Қазақстан Журналистер академиясының президентi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев 75 жасқа толды. Баяғының 75-ке келген шалдары қандай, бүгінгі Сәкең қандай? Жүрісі де, тұрысы да жас жігіттерден еш қалыспайды. Бәрінен де Сағымбай Қабашұлының ойы сергек. Қолынан қаламы түспейді. Төгілте жазады.
Сағымбай Қабашұлы – әлемдік журналистика тарихы мен ұлттық БАҚ-ты ішегінің қырындысына дейін түгел зерттеген ғұлама ғалым, көрнекті публицист. Мыңнан аса публицистикалық очерктер мен ғылыми мақалалардың авторы. Тарих ғылымдарының докторы. Докторлығын журналистиканың баспасөз тарихы, телевизия және радио салалары бойынша Мәскеудің төрінде қорғаған. Германия, Сингапур елдерінде және АҚШ-тың 9 штатында дәріс оқыған профессор. 7 ғылым докторы, 26 ғылым кандидатының ғылыми жетекшісі. Қазақстан Журналистер одағының 6 рет лауреаты атанған адам. Қазақстан журналистері энциклопедиясын ерінбей, жалықпай түзген ғалым. Қазақстанның саяси ғылымдар академиясының академигі. Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі. Қазақстан Журналистер академиясының президенті.
Қостанай өңiрi Қозыбай әулетi туралы мақтанышпен сөз етеді. Сәкеңнің әкесі Қабаш Қозыбаевтың ел арасындағы беделi зор, көзi ашық, көкiрегi ояу азамат болған екен. Сұрапыл соғыс жылдары шаруашылық басқарған. Қолындағы бар малын сатып, танк колоннасын құруға жұмсаған азамат. Осы әулеттен шыққан Оразалы Қозыбаев Еңбек Ерi атанған. Бір әулеттен Манаш Қозыбаев, Сағымбай Қозыбаев деген екі бірдей академик шықты. Мұның өзі – қазақтың «Тектіден текті туады» деген мәтеліне жарқын мысал.
Қабаш Қозыбаев, тәуелсіз Қазақстан тарихының негізін жаңа көзқараспен салып берген академик Манаш Қозыбаев, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, Сағымбай Қозыбаев... Бір әулеттің бір-бір бәйтерегі. Сағымбай Қабашұлы «Звезды в небе» кітабында әкесі Қабаш Қозыбаев туралы әр жылдардағы жарық көрген материалдарды топтастырып, оқырманға ұсынған. Қабаш ақсақал 1898 жылы туып, 1973 жылы дүние салған. Меңдіқара ауданының Жаңатұрмыс ауылында, Қарасу ауданында, Ұзынкөл ауданының бірлік колхозында 20 жыл бойы ауылшаруашылық саласында басшы болған. Соғыс өрті лаулаған 1943 жылдың басында 190 мың сом қаржының басын құрап, көрші «Красный повстанец» колхозының төрағасы Иван Верещенко, ол осынша ақша жинайды, екеуі Чкалов қаласына барып, үш әскери ұшақ сатып алады. Оның бірінің қанатына қызылмен «Қабаш Қозыбаев», екіншісінің қанатына «Иван Верещенко», ал үшіншісінің қанатына екеуінің атын қатар жазады. Бұл патриоттық бастаманы жоғары бағалаған жоғарғы қолбасшы И.Сталин Қабаш Қозыбаев атына жеделхат жіберіп, ризашылығын білдірген. Бұл жеделхат кезінде Кеңес Одағының бас газеті «Правдада» жарияланған екен.
«Әкем осы қаржыны жинағанда үйдегі малды, ине-жіпке, балаларының киіміне дейін сатыпты. Анама: «Аштықта да өлген жоқпыз, біз елдеміз» деген екен. Сонда үй толы жан болатын, інісі Оразалы – майданда. Әкеміз аштықты, колхоздастыруды, репрессияны, соғыс қиындықтарын басынан кешті. Ол колхоз басқарса да кедей тұрдық. Соғыс кезінде ауылдастарына «қара қағаз» тасып, жаны жүдепті. Кейін: «Қарақыз деген кемпірдің майданға кеткен төрт баласына «қара қағаз» келгенде, соңғысын үміті үзілмей жүрсін деп апарып бермедім» дегенін өзім де талай естіп едім, – деген Сәулеш Қозыбаеваның естелігінен Сағымбай ағамыздың балалық шағы қандай қиындықпен өткенін аңғаруға болады.
