– Рашид Хасенұлы, төтенше жағдай мен карантин кезінде мұнай-сервис компанияларының тығырыққа тірелгенін айтып, жиі мәселе көтердіңіз. Бұл саланы сақтап қалудың жолын да ұсындыңыз. Үкімет ұсынысыңызды қабылдады ма? – Өкінішке қарай, қабылдаған жоқ. Егер мемлекеттік бюджет 12-13 трлн теңге десек, біздің сала соңғы екі жылда бюджетке 1 трлн теңге салық құяды. Біздің саланың бюджетке құятын салығы банк секторының салығымен салыстырғанда 2,6 есе көп! Бүгінгі таңда халықтың басым бөлігі банктен несие алып, күнін көріп отыр, халыққа алған несиенің үстемеақысына күн көріп отырған банктерге жиі ақша беріп қолдамай, экономикаға қаржы құйып отырған мұнай-сервис саласын қолдап, сақтап қалу амалдарын қарастыру қажет. Егер мұнай-сервис компаниялары банкротқа ұшырап, жұмысшылар жұмыссыз қалса, онда банктен алынған несиелер де төленбей қалуы мүмкін. Осылайша, біздің сала ғана емес, еліміздің банк секторы да проблемаға тап болады. Біз болуы мүмкін қатерді ескеріп, тараптарға тиімді ұсыныс жасадық, бірақ Үкімет әзірге ұсыныстарымыздың біріне де көңіл бөлген жоқ. – Нақты қандай ұсыныс жасадыңыздар? – Біз мемлекетке нақты үш ұсыныс бердік. Егер ұсынысымызды орындаса, Үкімет көрсетіп отырған салық және басқа да жеңілдіктерден бас тартуға дайынбыз, тіпті несиені кейін шегеруге де өтініш бермес ек. Салығымызды көтерсе көнеміз дедік. Мұнай-сервис компаниялары ірі мұнай компанияларынан тапсырыс алып жұмыс істейді. Ол тапсырысты орындаған соң басқа жобалар, келісімшарттар іздейді, егер жаңа жоба, мұнай өндіруші алпауыттардан тапсырыс болмаса, компания банкротқа ұшырайды. Бұл – бизнес модель. Сондықтан біз тапсырысты орындап, тапсыруға алты ай қалғанда жаңа жұмыс іздей бастаймыз. Әлгінде айтқанымдай, жұмысымыз ірі үш мұнай өндіруші компаниялардың тапсырысына тәуелді, олар – ТШО, НСОС, КПО. Сол себепті жер қойнауын игеріп жатқан ірі инвесторлардың шарттарын қайта қарап, шетелдік компанияларға әділетсіз берілген шарттарды қазақстандық компанияларға беруді ұсынамыз. Мұны келісімшарттарды ұлттандыру деп те атауға болды, ал бұл өз кезегінде экономиканы ұлттандыруға жол ашады. Құрылыс жұмыстарындағы 100 млн долларға дейін келісімшарттарды Қазақстан компанияларына беру керек деп санаймын. Қазақстандық компаниялар өсіп жетілді. Ол міндеттемені сапалы, үнемді, уақытылы орындай алатын деңгейде. Ал 100 млн доллардан жоғары келісімшарттарды біріккен кәсіпорындарға 50/50 пайыз бөлінісімен беру қажет. Бұл жерде 50% Қазақстан азаматына тиесілі болуы керек. Сонда біздің жұмыс тоқтамайды, жұмыссыздық көбеймейді. Ең бастысы, табысымызды шетелге сыртқа шығарып алып кетпейміз, керісінше ол ақша Қазақстан экономикасын көтеруге атсалысады. Екінші ұсынысымыз несиеге қатысты болды. Себебі біз жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай келеміз. Соның салдарынан инвесторлар да, алыпсатарлар да Қазақстанның мұнай-сервис компанияларының ұсынысы шетелдік компаниялардан қымбат деген айып тағады. – Расында, неге қымбат? – Ол үшін осы қымбатшылықтың қайдан туындап отырғанын айтайын. Біріншіден, шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығына кірген кезде өзінің әріптес компанияларына да жеңілдік алған. Олар