Бірер апта бұрын шырайлы шығыста «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» атты ақындар айтысы дүбірлеп өтті. Әдетте айтыс елордада, Алматыда, тіпті ұзады дегенде облыс орталықтарында өтетін. Арагідік аудандарға да барып қалады. Бірақ біржола ауылдың төріне айтыс отауының тігілуі соншалықты салтқа айналмаған. Содан да болар Алакөлдегі Қабанбай ауылында айтыс болады деген жаңалықты таңғалыспен қабылдағанымыз рас. Сөйтсек, мұның бір емес бірнеше себебі бар екен.
Мәдени шараны ұйымдастырушы – 2018 жылы негізі қаланған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры». Руханияттан аз болса да хабары бар адамға Зейнолла ағамыздың есім-сойы мен еткен еңбегі таныс болса керек. Іле қазақ автономиялы облысының Тарбағатай аймағында дүниеге келіп, саналы ғұмырын өнерге, шығармашылыққа арнаған жан. Жазушы ретінде қаламынан талай құнды көркем шығармалар дүниеге келсе, этнограф, баспагер ретінде де елеулі еңбек қылған. 2017 жылы қаламгердің 15 томдық шығармалар жинағы жарық көрген еді. Бұл сөзсіз, ұлт руханиятына қосылған баға жетпес қазына. Міне, осындай жақсының көзі – Қанат Зейноллаұлы (мәдениет қорының құрылтайшысы) қордың атқарушы директоры Серік Қалиев сияқты азаматтардың бас болуымен айтыс ұйымдастырылды. Осы шығыс аймағы – Зейнолла Сәнік пен оның ұрпақтарының ата қонысы, туған мекені. Сондықтан ұлының аламан доданы Алакөлге алып келуі – «туған жерге ту тіккенінің» жарқын белгісі іспетті. Екінші себеп – айтысты ауыл арасына жақындату. Үшіншісі – ұлт зиялылары мен жақсы-жайсаңдарды, арқалы ақындарды Алакөл төріндегі мәдени шараға шақырып, туризмге де ерекше насихат жасау. Мұндай идея Үржар ауданы әкімдігі тарапынан бірден қолдау тапқан. Жыр додасына Бекзат Асқаров, Шұғайып Сезімхан, Еркебұлан Қайназаров, Мақсат Ақанов, Талғат Мықи, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Марат Ахметов, Алтынбек Ибрагимов, Саягүл Бірлесбек, Нұрзат Қару, Серікбек Туғанов, Ардабек Ақбабаұлы, Баян Жақанов сияқты ақындар қатысты. Әділқазылар алқасы да кіл сөз ұстаған жүйрік жампоздардан жасақталыпты. Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын Ғалым Жайлыбай, академик Дихан Хамзабекұлы, ақын Серік Қалиев, белгілі айтыскер ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Бауыржан Халиолла және Серікзат Дүйсенғазиндер сахнаға шыққан жүйріктерді мейлінше әділ бағалауға тырысты. Айтыстың шымылдығын Еркебұлан мен Шұғайып түріп берді. Екеуара айтыс негізінен әзіл-қалжыңға, жезде мен балдыздың өзара тартысына ұласып, көрерменді ә дегеннен еліктіре түсті. Ақындар уытты әзілден бөлек ел мен жер тағдырына қатысты да ұтымды тіркестерін жеткізіп үлгерді. Еркебұлан бір ауыз сөзімен шенді-шекпендінің мойнына үлкен жауапкершілік артқандай болды. Елдің сөзін сөйлеген ақынды халық та ұзақ уақыт қошеметтеп тұрып алды. Бұл жұпта Еркебұлан түгелдей 10 ұпай алса, Шұғайып екі 9 ұпай еншілеп қалды.