Сағымбай Қабашұлы журналистика факультетінде 1974 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да көз алдында. Бір заманда Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Санжар Аспандияров секілді айтулы қазақ азаматтары сабақ берген факультеттің ірге бекуіне Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожаекеев, Марат Барманқұлов, Намазалы Омашев секілді азаматтар аянбай еңбек етті. Сондықтан, бұл факультет тарихын тереңде жатқан дәстүрлі журналистика мектебі деуге болады.
Сағымбай Қозыбаев – Қазақстан журналистика академиясының президенті. Осы академияның дүниеге келуіне, нәтижелі жұмыс істеуіне Сәкеңнің тынымсыз әрекеті түрткі болды. «Елде қазір әртүрлі газеттер, медиа корпорациялар, прессклубтар бар. Әрқайсы өзінше қызмет атқарады. Солардың бәрінің басын қосатын, ақылдасатын ортақ жерлері болсын, бір-бірімен тәжірибе алмассын, бір-біріне ақыл қоссын деп осы академияны 2001 жылы құрдым. Академия жыл сайын журналистикада жарқырап көрініп жүрген, осы салаға елеулі еңбегі сіңген ұжымдарға, бағдарламаларға арнап «Алтын жұлдыз» атты арнайы жүлде тағайындайды. Айтулы азаматтарға арналған «Алтын самұрық» атты арнайы номинациясы да бар. Қазақстан журналистика академиясы мәртебелі ұйымға айналды. Соның басы-қасында жүрген академияның президенті Сағымбай Қозыбаев әркез өзінің тың бастамаларымен елдің алдында жүреді.
«Академияны ашу туралы ойды ұсынған белгiлi журналист әрi актер Әлiшер Сүлейменов болатын. Оның тұсаукесер рәсiмi 2001 жылы өттi. Бұл ұйымның бүгiнгi таңда беделдi де белдi мүшелері бар. Яғни, бұл мүшелердiң бәрi – осы академияның академиктерi. Олардың барлығы – егемен елiмiздiң бұқаралық ақпарат құралдарында жемiстi еңбек етiп, сол саланың құлағын ұстап отырған кәсiби мамандар. Бұл академияны ашудағы дiттеген мақсатымыз –əәлемдiк деңгейдегi ақпарат кеңiстiгiне тәуелсiз мемлекет ретiнде жол салу. Республикалық БАҚ ұсынған жобаларға қолдау көрсетiп, отандық журналистиканы дамытуға ықпал ету. Журналист мамандардың беделiн көтерiп, олардың еңбегiн лайықты бағалау», – дейді Сағымбай Қабашұлы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан журналистика майталманы екенін елдің бәрі мойындайды. Сәкеңнің жаналыққа жаны құмар. Орыста «Играющий тренер» деген бір сөз бар. Қаламгерлігі – соның дәлелі. Ізденімпаз. Сергек және елгезек. Сағымбай Қозыбаев қазақ радиосында бас редактордың орынбасары, кейінірек Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс істеген жылдарында асқан жанқиярлықпен жұмыс істеді. Журналистік сапармен ел-елді, жер-жерді аралады. Көрген-түйгендерін дереу мөлдірете жазып тастайды. Сәкең ғалым ретінде журналистика тарихын зерттеуде, зерделеуде аянбай қызмет жасады. Ұлттық баспасөзіміздің тарихын түгендеді. Сағымбай Қабашұлының іргелі зерттеулерінің нәтижесінде республикалық «Корё ильбо» газеті өзінің шыға бастау жылнамасын 1937 жылдан емес, 1923 жылдан бастайтын болды. «Экспресс К» газеті де өз шежіресіне өзгерістер енгізді.
