Ақ айдынға жыр қонды
Ақ айдынға жыр қонды
289
оқылды

Бірер апта бұрын шырайлы шығыста «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» атты ақындар айтысы дүбірлеп өтті. Әдетте айтыс елордада, Алматыда, тіпті ұзады дегенде облыс орталықтарында өтетін. Арагідік аудандарға да барып қалады. Бірақ біржола ауыл­дың төріне айтыс отауының тігілуі сонша­лық­­ты салтқа айналмаған. Содан да болар Ала­көл­дегі Қабанбай ауылында айтыс болады деген жаңалықты таңғалыс­пен қабылдағанымыз рас. Сөйтсек, мұның бір емес бірнеше себебі бар екен.

Мәдени шараны ұйымдастыру­шы – 2018 жылы негізі қаланған «Зейнолла Сәнік атындағы мәде­ниет қоры». Руханияттан аз болса да хабары бар адамға Зейнолла ағамыздың есім-сойы мен еткен еңбегі таныс болса керек. Іле қазақ автономиялы облысының Тарбаға­тай аймағында дүниеге келіп, сана­лы ғұмырын өнерге, шығар­ма­шы­лық­қа арнаған жан. Жазушы ретін­де қаламынан талай құнды көркем шығармалар дүниеге келсе, этно­граф, баспагер ретінде де елеулі ең­бек қылған. 2017 жылы қалам­гер­дің 15 томдық шығармалар жи­на­ғы жарық көрген еді. Бұл сөзсіз, ұлт руханиятына қосылған баға жет­пес қазына. Міне, осындай жақ­­­сы­ның көзі – Қанат Зейнол­ла­ұ­лы (мәдениет қорының құрыл­тай­шы­сы) қордың атқарушы дирек­то­ры Серік Қалиев сияқты азамат­тар­дың бас болуымен айтыс ұйым­дас­ты­рылды. Осы шығыс аймағы – Зейнолла Сәнік пен оның ұрпақ­та­ры­­ның ата қонысы, туған мекені. Сон­дықтан ұлының аламан доданы Алакөлге алып келуі – «туған жерге ту тіккенінің» жарқын белгісі іс­пет­ті. Екінші себеп – айтысты ауыл ара­сына жақындату. Үшіншісі – ұлт зиялылары мен жақсы-жайсаң­дар­ды, арқалы ақындарды Алакөл төріндегі мәдени шараға шақырып, туризмге де ерекше насихат жасау. Мұндай идея Үржар ауданы әкімдігі тарапынан бірден қолдау тапқан. Жыр додасына Бекзат Асқаров, Шұғайып Сезімхан, Еркебұлан Қай­назаров, Мақсат Ақанов, Тал­ғат Мықи, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Марат Ахме­тов, Алтынбек Ибрагимов, Саягүл Бірлесбек, Нұрзат Қару, Серікбек Туғанов, Ардабек Ақбабаұлы, Баян Жақанов сияқты ақындар қатысты. Әділқазылар алқасы да кіл сөз ұста­ған жүйрік жампоздардан жасақ­талыпты. Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын Ғалым Жайлыбай, академик Дихан Хамзабекұлы, ақын Серік Қалиев, белгілі айтыскер ақындар Дәулет­ке­рей Кәпұлы мен Бауыржан Халиолла және Серікзат Дүйсен­ға­зин­дер сахнаға шыққан жүйріктерді мейлінше әділ бағалауға тырысты. Айтыстың шымылдығын Ерке­бұлан мен Шұғайып түріп берді. Екеуара айтыс негізінен әзіл-қал­жың­ға, жезде мен балдыздың өзара тартысына ұласып, көрерменді ә дегеннен еліктіре түсті.  Ақындар уытты әзілден бөлек ел мен жер тағ­­дырына қатысты да ұтымды тір­кес­терін жеткізіп үлгерді. Еркебұ­лан бір ауыз сөзімен шенді-шек­пен­дінің мойнына үлкен жауап­кер­шілік артқандай болды. Елдің сөзін сөйлеген ақынды халық та ұзақ уақыт қошеметтеп тұрып алды. Бұл жұпта Еркебұлан түгелдей 10 ұпай алса, Шұғайып екі 9 ұпай еншілеп қалды. 

Өзге жұптардың да айтысы аса шабытты, ерекше қарқынды жағд­ай­да өрбіді. Айтыс басталмай тұрып бір топ ақындармен бірге Үржар аудандық тарихи-өлкетану музейі­не жол түскен еді. Сол кезде қазақ руханиятына қосылған зор олжа, ерекше ескерткіш – «Үржар хан­ша­йы­мын» көріп тәнті болғанбыз. Одан ары шығыстан шыққан тағы бір «Алтын адамды» тамашалаудың да сәті түскен. Бізге жол көрсетіп, экспонаттарды мұқият таныстыр­ған музей басшысы Серікбек Туға­нов кешкілік домбырасын асынып, айтысқа шыққан. Жүрсін Ерман «Туған елге арқаңды сүйеп, шап, Серікбек!» деп шабыт беріп қойды. Қарсыласы ақтөбелік Марат Ахме­тов көбіне Серікбектің лауазымын сынға ала сөйледі. «Айтыс деген мем­лекеттік қызмет емес, Қалатын іште­гіні ішке бүгіп» деген жас ақын, музей басшысын шаппа-шап айтысқа шақырғандай еді. Алайда Серікбек алыстан келген ақынды баса-көктеп, сөзбен апшысын қуы­ру­­ға аса құлықты бола қоймаған се­кілді. Ал айтыс соңына таман Се­рікбек Туғанов батыстан келген балаға құрмет танытып, жолын бе­ріп, үстіндегі шапанын да сыйла­ды.  

