Кейбір банктер қосымшасында клиенттерге өзара валюта айырбастау мүмкіндігін ұсына бастапты. Онда доллар бағамын азаматтар өздері белгілейді. Әлемде блокчейн-технологиялардың өркен жаюы «валюталық цифрландыруға» соны серпін берді. Осы орайда, ел Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин цифрлық теңгені енгізуді ұсынды. Нәтижесінде, әрбір теңгенің «өмір бойы жүрген ізі» блокчейнде үзілмес тізбек болып сақталып қалатындықтан, ел қаржысының қозғалысы пәрменді түрде бақыланады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қуатты соққы береді. Оның үстіне, мемлекеттің бюджет қаражатын бөлуін айқын етеді.
Е-теңгенің биткойннан несі артық?
2020 жылғы маусымда ел Үкіметі Blockchain және цифрлық технологияларды дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Оның аясында Ұлттық банк әлгі бастаманы пысықтауға кіріскен: Ерболат Досаевтың ұжымы енді цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігін талдап жатыр. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жәленов CBDC-ке қатысты технологиялық шешімдер Қазақстан үшін екінші орындағы мәселе екенін айтты: «Әзірге ең бастысы және төтенше маңыздысы – баға қымбатшылығымен күрес, сол мақсатта инфляциялық таргеттеу және нарықтағы қаржылық тұрақтылықты сақтап қалу», – деді ол. Дағдарыс құрсауы қысқанда, адамдардың басындағы бар ойлары даму емес, жан бағу болмақ. Үкімет пен ҰБ-ның ағымдағы ақша-несие саясаты да осы өзекті мақсаттарға бас иеді. Әрине, Ұлттық банктің мұршасы болмай жатыр деп цифрлық технологиялар қарап тұрмайды, өркениет көші ілгері кетпек. Түсіндіре кетер жайт, Досаевтың кеңесшісі айтып отырған CBDC (Central Bank Digital Currency) – қарапайым тілге «кез келген елдің орталық банкі шығаратын цифрлық валюта» деп аударылады. Си-би-ди-си виртуалды валютадан және криптовалютадан өзгерек. Біріншіден, соңғы екеуінен айырмашылығы сол, CBDC-ді, мысалы цифрлық теңгені мемлекеттің өзі шығарады, сондықтан ол құндылыққа және салмаққа ие. Екіншіден, виртуалды валютаның да, тіпті криптовалютаның да заңмен бекітілген «төлем құралы» деген мәртебесі жоқ. Үшіншіден, криптовалюта айналасы тұнған қылмыс. Мәселен, биылғы 9 маусымда халықпен онлайн кездесу өткізген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алматылық бір топ алаяқ жалған Биткойн және басқа криптовалютаны сатып, адамдарды миллиард теңгеден астам ақшаға алдап соққанын хабарлады. Қылмыстық топ жойылды, бірақ бас полицей қазақстандықтарды интернет арқылы төлем жасау кезінде сақ болуға шақырды. Осы өрісте тағы қанша қарақшы жортып жүргені белгісіз. – Оқшаулану режимінде онлайн сатып алулардың танымал болуы және кең таралуы интернет алаяқтары санының да еселеп ұлғаюына соқтырды. Жақында Алматыда ғаламторда жұртты алдаумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Олар жалған криптовалютаны айналымға енгізген және өзгелердің 1 миллиард теңгеден астам қаржысын иеленіп алған. Алдын ала деректерге сәйкес, бұл іс бойынша 800-ден көп адам зардап шекті. Интернет-төлеммен байланысты операциялар жасау кезінде мұқият болған жөн. Алдымен ол жүйенің шынайы екеніне көз жеткізуіңіз керек, – деді Ерлан Тұрғымбаев.Қазақстанда криптовалюта реттелуде
Халық «ауадан» ақша жасауға үйренді: есептеуіш құрылғыларды сатып алып, сол арқылы криптовалюталық тұғырнамалардың жұмысын қамтамасыз ететін жаңа құрылымдарды құруға қатысады. Кезекті құрылымдық бірлікті түзсе, ол үшін криптовалюта немесе комиссиялық алым түрінде сыйақы алады. Бүгінде криптовалюта табу процесі әлдеқайда қиындағанына қарамастан, Қазақстанда майнинг сол бұрынғыдай танымал болып қалуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің дерегінше, 2019 жылы елімізде майнинг жобаларына 82,6 миллион теңге инвестиция құйылған. 