Профессордың зерделеуіне қарайтын болсақ, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Тәуелсіздік жылдарынан бері үш кезеңнен өткенін көруге болады. Алғашқысы – 1991-1994 жылдардағы кезең. Бұл кезде еліміздегі барлық салалар сияқты БАҚ-та аса үлкен дағдарысты бастан өткерді. Одан кейін нарықтық жүйеге бейімделу кезеңі болды. Қазіргі таңда қазақстандық БАҚ либералды кезеңге жетті. Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда тіркелген БАҚ-тың саны 600-дің шамасында болса, түрлі дағдарыс жағдайына қарамастан елімізде бірқатар ірі медиахолдингтер, медиаконцерндер құрылды. Сонымен қатар журналистерге қатысты ұйымдар да көбейді. Журналистер одағы, Журналистер академиясы, Журналистер конгресі, Медианет, Интерньюс, «Әділ сөз», «Медиа-Альянс» сияқты ұйымдар баршылық. Еуразиялық медиафорум да – қазақстандық БАҚ-тың беделіне оңтайлы әсер етіп жатқан жоба.
Кездесе қалғанда Сағымбай Қабашұлынан Қазақстан журналистикасының даму барысы туралы сұрап қоямыз. «Қазақстан – бiр мүшелге толған бала сияқты. Буыны бекiмеген балаға ауыр жүктi арқалата алмайсың. Сол сияқты бiздiң журналистиканы дамыған елдердiң журналистикасымен салыстыруға болмайды. Бiрақ өсу, даму бар. Осыдан он жылғы журналистика мен қазiргi журналистиканы салыстыра аласыз ба? Бiз әлдеқайда iлгерiлеп кеттiк. Ал қазiргi ахуалымызды ТМД мемлекеттерiмен теңестiруге болады. Соңғы уақытта сол мемлекеттердiң кейбiрiне шетелдiк қалталы алпауыттар келiп, солардың БАҚ-тарына ауыз сала бастады. Олардың кебiнiн ертең бiз де киюiмiз əәбден мүмкiн. Сондықтан бас-басымызға би болмай, тiзе қосуымыз керек. Қазiр әрбiр алпауыттың 5-6 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олар солардың ғана қамын жеп, күйiн күйттейдi. ƏӘртiлдi газет өз ауласының шөбiн тазалап, күйiсiн қайырады. Бiр шаңырақтың астында ғұмыр кешiп жатқан соң, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ортақ проблемаларды шешуге ұмтылуымыз қажет», – деп аталы сөз айтады.
Керек-дерек
Сағымбай Қозыбаев Қабашұлы 1944 жылы 15 шілдеде Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Саясаттану ғылымы академиясының академигі. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан мемлекеттік теле-радио жүйесінде кіші редактор, бас редактордың орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы меншікті тілшісі, ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, декан, 1981 жылдан кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Қазақстан Журналистика академиясының президенті. «Партийное руководство средствами массовой информации: история, опыт, проблемы, перспективы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 350-ден астам ғылыми жарияланымның, 19 монографияның авторы.
Сағымбай Қабашұлы бір өзі шырылдап, жүгіріп жүріп Қазақстан журналистикасының энциклопедиясын шығарды. 531 беттен тұратын бұл көлемді ғылыми басылым құнды мұраға айналды. 2006 жылы жарық көрген «Қазақстан журналистикасы энциклопедиясын» қазір журналистер даярлайтын жоғары оқу орындары игілікке жаратып отыр. «Менің Ленсменам» (2001), «Жарық жұлдыздар. Отандық журналистика элитасы» (2006), сондай-ақ, «Масс-медиа. Словарь-справочник» (2007) деп аталатын кітаптар журналистер қауымы мен саясаттанушыларға, тарихшыларға аса кажетті көмекші кұралға айналғанын айтсақ та жеткілікті.
Бұл туралы кезінде марқұм Жұмабек Кенжалин ағамыз «Қажымайтын Қозыбаев» деген мақала жазып еді. Жұмекең Сағымбай Қозыбаев еңбектерін саралай келіп, «әсіресе, «Масс-медиа. Словарь-справочниктің» орны ерекше. Көлемі 720 беттен тұратын осынау энциклопедиялық басылымға үш мыңнан артық мақала енгізілген. Өзі басқаратын Қазақстан Журналистика академиясының жұмыс ауқымында атқарылған елеулі іс боп танылатын осынау энциклопедиялық басылым масс-медиялық анықтама сөздіктермен қоса теориялық түсініктемелерді қамтып қана қоймай, Қазақстандағы БАҚ саласындағы заңнамалық актілер туралы да мағлұматтар береді. Бұл ретте «Масс-медиа. Словарь-справочниктің» еліміздегі журналистика мамандығы бойынша дәріс алып жүрген шәкірттер үшін негізгі оқу құралына айналды», – деп жазды.
