Қала күніндегі крест шеруі
Қала күніндегі крест шеруі
162
оқылды

Петропавлда қала күні 12 шілдеде тойланады. Қайбір жылдары алып тасталып, кейіннен қайта бекітілген бұл мереке халық наразы­лығын жиі тудыра­ды. Бірде тамыз, бірде қыркүйекте деп өзгертілген дата 2015 жылы қайтадан 12 шілдеге тоқталды. Қала күнін тойлауға қарсы шығушылардың уәжі сол – православие дініндегілер осы датада қасиетті апос­толдар Петр мен Павел күнін тойлайды. Сәйкесін­ше, православтар бұл күні діни рәсімдерін өткізетіні белгілі. Қала күні мен діни мерекені араластырмау туралы шенеуніктердің екіге бөлінген ойы ақырында бір байламға келді. Осылайша күні кеше мыңдаған православ жамағаты қала күнімен қатар келген мерекесінде крест шеруін өткізді.

Петропавл қаласының құры­луы, жылнамаға сүйенсек, қа­сиетті Петр қамалынан бастау ала­ды екен. Православтар қа­сиет­ті апостолдар Петр мен Павелді осы жердің көктегі жебеушілері деп біледі. Бас шіркеу де соның құрметіне аталған. Крест шеруінің өткізілуінің де түбінде осы діни се­нім жатыр. Әлі күнге дейін 12 шіл­деде қаланың басты көшелерінде бейбіт шеру ұйымдастырылып, әр қиылыста аялдап, қасиетті су сеуіп шығады. Тұрғындардың көп­шілігі бұл дәстүрлі мерекені Петропавлдың сәнін келтіретін ерекшелік деп те атайтын кө­рі­не­ді. Облыс тұрғындарының 40 па­йызы – мұсылман, 54 пайызы – православ, 5 пайызы католик ді­нін ұстанады екен. Қалған бір па­йы­зы – өзге де конфессияларға мүше.

Әдетте, шерудің қай түріне болсын рұқсат алу оңай емес. Бі­рақ Солтүстік Қазақстан облысы дәстүрлі крест шеруін өткізуде жеткілікті тәжірибе жинап алған­ға ұқсайды. Облыстық дін істері басқармасы жіберген сұраны­сы­мызға жауабын жолдаған бола­тын. «Жыл сайын 12 шілдеде пра­вославиелік діндарлар (тұр­ғындардың 54 пайызын құрайды) «Крест жүрісі» діни рәсімін өт­кізеді. Аталған рәсім облысы­мызда 1994 жылдан бастап ұйым­дастырылып келеді. Правос­ла­виелік ғибадатхананың бірде-бір аумағы православиелік келу­ші­лердің діни қажетін қанағаттан­дыра алмағандықтан, бұл рәсім діни ғимараттан тыс жерде өткі­зіледі әрі бейбіт сипатта болады. Шеруге өңірдің мыңдаған дін өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыс­тарынан өкілдер жиналады. Діни іс-шараны өткізуді ұйымдастыруға жарғы және дін саласындағы Қа­зақстанның қолданыстағы заң­намасы аясында «Қазақстанның православиелік шіркеуінің Пет­ропавл және Булаев Епархиясы» жауапты. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 5-бабы, 7-тармақшасына сәйкес, «Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен тыс жерде орналас­ты­руға келісу туралы шешім беру» шеңберінде облыс әкімдігінің Дін істері басқармасы «Қазақстанның Православиелік шіркеуінің Пет­ропавл және Булаев Епархиясы» жергілікті діни бірлестігінің өті­ніші және «Петропавл қаласы әкім­дігінің тұрғын-үй комму­налдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ хабарла­масы бойынша іс-шараны өткі­зуге келісім берді. Жоғарыда атап өтілген мемлекеттік қызметті көр­сету үшін өтініш, анықтама-не­гіздеме, мемлекеттік тіркеу ту­ралы куәліктің, Жарғының кө­шірмесі және құқық иеленушінің құжаты талап етілді. Тиісті мем­лекеттік органдар бейбіт шерудің қауіпсіздік шараларын қамта­масыз ету жөнінде шаралар қа­былдады» делінген Дін істері басқармасының ресми жауа­бында.

Әр жылда әртүрлі басшының бастамасымен қала күнін қай датада тойлауға қатысты небір ұсыныстардың болғанын жоға­рыда атап өттік. Тіпті соттасудың да аз-ақ алдында қалған. Дегенмен депутат пен қала әкімі арасындағы келіспеушілік шешімін тапқан болатын. Апостол ерлігін есте ұс­таған православтар осымен жиыр­ма бесінші рет шеру өткі­зіпті. Зайырлы ел ретінде сипат­талатын Қазақстанда мұндайға қарсы шығу әсте мүмкін емес. Өйткені діни сенімге келгенде әркімнің ұстанымы бар. Мемлекет дін ісіне, дін мемлекетке аралас­пайды. Осылайша діни бостан­дықты басшылыққа ала отырып, тыйым салуымыз тиіс деп ұран­датуға болмайды.

Дінтанушы Кеңшілік Тыш­қанұлы бұл шеруден діни астарды байқамайтынын айтады. «Мен ол жерден діни астар көрмедім. Сая­си астары бар сияқты. Сондықтан діни плюрализм деп әркім өзінің саяси амбициясын көрсете бер­меуі тиіс. Тұрған мемлекетінің, мемлекет құрушы ұлттың сенімін, тәуелсіздігін, саяси көзқарасын құрметтегені дұрыс шығар», – дейді сарапшы.


Айша ЕРСҰЛТАН