Бұдан кейін сахнаға талай айтыс­тың көркіне айналып, талай бәйгеде оза шапқан адуынды ақын Рүстем Қайыртай мен жас ақын Сая Бірлесбек көтерілді. Ақындар келіннің қазіргі жағдайы, міндеті туралы да ой өрбітіп, әдемі әзіл шу­мақтар паш етті. Қазылар алқа­сы­ның шешімі бойынша бірыңғай 10 алған Рүстем жас әрі жалынды қарсыласынан басым түсті. 

Төртінші жұп сахнаға шығар қарсаңда қас қарайып, көлге шомылған адамдардың да қатары сирей бастаған. Есесіне тікелей қонақүйіне тартып кетпей, айтыс тамашалаған жанның қатарын арттырған адам көбейді. «Алтын домбыра» иегері, балталаса бұзыл­мас тіркестерімен танылған Аспан­бек Шұғатаев жас пері Алтынбек Ибрагимовпен сөз шайқасына түсті. Үлкен додаға алғаш шыққа­нын айтқан Алтынбек «Алғаш рет айтыссам да қорықпайын, Қоше­мет­теп халқым тұрса тосып алдан, Қабанбай да ең алғашқы жекпе-жекте, Жоңғардың батырының басын алған» деп азулы қарсы­ласына ә дегеннен сес көрсеткен. Аспанбек болса: 

Алыссаң дұрыс алысқын,

Шабыссаң дұрыс шабысқын,

Бұған не дейін ағайын,

Қазіргі балалар қиын ғой, 

Жарылып кете салады,

Складындай Арыстың»

деп, бірнеше проблеманың басын бірік­тіре салған сәтті шумақ болды. Бұ­дан кейін де қос ақын жарасты әзіл­­дерін ары қарай сәтті жалғас­ты­р­ды. Қазылар шешімімен бір­ың­ғай 10 ұпай алған баянауыл­дық Ас­панбек Шұғатаев бұл жұптың сөзсіз жеңімпазы атанды. 

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын айтыс аламанының жұлды­зы­на айналған, кейін жол апатынан көз жұмған Ерік Асқаровтың ұлы – Бекзат Асқаров Алакөл төріндегі өнердегі тұсаукесер қадамын жаса­ды. Қарағандыдан келген Мақсат Ақанов екеуі ел көңілінен шыққан айтыс жасай алды. Бұл жолы бір­ың­­ғай 10 ұпай алған Мақсаттың бағы басым түсті. Алакөл додасы­ның ең тартымды жұбы ретінде Талғат Мықи мен Нұрзат Қаруды атасақ болады. Ақындығымен көпке танылған Талғат бірыңғай 10 жинап алға шықса, Нұрзат бір ғана 9 алып, қарсыласынан бір ұпайға қалып қойды. Жанары көрмесе де жаны терең, жыры кемел ақын Баян Жақанов та осы жолы үлкен айтыстың дәмін татты. Онымен айтысқан зайсандық ақын Ардабек Ақбабаұлының да тегеуріні жиыл­ған жұртты тәнті етті. Айтыс ал­дын­д­а Жүрсін Ерман қос ұланға: «Еке­уіңнің де бақтарың жансын, айналайындар» деп батасын берген.

Айтыс қорытындысы бойынша Алакөлге келген ақындардың бар­лы­ғына дерлік жүлде тиді. Жүлделі үшінші орынды (300 мың теңге) – Талғат Мықи мен Мақсат Ақанов иеленсе, екінші орынды (500 мың теңге) Рүстем Қайыр­тайұлы енші­леді. Бірінші орын (700 мың теңге) Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ал бас жүлдеге (1 миллион теңге) көр­кем жырымен көпшілікті риза ет­кен Еркебұлан Қайназаров ла­йық деп танылды. 

Алакөл айтысы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Шараның аясы кеңейсе, Алакөл – туризм мен руханият бесігіне айналса» дейді ұйымдастырушылар. 


Жүрсін ЕРМАН,  
ақын: 

– Айтысты өмір бойы Алматы мен Астанада өткізе беруге де болмас. Былтырдан бері аудандарға шығып жүрген едік. Қызылорда облысының екі-үш ауданында, Шығыс Қазақстанның Көкпекті, Ақсуат деген өңірлерінде айтыс өткіздік. Осы жолғы айтысты Зейнолла Сәнік мәдени қоры қолдап, Үржар ауданы әкімдігі қоштағаннан кейін өткізіп отырмыз. Әу баста көл жағасында айтыс жасаған қалай болар екен деген күдік болған. Бірақ сол күдіктің бәрі жоққа шықты. Кемінде 10-12 мың адам тікесінен тік тұрып айтыс тамашалады. Бір жағынан бұл айтыс Алакөлдегі туризмді насихаттауға да жақсы үлес қосты. 


Серік ҚАЛИЕВ,  
«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры: 

– Зейнолла Сәнік атамыз Үржар, Мақаншы өңірінің арғы-бергі тарихын, белгілі тұлғалар мен Алакөл жайындағы мағлұматты ұлы Қанаттың құлағына сіңіріп өсірген екен. Әке арманын, туған жерге деген перзенттік парызын ұлы  Қанат Зейноллаұлы жүзеге асырып отыр. Осы сапар аясында әдебиет пен өнер қайраткерлеріне шынайы демалыс сыйлап, шығармашылық шабыт беруге тырыстық. Ал ақындардың жырында халықтың ойында жүрген мәселелер барынша айтылды. Мысалы, Алакөлге баратын жол машақаты, елдің айбыны болып, рухын асқақтататын, жас ұрпаққа тәлім болатын  әлеуметтік мәселелер қамтылды. Дегенмен, кей ақындардың дайындығының аздығы, жергілікті өңір туралы мәліметінің жұтаңдығы байқалып тұрды.