Бұл күнде үрдіске енген Халықаралық ғылыми конференция дегенді тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі де – Сағымбай Қозыбаев. Бұл туралы Марат Барманқұлов «1998, 1990, 1992 жылдары Сағымбай Қабашұлы үш бүкілодақтық және халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. 1990 жылғы конференцияға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 163 ғалым қатысты, мұндай алқалы жиынды абыроймен өткізу ердің ерінің ғана қолынан келеді ғой»» деген пікір білдірген екен.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген бар. Сағыбай Қабашұлы журналистика факультетінде үзбей еңбек еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды. Бұл туралы белгілі журналист Құттыбек Аймахан: «Әрине, оқытушы болу да, ғалым болу да адамнан екі түрлі қасиетті талап етеді. Атап айтқанда, оқытушының ең алдымен студенттерді өзіне тарта білетін, оқыған дәрістерінің қыр-сырын жете меңгерген, сөзге шешен жан болуы қажет болса, осының бәрі Сағымбай Қозыбаевтың бір басынан табылады. Әсіресе, бұл ұстаздың оқыған дәрістерін студенттердің қыбыр етпей тыңдайтыны аудиториямен байланыстың жоғары шеберлігін көрсетеді… Сондықтан болар, бірте-бірте С.Қозыбаевтың жолын қуушылар көбейіп, оның ғылыми мектебі қалыптасты», – деп жазады.
«Мен өзi мақтан сүйетiн адам емес едiм. Әрбiр адам еккен ағашының жемiсiн көргiсi келедi. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы қасиеттi бiлiм ордасынан мыңдаған шәкiрттер бiлiм нәрiмен сусындап шықты. Олардың барлығы ұлан-байтақ елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде еңбек етiп жүр. Қай бұқаралық ақпарат құралдарының есiгiн ашпаңыз, алдыңыздан күлiмдеп шəкiрттерiң шығады. Соларды көрiп, бiр марқайып қаласың. Еңбегiңнiң еш кетпегенiне шүкiршiлiк етесiң», – деген ұлағатты ұстаз сөзінде қарапайымдылық қағидасы жатыр.
Сағымбай Қабашұлының қарапайым қалпы, ақкөңіл елгезектігі ел-жұртты өзіне үйіріп, тартып тұрады. Қашан көрсеңіз де ақжарқын. Іші-бауырыңа кіріп, хал-жағдайыңды біліп, өзін толғандырған мәселелерді ортаға салып жүреді.
Бұл күнде «Газетті кім оқиды? Оның орнын сайт басуы керек» деген пікір өрістеп тұр. Жұрттың газет оқудан қалып бара жатқаны профессордың жанына қатты батады. «Өкінішке қарай, халық қазір газет оқымайды. Студенттерге кітап оқыта алмаймыз. Емтихан алу барысында Сәбит Мұқановтың кім екенін білмейді, университетті бітірейін деп отырған балалар. Олар үшін өзің ұятқа қаласың. Мұның бәрі бір жағынан мұғалімге де байланысты. Бізде мұғалімдер бар, екі сөздің басын құрап жаза алмайтын. Бес жол кіріспе сөз жаза алмайды. Мұнда патриоттар ғана жүреді. Білім-білігі болмаса да, ұстаз болғысы келетін, қызметіне адал жандар ғана жүреді. Сондықтан, шынын айту керек, бұл мәселеде мұғалімдердің айлығы мәз емес. Қазіргі жағдайда жалақылары киім түгілі айлық нанына да жетпейді. Журналистика – қазір медиа-бизнес. Әр газет өзіне ақша табу үшін әрекет етеді. Бұл өте дұрыс бағыт деп ойлаймын. Бірақ, бұның бір жаман жағы бар. Тапсырыспен мақала жазу деген. Журналистика арқылы жаман адамды жақсы қылуға болады. Жақсы адамды тапсырыспен ит қылуға да болады. Мұны «сатылған журналистика, сатқын журналистика» дейді. Сондықтан, бұл мәселедегі көп салмақты журналистің өзінің ішкі тазалығына, позициясына, этикасына қалдырамыз. Яғни, бұл мәселеде бәрі журналистің адамгершілігіне байланысты», – деген Сағымбай Қабашұлының сөзінде уақыт шындығы жатыр.
