиялық миссия тіркелген. Сондай-ақ Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы, Ислам Конференциясы Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, басқа да ықпалды халықаралық ұйымдардың белді мүшесі болып табылады. Оның бір көрінісі ретінде Қазақ мемлекеті ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Сондай-ақ ТМД кеңістігінде тұңғыш көршілерімен шекара мәселесін шешкен қайта өзіміздің Қазақстан. Өз кезегінде Қазақ дипломатиясы ғаламдық және аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды көздеген бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары, Әлемдік діндер мен өркениеттер арасындағы диалог, Жаппай қырып-жою қаруынан ада әлем құру, Сириядағы мәмілегерлікті атауға тұрарлық. Сондағысы өткен 30 жылда ең алдымен мықты дипломатиясы арқасында Қазақстан бірде-бір мемлекетпен араздасқан жоқ, қайта жақындасып ынтымақтаса түсті. Бұл тұрғыда жекелеген ТМД мемлекеттерінің келеңсіз тәжірибесінен аулық тұра алды. Мәселен, Ресей секілді халықаралық санкцияларға ұрынбады, Тәжік секілді азаматтық соғысқа тап болмады, Украина мен Грузия сияқты аумақтық тұтастығынан айрылып, Түркмен секілді өз ішінде тоқырап қалмады. Уақыт өткен сайын сыртқы саясатта анадай ағаттықтар жіберілді, мынадай әттегенайлар орын алды деген сыңайда пікірлер айтылып жатады. Онысы көп жайдайда дұрыс та шағар. Себебі халықаралық бәсекелестік ахуалында, әсіресе жекелеген күш иелері бекітілген ойын ережелерін бұзуға дайын тұрғанда, тек олжаға кенелу мүмкін емес. АҚШ-тың көрнекті саяси қайраткері Генри Киссинджер: «Дипломатия – бұл ең алдымен дүлей күшті бағындырудың өнері», - дегені бар. Қазақ дипломатиясын сөз еткенде осы ұстаным өзін ақтап келе жатқанын аңғарамыз. Жоғарыда саясат қиял-ғажайып емес, мүмкіндіктер алаңы екендігі сөз болды. Бұл дегеніміз әлемдегі сан алуан факторлармен санасып, оларды таразылап барып өз пайдаңа асыруды алға тартады. Керісінше халықаралық қатынастарда алыпшылыдық пен мен-меншілдікке бой алдыру әдетте сәтсіз аяқталып жатады. Ал енді келісімшілдікке дайындық пен істі шектен шығармай оңтайлы шешу әсте әлсіздікті білдірмейді. Қайта бұл әдіс басым түскен күштің осал тұстарын өзіне қарсы пайдаланып оны дегеніңе көндіруге келіп саяды. Табиғатта аталған қабілетті еменге ұқсатуға болады. Қатты дауыл тұрғанда қатып қалған зәулім ағаштардың өзі иілмей келіп ақыры түп-тамырымен құлап жатқанда емен майысып барып өз орнына қайтып оралады. Күнделікті өмір ағымында дипломаттардың жұмысы көзге онша байқала бермейді. Бұқаралық санада елдер арасындағы игі көршілестік пен ынтымақтастық өздігінен болып жатқандай сезіледі. Жоғары деңгейдегі сапарлар мен екі не көпжақты келісімшарттардан бастап іскер топтар мен қатардағы азаматтардың байланыстары да үйреншікті тәжірибе көрінеді. Шын мәнісінде аталған үрдістерге жан бітіріп, ел мен елді, халық пен халықты жақындастырып, даулы жағдайларды тарқатып отырған дипломатия. Экономиканың алға басып, елдегі өмір сапасының өсуі де көп ретте өзара сенім мен табысқа негізделген халықаралық ынтымақтастықпен тығыз байланыста. 2 шілде – Қазақ дипломаттарының күні. Ғаламдық саясатта Отанымыздың мүдделерін барынша қорғап жүрген, шетте жүрген азаматтарымызға қамқорлық танытқан сыртқы саясат саласының барша қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге жауапкершілігі айрықша зор еңбекте мол табыс, жеке өмірде денсаулық пен құт-береке тілеймін.