Өзге жұптардың да айтысы аса шабытты, ерекше қарқынды жағдайда өрбіді. Айтыс басталмай тұрып бір топ ақындармен бірге Үржар аудандық тарихи-өлкетану музейіне жол түскен еді. Сол кезде қазақ руханиятына қосылған зор олжа, ерекше ескерткіш – «Үржар ханшайымын» көріп тәнті болғанбыз. Одан ары шығыстан шыққан тағы бір «Алтын адамды» тамашалаудың да сәті түскен. Бізге жол көрсетіп, экспонаттарды мұқият таныстырған музей басшысы Серікбек Туғанов кешкілік домбырасын асынып, айтысқа шыққан. Жүрсін Ерман «Туған елге арқаңды сүйеп, шап, Серікбек!» деп шабыт беріп қойды. Қарсыласы ақтөбелік Марат Ахметов көбіне Серікбектің лауазымын сынға ала сөйледі. «Айтыс деген мемлекеттік қызмет емес, Қалатын іштегіні ішке бүгіп» деген жас ақын, музей басшысын шаппа-шап айтысқа шақырғандай еді. Алайда Серікбек алыстан келген ақынды баса-көктеп, сөзбен апшысын қуыруға аса құлықты бола қоймаған секілді. Ал айтыс соңына таман Серікбек Туғанов батыстан келген балаға құрмет танытып, жолын беріп, үстіндегі шапанын да сыйлады.
Бұдан кейін сахнаға талай айтыстың көркіне айналып, талай бәйгеде оза шапқан адуынды ақын Рүстем Қайыртай мен жас ақын Сая Бірлесбек көтерілді. Ақындар келіннің қазіргі жағдайы, міндеті туралы да ой өрбітіп, әдемі әзіл шумақтар паш етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірыңғай 10 алған Рүстем жас әрі жалынды қарсыласынан басым түсті.
Төртінші жұп сахнаға шығар қарсаңда қас қарайып, көлге шомылған адамдардың да қатары сирей бастаған. Есесіне тікелей қонақүйіне тартып кетпей, айтыс тамашалаған жанның қатарын арттырған адам көбейді. «Алтын домбыра» иегері, балталаса бұзылмас тіркестерімен танылған Аспанбек Шұғатаев жас пері Алтынбек Ибрагимовпен сөз шайқасына түсті. Үлкен додаға алғаш шыққанын айтқан Алтынбек «Алғаш рет айтыссам да қорықпайын, Қошеметтеп халқым тұрса тосып алдан, Қабанбай да ең алғашқы жекпе-жекте, Жоңғардың батырының басын алған» деп азулы қарсыласына ә дегеннен сес көрсеткен. Аспанбек болса:
Алыссаң дұрыс алысқын,
Шабыссаң дұрыс шабысқын,
Бұған не дейін ағайын,
Қазіргі балалар қиын ғой,
Жарылып кете салады,
Складындай Арыстың»
деп, бірнеше проблеманың басын біріктіре салған сәтті шумақ болды. Бұдан кейін де қос ақын жарасты әзілдерін ары қарай сәтті жалғастырды. Қазылар шешімімен бірыңғай 10 ұпай алған баянауылдық Аспанбек Шұғатаев бұл жұптың сөзсіз жеңімпазы атанды.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын айтыс аламанының жұлдызына айналған, кейін жол апатынан көз жұмған Ерік Асқаровтың ұлы – Бекзат Асқаров Алакөл төріндегі өнердегі тұсаукесер қадамын жасады. Қарағандыдан келген Мақсат Ақанов екеуі ел көңілінен шыққан айтыс жасай алды. Бұл жолы бірыңғай 10 ұпай алған Мақсаттың бағы басым түсті. Алакөл додасының ең тартымды жұбы ретінде Талғат Мықи мен Нұрзат Қаруды атасақ болады. Ақындығымен көпке танылған Талғат бірыңғай 10 жинап алға шықса, Нұрзат бір ғана 9 алып, қарсыласынан бір ұпайға қалып қойды. Жанары көрмесе де жаны терең, жыры кемел ақын Баян Жақанов та осы жолы үлкен айтыстың дәмін татты. Онымен айтысқан зайсандық ақын Ардабек Ақбабаұлының да тегеуріні жиылған жұртты тәнті етті. Айтыс алдында Жүрсін Ерман қос ұланға: «Екеуіңнің де бақтарың жансын, айналайындар» деп батасын берген.