мұнай-сервис саласына қатысты кез келген затты шетелден алып келсе, қосымша құн салығын төлемейді. Екіншіден, олар несиені өз еліндегі банктерден өте төмен пайызбен, тұрақты валюта – доллармен алады. Ал біз құрал-сайман сатып алу үшін банктен алатын несиенің пайыздық ставкасы 30 пайыздан кем емес. Оған теңгенің өте жиі инфляцияға ұшырайтынын қосыңыз. Баж салығы мен ҚҚС тағы бар. Бұдан кейін кімнің ұсынысы қымбат болады? Әрине, қазақстандық компанияның. Сондықтан біз жеңілдетілген несие беруді сұрап отырмыз. Мұнай өндіруші алпауыттармен жасалған келісімшартты кепілдікке алып, Ұлттық банк 5-6 пайызбен несие беру механизмін ойлап тапсын. Себебі мұнайдан түсетін ақша Ұлттық қорды ұлғайтуға және банктерді дамытуға жұмсалып отыр. – Бизнесті қаржыландыратын басқа да институттар бар ғой? – Олардың беретін ақшасы біздің сұранысқа мүлдем сай келмейді. Олар көп дегенде 7 млн-10 млн теңге ұсынады, ал бізге 50 млн-100 млн доллар несие қажет. Сондықтан ол институттардың ойын тәртібі де, беретін қаржы мөлшері де бізге сай емес. Егер біз Ұлттық банкті бірінші қаржыландыру көзі ретінде қарасақ, екінші қаржыландыру көзі – Ұлттық қор. Ұлттық қордың ақшасын шетел банктеріне салып, депозитінен пайыз алып отыр. Ал Ұлттық қордағы ақшаны шетелге салу – елді шетелге тәуелді ету. Егер сол шетелдің айтқанына көнбесек, айдауына жүрмесек, біздің ақшаны бұғаттап тастайды. Ендеше неге сол ақшаны экономикамызға қызмет етуге жұмсамасқа? Егер Ұлттық қордың ақшасы экономикамызға нақты пайда әкелмесе, оның ұрпаққа мирас деген атын қайтеміз? Біз компанияларымызды мемлекетке тіркеуге дайынбыз. Егер Ұлттық қордағы ақшаны алып, кейін қайтара алмасақ, компаниямызды басы бүтін мемлекетке өткізіп береміз. Бізсіз де экономиканың 70 пайызын квазимемлекеттік сектор ретінде ұстап отыр ғой.
200 мың адам жұмыс істейтін біздің саланың квалификациясы жоқ
– Үкімет негізінен шағын және орта бизнеске көмектесіп жатыр. Ал мұнай-сервис компаниялары бизнестің қай түріне жатады? – Осы жерде бір қызық айтайын, бізді (мұнай-сервис саласын – ред.) экономиканың бірде-бір саласына жатқызбаған, себебі бізде квалификация жоқ. – Қалайша, мыңдаған адам еңбек ететін саланың квалификациясы жоқ деу – нонсенс емес пе? – Солай, экономикада кез келген саланың квалификациясы бар, мысалы жеңіл өнеркәсіп деген квалификация бар, Ұлттық экономика министрлігінен тізімін алуға болады. Бұл біздің заң шығарушы орган – Парламенттің мұнай-газ саласынан алыс жатқанын көрсетеді. Мысалы, Норвегияда мұнайға қызмет көрсету саласының жоғары квалификациясы бар. Бүгінгі таңда сол елдің Ұлттық қорына (Зейнетақы қоры – ред.) мұнай өндірушілерге қарағанда мұнайға қызмет көрсету саласы көбірек ақша құяды. Олар бұл жетістікке қалай жетті? Норвегияда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мұнай табылады, 1970 жылы мұнай өндіруге келетін инвесторлардың жұмысын реттейтін заң қабылданады. Міне, осы заңда Норвегия шетелдік инвесторларға бір-ақ талап қояды – ішкі құжаттың барлығы норвег тілінде жүреді және қарым-қатынас тек норвег тілінде болады. Болды. Инвесторлар амалсыз норвегтерді жұмысқа алады. Норвегтер жұмыс істей жүріп, саланы меңгеріп, өздері мұнайға қызмет