Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Тwitter-де Үкіметтің 5 шілдеден бастап карантин талаптарын күшейтуге қатысты жоспар ұсынғанын жазған еді. Сол жоспар бойынша Мемлекеттік комиссия нақты шешім қабылдады. Мақсат – еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру. Сонымен, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында бірқатар шектеу шарасы енгізілетін болды. Мемлекеттік комиссия отырысында бұл шаралар жайлы Денсаулық сақтау министрі А.Цой айтып берді. Сөйтіп, 5 шілдеден бастан 14 күн бойы көлік қатынасы, азаматтардың жүріп-тұруы, кейбір нысандардың жұмысына байланысты нақты шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, күні бүгінге дейін тұрақты рейстер ашылған елдерге әуеқатынасы жалғаса беретін болды. Бірақ тізімге жаңа мемлекеттер енгізілмейді. Сонымен қатар өңірлер арасындағы әуе, темір жол қатынасы сақталады. Дегенмен бірқатар шектеу енгізіледі. Ал аймақтар арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайды. Қоғамдық көліктер жұмысына уақыт шектеуі енгізіледі. Одан бөлек, азаматтардың жүріп-тұруы бойынша да бірқатар шектеу енгізілмек. Мәселен, 5 шілдеден бастап ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. Бірақ ашық ауада жаттығу жасауға рұқсат бар. Саябақтар мен көшелерде, скверлерде 3 адамға дейін топтасып серуендеуге болады, топтың қарасы бұдан көп болмауы керек. Ал 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуына шектеу салынады. Бұл олардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара екені даусыз. Сондықтан бұқараның мұндай шараларға түсіністік танытатынына сенеміз. Дегенмен коронавирус инфекциясының өршіп кетуі кәсіпкерлік нысандарының жұмысына кәдімгідей шектеу салуға мәжбүрлеп отыр. Әрине, қаржылық шығын мол болуы мүмкін, бірақ шектеу салудан басқа амал жоқ. Комиссия сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес-орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандардың жұмысына тыйым салды. Ал мемлекеттік органдардың, кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Бірақ алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтары қызмет көрсете беретін болды. Дәріханалар, азық-түлік дүкендері, ашық базарлар да жұмысын жалғастырады. Санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейте отырып ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары, үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары, ашық ауадағы құрылыстар, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары, халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде автожуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу қызметі, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер жұмысы жалғасатын болды. Үкімет басшысы жағдайға байланысты бұл шектеулердің мерзімі 2 аптаға ұзартылуы немесе күшейтілуі мүмкін екенін айтты.