2020 жылы бұл іске салынған сома тағы 80 миллионға өсті. Цифрлық министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті осы аптаның сейсенбісінде «Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызметті ақпараттандыру тәртібін айқындау қағидаларын» жариялады. Оған сәйкес, цифрлық майнинг өндірісін іске асыру үшін деректерді өңдеу орталығын іске қосқысы келетін тұлға немесе компания 30 күн ішінде қағаз күйінде немесе электронды құжат нысанында уәкілетті органға өтініш беріп, құрылыстың басталғаны туралы хабардар етуі тиіс. Криповалюта өндіру электрді көп «жейді». Сондықтан ақпаратта өндірістің қанша мегаватт энергия тұтынатыны көрсетілуі керек. Әйтпесе, тұрғын үйлердің қуат желісіне қосыла салса, сол аудандағы аварияларға және жарықтың жиі сөніп қала беруіне әкеледі. Майнерлер үш айда бір рет есеп тапсырып отырмақ: «Заңды тұлғалар қолданыстағы деректерді өңдеу орталықтары бойынша тоқсан сайын келесі айдың 10-күніне дейін уәкілетті органға қағаз немесе электронды құжат нысанында цифрлы майнинг өндіру қызметі туралы ақпаратты ұсынады», – делінген қағидада. Мұның сыртында Қазақстанда криповалюталарды сақтау және айналымға жіберу тұжырымдамасы әзірленді. Құжат виртуалды валюталарды сақтау және «Астана» қаржы орталығы секілді мамандандырылған алаңдар арқылы сату ісін реттеуі тиіс. Тиісінше, не істеп жатқаны беймәлім АХҚО-ның құзыры мен құралдары кеңейтілмек. Ол виртуалды валюта, смарт-контракт, цифрлық әмиян секілді мәселелермен шұғылданады. Мемлекет осы арқылы криптовалюта саласын заңдастыруға ден қойғанға ұқсайды. Әйтпесе, бюрократияның оралымсыздығын пайдаланып, әртүрлі алаяқтар елдің цифрлық ақшаға деген сұранысын «қанағаттандырып» жатыр.Е-banking – дәстүрлі бизнестің соры
Жұмыртқадан жүн қырыққан, қу бастан қуырдақтық ет алған коммерциялық банктер де осы айдынға ау салып, нарыққа жаңа цифрлық өнімдерін шығаруда. Олардың электронды коммерция сегментін игеріп алғанына көп болды. Мысалы, Kaspi Bank тіпті төл маркетплейсін – онлайн сауда платформасын құрып, оны тұрмыстық техника мен ұялы телефоннан бастап, жиһаз бен балалар тауарларына дейін сатылатын электронды базарға айналдырды. Өзге банктер де осы бағытта төл жобаларын енгізуде. Ендеше қаншама мың адамды жұмыспен қамтып отырған дәстүрлі базарлар мен тұрмыстық техника дүкендеріне қауіп төнді деген сөз. COVID-19 пандемиясы әлемде де, Қазақстанда да e-trading бағын ашты, болашағына қуат берді, буырқана дамуына түрткі болды. Елімізде алдағы жылдары интернет алаңдары саудасының үлесі бүкіл тауар айналымның 10%-ына жетеді деп күтілуде. Осы орайда, цифрлық ақша банктердің төл бақшасы саналады. Республикада айырбас бекеттері дағдарысқа ұшырағалы бері валютаны онлайн-конвертациялау барған сайын сұранысқа ие болуда. Ал шетел ақшасын дәстүрлі айырбастау пунктері арқылы сатып алу көлемі құлдырап жатыр. 2020 жылғы сәуірде банктерге тиесілі және жеке қолындағы айырбас бекеттері қазақстандықтар арасында ең танымал еуро, доллар және рубльді жалпы алғанда небәрі 51 миллиард теңгеге ғана өткізе алыпты. Сөйтіп, саудасы биылғы наурыздағыдан 78,5%-ға құлады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 66,8%-ға төмен. Бәлкім, шетел валютасына сұраныс жоқ шығар? Олай емес. Қазақстанда сол сәуір айында валюталық депозиттер бірден 18,8%-ға өсіп, 7,94 трлн теңгеге бара-бар болды. Яғни, азаматтар валюталық жинақтарын күрт ұлғайтты, тек долларды көше кезіп, айырбастау пунктерінен алуды қойып барады. Отандық екінші деңгейлі банктердің көбі е-банкинг қосымшасы арқылы онлайн-конвертация ұсынады. Мұндағы бәсекелестік күшейгендіктен, кейбірі оны өзге мүмкіндіктермен «тұздықтай» бастады. Мысалы, банктердің бірі ForteForex интернет сауда алаңын іске қосты. Онда банк клиенттері валютаны еш делдалсыз, спред және басқа да шығынсыз, өз бетінше және төл курсы бойынша сата немесе сатып ала алады. Мәміле жүргізгені үшін комиссия алынбайды. Ескерер жайт, айырбас бекеттері арқылы сатылатын валюта бойынша бағамның ауытқуына қатаң шектеу белгіленген: мысалы, доллардың сату және сатып алу бағамы арасындағы айырмашылық 6 теңге, еурода 7 теңге болуы тиіс. Ал қолма-қолсыз айырбас операцияларына аталған талап таралмайды! Салдарынан, тараптар арасындағы мәміле курсын ешқандай шектеу бөгемейді. Бұл ел арасында кезекті дүрбелең туғанда ұлттық валютаның тоқтаусыз құнсыздануына ықпал етуі ғажап емес.Айхан ШӘРІП