Айтыс қорытындысы бойынша Алакөлге келген ақындардың барлығына дерлік жүлде тиді. Жүлделі үшінші орынды (300 мың теңге) – Талғат Мықи мен Мақсат Ақанов иеленсе, екінші орынды (500 мың теңге) Рүстем Қайыртайұлы еншіледі. Бірінші орын (700 мың теңге) Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ал бас жүлдеге (1 миллион теңге) көркем жырымен көпшілікті риза еткен Еркебұлан Қайназаров лайық деп танылды.
Алакөл айтысы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Шараның аясы кеңейсе, Алакөл – туризм мен руханият бесігіне айналса» дейді ұйымдастырушылар.
Жүрсін ЕРМАН,
ақын:
– Айтысты өмір бойы Алматы мен Астанада өткізе беруге де болмас. Былтырдан бері аудандарға шығып жүрген едік. Қызылорда облысының екі-үш ауданында, Шығыс Қазақстанның Көкпекті, Ақсуат деген өңірлерінде айтыс өткіздік. Осы жолғы айтысты Зейнолла Сәнік мәдени қоры қолдап, Үржар ауданы әкімдігі қоштағаннан кейін өткізіп отырмыз. Әу баста көл жағасында айтыс жасаған қалай болар екен деген күдік болған. Бірақ сол күдіктің бәрі жоққа шықты. Кемінде 10-12 мың адам тікесінен тік тұрып айтыс тамашалады. Бір жағынан бұл айтыс Алакөлдегі туризмді насихаттауға да жақсы үлес қосты.
– Айтысты өмір бойы Алматы мен Астанада өткізе беруге де болмас. Былтырдан бері аудандарға шығып жүрген едік. Қызылорда облысының екі-үш ауданында, Шығыс Қазақстанның Көкпекті, Ақсуат деген өңірлерінде айтыс өткіздік. Осы жолғы айтысты Зейнолла Сәнік мәдени қоры қолдап, Үржар ауданы әкімдігі қоштағаннан кейін өткізіп отырмыз. Әу баста көл жағасында айтыс жасаған қалай болар екен деген күдік болған. Бірақ сол күдіктің бәрі жоққа шықты. Кемінде 10-12 мың адам тікесінен тік тұрып айтыс тамашалады. Бір жағынан бұл айтыс Алакөлдегі туризмді насихаттауға да жақсы үлес қосты.
Серік ҚАЛИЕВ,
«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры:
– Зейнолла Сәнік атамыз Үржар, Мақаншы өңірінің арғы-бергі тарихын, белгілі тұлғалар мен Алакөл жайындағы мағлұматты ұлы Қанаттың құлағына сіңіріп өсірген екен. Әке арманын, туған жерге деген перзенттік парызын ұлы Қанат Зейноллаұлы жүзеге асырып отыр. Осы сапар аясында әдебиет пен өнер қайраткерлеріне шынайы демалыс сыйлап, шығармашылық шабыт беруге тырыстық. Ал ақындардың жырында халықтың ойында жүрген мәселелер барынша айтылды. Мысалы, Алакөлге баратын жол машақаты, елдің айбыны болып, рухын асқақтататын, жас ұрпаққа тәлім болатын әлеуметтік мәселелер қамтылды. Дегенмен, кей ақындардың дайындығының аздығы, жергілікті өңір туралы мәліметінің жұтаңдығы байқалып тұрды.
– Зейнолла Сәнік атамыз Үржар, Мақаншы өңірінің арғы-бергі тарихын, белгілі тұлғалар мен Алакөл жайындағы мағлұматты ұлы Қанаттың құлағына сіңіріп өсірген екен. Әке арманын, туған жерге деген перзенттік парызын ұлы Қанат Зейноллаұлы жүзеге асырып отыр. Осы сапар аясында әдебиет пен өнер қайраткерлеріне шынайы демалыс сыйлап, шығармашылық шабыт беруге тырыстық. Ал ақындардың жырында халықтың ойында жүрген мәселелер барынша айтылды. Мысалы, Алакөлге баратын жол машақаты, елдің айбыны болып, рухын асқақтататын, жас ұрпаққа тәлім болатын әлеуметтік мәселелер қамтылды. Дегенмен, кей ақындардың дайындығының аздығы, жергілікті өңір туралы мәліметінің жұтаңдығы байқалып тұрды.