Теңге vs Bitcoin: ақтық сын басталды
Теңге vs Bitcoin: ақтық сын басталды
© коллаж: Елдар Қаба
261
оқылды
Кейбір банктер қосым­шасында клиенттерге өзара валюта айырбастау мүмкіндігін ұсына бас­тапты. Онда доллар бағамын аза­мат­тар өздері белгілейді. Әлемде блокчейн-технологиялардың өркен жаюы «валюталық цифрландыруға» соны серпін берді. Осы орайда, ел Прези­ден­тінің цифрландыру және инновация­лық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағ­дат Мусин цифрлық теңгені енгізуді ұсын­ды. Нәтижесінде, әрбір теңгенің «өмір бойы жүрген ізі» блокчейнде үзілмес тізбек болып сақталып қалатындықтан, ел қар­жысының қозғалысы пәрменді түрде бақыланады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қуатты соққы береді. Оның үстіне, мем­ле­кет­тің бюджет қаражатын бөлуін айқын етеді.  

Е-теңгенің биткойннан несі артық?

2020 жылғы маусымда ел Үкіметі Blockchain және цифрлық технологияларды да­мыту тұжырымдамасын қабылдады. Оның аясында Ұлттық банк әлгі бастаманы пы­сықтауға кіріскен: Ерболат Досаевтың ұжымы енді цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігін талдап жатыр. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының кеңес­шісі Бинұр Жәленов CBDC-ке қа­тыс­ты технологиялық шешімдер Қазақ­стан үшін екінші орындағы мәселе екенін айтты: «Әзірге ең бастысы және төтенше маңыздысы – баға қымбатшылығымен күрес, сол мақсатта инфляциялық таргет­теу және нарықтағы қаржылық тұрақты­лық­ты сақтап қалу», – деді ол. Дағдарыс құр­сауы қысқанда, адамдардың басындағы бар ойлары даму емес, жан бағу болмақ. Үкімет пен ҰБ-ның ағымдағы ақша-несие сая­саты да осы өзекті мақсаттарға бас иеді. Әрине, Ұлттық банктің мұршасы бол­май жатыр деп цифрлық технологиялар қа­рап тұрмайды, өркениет көші ілгері кет­пек. Түсіндіре кетер жайт, Досаевтың кеңес­шісі айтып отырған CBDC (Central Bank Digital Currency) – қарапайым тілге «кез келген елдің орталық банкі шығаратын цифр­лық валюта» деп аударылады. Си-би-ди-си виртуалды валютадан және крипто­валютадан өзгерек. Біріншіден, соңғы екеуі­нен айырмашылығы сол, CBDC-ді, мысалы цифрлық теңгені мемлекеттің өзі шығарады, сондықтан ол құндылыққа және салмаққа ие. Екіншіден, виртуалды валютаның да, тіпті криптовалютаның да заңмен бекітілген «төлем құралы» деген мәртебесі жоқ. Үшіншіден, криптовалюта айналасы тұн­ған қылмыс. Мәселен, биылғы 9 мау­сым­да халықпен онлайн кездесу өткізген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алматылық бір топ алаяқ жалған Биткойн және басқа криптовалютаны сатып, адам­дарды миллиард теңгеден астам ақ­шаға алдап соққанын хабарлады. Қылмыстық топ жойылды, бірақ бас полицей қа­зақ­стандықтарды интернет арқылы төлем жа­сау кезінде сақ болуға шақырды. Осы өрісте тағы қанша қарақшы жортып жүр­гені белгісіз. – Оқшаулану режимінде онлайн сатып алулардың танымал болуы және кең та­ралуы интернет алаяқтары санының да еселеп ұлғаюына соқтырды. Жақында Ал­матыда ғаламторда жұртты алдаумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Олар жалған криптовалютаны айналымға енгізген және өзгелердің 1 миллиард теңгеден астам қаржысын иеленіп алған. Алдын ала деректерге сәйкес, бұл іс бойын­ша 800-ден көп адам зардап шекті. Ин­тер­нет-төлеммен байланысты опе­ра­ция­лар жасау кезінде мұқият болған жөн. Алдымен ол жүйенің шынайы екеніне көз жеткізуіңіз керек, – деді Ерлан Тұрғымбаев.  