көрсететін компания құра бастайды. Ол компанияларға Норвегия Ұлттық қорынан 2-3 пайызбен ірі көлемде несие береді. Нәтижесінде, мұнай өндірушілерге қарағанда мұнайға қызмет көрсету саласы Ұлттық қорға көбірек ақша түсіріп, Норвегия бүкіл дүниежүзін жаулап алады. Бізге де осы саланы дамыту үшін жаңалық ашпай, норвегтердің жолымен неге жүрмеске? Егер осы жолды таңдасақ, біздің елдегі мемлекеттік тіл мәселесі де шешімін табады. Қазақ тілін үйренуге ұмтылыс артады. Мұнай-сервис компаниясын құру үшін шет тілін білу шарт болып қалмас еді. Әр қазақ өзін өз елінде азат сезінер еді.Экономиканы мұнай бағасы 50 доллардан асса ғана құтқара аламыз
– Үкіметке жасаған үшінші ұсынысты ұмытып кетпедік пе? – Үшінші ұсынысқа келсек, қазіргі таңда Қазақстан компанияларының шетелдік компаниялардан бәсекеде ұтылып отыруының тағы бір себебі –негізгі шешім қабылдайтын ірі оператор компанияларда шетелдік азаматтар отыр. Міне, осы жерде мамандарды ұлттандыру мәселесі шығады. Бұл мәселені дәл қазір реттеп алмасақ, кейін кеш қаламыз. Себебі қазір шетелдік азаматтар Қазақстанға кіре алмай отыр, шекара жабық. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Ал 30 жылдың ішінде осы жұмысты істеп, үйреніп қалған отандық маман көп. Сол мамандар шетелдік кадрлардың орнын алмастыра алады. Бір ғана мысал айтайын, 2017 жылы Англияға барғанымда Exxon Mobil, Chevron, Texaco компанияларында Қазақстанның 2 600-ден астам азаматы жұмыс істейтінін білдім. Олар елге оралуға дайын, біз неге шетелдік маманды жұмысқа алып, оған 20 мың доллар жалақы төлеп, пәтерін жалдап беріп, жол шығынын көтереміз? Үкімет кадрларды ұлттандыру мәселесіне атсалысуы керек. Менің көтеріп жүрген мәселемді АҚШ-тың ақпарат құралдары жазып жатыр. Еуропа БАҚ-тары бұрыннан жазады, арнайы келіп сұхбат та алады. Сонда да өзіміздің Үкіметке жетпей жатыр. Соның бір мысалын айтайын, әлгі өндірісте өмірі істеп көрмеген шенділер коронавируспен күрес аясында 55 жастан асқан Қазақстан азаматтарына кен қойнауына келуге тыйым салыпты. Дәл осы қауіпсіздік шарасы шетелдік жұмысшыларға 65 жастан жоғары адамдарға ғана қолданылады екен. Негізгі тәжірибелі мамандар 55 жастан жоғары азаматтардың қатарында. Мұны өндірісте жүргендер жақсы біледі. Әйтеуір, шулатып жүріп қазақстандық мамандарға қойылған шектеуді алғызып тастадым. Тоқаевтың Twitter парақшасына жазуға тура келді. Бастысы, бұл мәселе шешілді. – Мұнай-сервис саласында 100 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжамыңызды оқыдым... – Бұл салада 2 мыңға жуық отандық компания бар, 200 мыңдай адам жұмыс істейді. Қызмет көрсету саласы ауқымды. Бір мұнайшыға бес қызметшіден келеді. Бес қызметші болмаса, мұнайшы мұнайын дұрыс өндіре алмайды. Бірақ сол қызметшілер жұмыссыз қалуы мүмкін екені рас. Мұнай бағасы құлаған соң ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіру қысқартылып жатыр. Тәуелсіздік алған жылы 25 млн тонна мұнай өндірсек, қазіргі таңда 90 млн тоннаға жетті. Жыл басындағы меже –125 млн тонна, сонда 35 млн тоннаға өндірісті күшейту керек деп отыр едік. Пандемияға байланысты жоспар өзгерді. Оның үстіне, қазіргі уақытта мұнай бағасы да тиімді емес.Әңгімелескен Халима БҰҚАРҚЫЗЫ