Қазақстанда криптовалюта реттелуде

Халық «ауадан» ақша жасауға үйренді: есеп­теуіш құрылғыларды сатып алып, сол ар­қылы криптовалюталық тұғырна­малар­дың жұмысын қамтамасыз ететін жаңа құрылымдарды құруға қатысады. Кезекті құры­лымдық бірлікті түзсе, ол үшін крип­товалюта немесе комиссиялық алым тү­рін­де сыйақы алады. Бүгінде крип­товалю­та табу процесі әлдеқайда қиындағанына қара­мастан, Қазақстанда майнинг сол бұрын­ғыдай танымал болып қалуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің дерегінше, 2019 жылы елімізде майнинг жобаларына 82,6 миллион теңге инвестиция құйылған. 2020 жылы бұл іске салынған сома тағы 80 миллионға өсті. Цифрлық министрліктің Ақпараттық қауіп­сіздік комитеті осы аптаның сейсен­бісін­де «Цифрлық майнингті жүзеге асыру жө­ніндегі қызметті ақпараттандыру тәр­тібін айқындау қағидаларын» жариялады. Оған сәйкес, цифрлық майнинг өндірісін іске асыру үшін деректерді өңдеу орта­лы­ғын іске қосқысы келетін тұлға немесе ком­пания 30 күн ішінде қағаз күйінде не­месе электронды құжат нысанында уә­кілет­ті органға өтініш беріп, құрылыстың бас­талғаны туралы хабардар етуі тиіс. Кри­повалюта өндіру электрді көп «жейді». Сондықтан ақпаратта өндірістің қанша мегаватт энергия тұтынатыны көрсетілуі ке­рек. Әйтпесе, тұрғын үйлердің қуат же­лісіне қосыла салса, сол аудандағы ава­рия­ларға және жарықтың жиі сөніп қала беруіне әкеледі. Майнерлер үш айда бір рет есеп тапсы­рып отырмақ: «Заңды тұлғалар қолданыс­тағы деректерді өңдеу орталықтары бойын­ша тоқсан сайын келесі айдың 10-күніне дейін уәкілетті органға қағаз не­месе электронды құжат нысанында цифрлы майнинг өндіру қызметі туралы ақ­паратты ұсынады», – делінген қағидада. Мұның сыртында Қазақстанда кри­повалюталарды сақтау және айналымға жі­беру тұжырымдамасы әзірленді. Құжат вир­туалды валюталарды сақтау және «Аста­на» қаржы орталығы секілді маман­дан­дырылған алаңдар арқылы сату ісін рет­теуі тиіс. Тиісінше, не істеп жатқаны беймәлім АХҚО-ның құзыры мен құрал­дары кеңейтілмек. Ол виртуалды валюта, смарт-контракт, цифрлық әмиян секілді мә­селелермен шұғылданады. Мемлекет осы арқылы криптовалюта са­ласын заңдастыруға ден қойғанға ұқсай­ды. Әйтпесе, бюрократияның оралымсыз­ды­ғын пайдаланып, әртүрлі алаяқтар елдің цифрлық ақшаға деген сұранысын «қана­ғаттандырып» жатыр.  

Е-banking – дәстүрлі бизнестің соры

Жұмыртқадан жүн қырыққан, қу бас­тан қуырдақтық ет алған коммерциялық банк­тер де осы айдынға ау салып, нарыққа жаңа цифрлық өнімдерін шығаруда. Олар­дың электронды коммерция сегментін иге­ріп алғанына көп болды. Мысалы, Kaspi Bank тіпті төл маркетплейсін – он­лайн сауда платформасын құрып, оны тұр­мыстық техника мен ұялы телефоннан бастап, жиһаз бен балалар тауарларына дейін сатылатын электронды базарға ай­налдырды. Өзге банктер де осы бағытта төл жобаларын енгізуде. Ендеше қаншама мың адамды жұмыспен қамтып отырған дәстүрлі базарлар мен тұрмыстық техника дүкендеріне қауіп төнді деген сөз. COVID-19 пандемиясы әлемде де, Қазақстанда да e-trading бағын ашты, болашағына қуат берді, буырқана дамуына түрткі болды. Елі­мізде алдағы жылдары интернет алаң­дары саудасының үлесі бүкіл тауар айна­лым­ның 10%-ына жетеді деп күтілуде. Осы орайда, цифрлық ақша банктердің төл бақшасы саналады. Республикада айыр­бас бекеттері дағдарысқа ұшырағалы бері валютаны онлайн-конвертациялау барған сайын сұранысқа ие болуда. Ал ше­тел ақшасын дәстүрлі айырбастау пунк­тері арқылы сатып алу көлемі құлдырап жатыр. 2020 жылғы сәуірде банктерге тие­сілі және жеке қолындағы айырбас бе­кет­тері қазақстандықтар арасында ең танымал еуро, доллар және рубльді жалпы алғанда небәрі 51 миллиард теңгеге ғана өткізе алып­ты. Сөйтіп, саудасы биылғы наурыз­да­ғы­дан 78,5%-ға құлады. Бұл бір жыл бұрын­ғыдан 66,8%-ға төмен. Бәлкім, шетел валютасына сұраныс жоқ шығар? Олай емес. Қазақстанда сол сәуір айында валюталық депозиттер бірден 18,8%-ға өсіп, 7,94 трлн теңгеге бара-бар бол­ды. Яғни, азаматтар валюталық жинақ­тарын күрт ұлғайтты, тек долларды көше ке­зіп, айырбастау пунктерінен алуды қойып барады. Отандық екінші деңгейлі банктердің көбі е-банкинг қосымшасы арқылы он­лайн-конвертация ұсынады. Мұндағы бәсе­к­елестік күшейгендіктен, кейбірі оны өзге мүмкіндіктермен «тұздықтай» баста­ды. Мысалы, банктердің бірі ForteForex ин­тернет сауда алаңын іске қосты. Онда банк клиенттері валютаны еш делдалсыз, спред және басқа да шығынсыз, өз бетінше және төл курсы бойынша сата немесе са­тып ала алады. Мәміле жүргізгені үшін ко­миссия алынбайды. Ескерер жайт, айырбас бекеттері ар­қылы сатылатын валюта бойынша бағам­ның ауытқуына қатаң шектеу белгіленген: мысалы, доллардың сату және сатып алу бағамы арасындағы айырмашылық 6 теңге, еурода 7 теңге болуы тиіс. Ал қолма-қолсыз айырбас операцияларына аталған талап тарал­майды! Салдарынан, тараптар арасын­дағы мәміле курсын ешқандай шектеу бөгемейді. Бұл ел арасында кезекті дүр­белең ту­ғанда ұлттық валютаның тоқ­таусыз құн­сыздануына ықпал етуі ғажап емес.  

Айхан ШӘРІП