Бірақ осындай беймаза мәселелердің дендеуіне қарамастан Сағымбай Қозыбаев қазақ журналистикасының болашағы зор екендігіне сенімді. «Меніңше, келешекте қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады. Сапасыз әрі ұсақ газеттердің жойылып кету есебінен сапалы газеттердің таралымы өседі. Бұл олардың сапасының одан ары артуына себеп болады. Қазақтілді телеарналар міндетті түрде өзінің көрермендерін табады. Цифрлық жүйеге жаңадан бейімделіп жатқан қазақтар алдағы жиырма жылда өз арналарын табады», – дейді күлімдеп.
Сағымбай Қабашұлы – адам ретінде өте қарапайым, жүрегі нәзік, жаны сезімтал, өне бойы ізгілік пен инабатқа иірімделген асқан зиялы азамат. Ол кісінің алдын көрген, тәлімін алған, әріптес болған, сыйласқан, сырласқан, араласқан, құраласқан кез келген адам осы сөздің астына өзінің қолын қоюға даяр екеніне өз басым сенімдімін.
Журналистика – ғылым. Былайғы жұртқа бұл ғылымның қызығы да, шыжығы да қызықсыз. Сағымбай аға – осы саланың майын ішкен маман. Ол журналистикаға тек қана ғылым деп қарамайды, ол бұл салаға сөз өнері деп қарайды. Ал «өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ сөздің қандай құдіретті екенін жақсы біледі. Жақсы сөз жұртты емдейді. Демейді. Жебейді. Қоғамның дерті сөзбен жазылады. Ұстаз қоғамды ірітетін, құртатын, қаралайтын сөзді емес, жылытатын, жұбататын, тербететін сөздің өміршең екенін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келе жатыр. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлы Абай қағидасын бұлжытпай орындап келе жатқан азамат.
Журналист – бәрін жүректен өткізіп, жүрекке жеткізетін маман. Жанашыр сөз айту, жанын салып жазу, жан жүрегімен ой бөлісу – нағыз журналиске тән қасиет. Ұстаз осы қасиеттерді алдына келген алуан шәкірттің бәріне ұқтыруға ұмтылды. Өзі де осы жағынан қаншама адамға үлгі көрсетіп келеді.
Адам баласы өзін қанша ұлы санаса да, ұлы Жаратушының алдында тозаңның түйіршігі секілді. Бірақ бұл түйіршіктің де талай дүниеге шамасы келеді. Туған жер, туған ел, туған түтін, туыс-туғандар мен туысы бөлек қаншама адамзат жаратылыс заңдылықтарын айналып өте алмайды. Өмірге келдің екен: ізгіліктің дәнін себуге, игіліктің кенін игеруге талпын! Өз еліңді, өз жеріңді, өз Отаныңды сүй; адамның баласы болма, адамзаттың баласы бол! Қолыңа қалам алдың екен: орға жүгірме, арға жүгін; қаралауға емес, даралауға ұмтыл; бардың бағасын біл, жоқтың жолын қума; ғақлия сөздерді тыңда, шеберлігіңді шыңда! Біздің ұстазымыз Сағыбай Қозыбаевтың өнегелі өсиеті осындай.
Журналистер қауымына ақыл мен нақыл айту қиын. Адам болғасын – жаратылыс та әртүрлі. Біреу ұғады, біреу ұқпайды. Біреу тыңдайды, біреу тыңдамайды. Ұстаздың міндеті – шәкіртке жол сілтеу, жөн сілтеу. Сағымбай аға осы мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Ол журналистиканың жолына түскендерге әрдайым байқампаз болудың керектігін айтады. Жағымпаз журналистикадан жирендіріп, жасампаз журналистиканың жалауын желбіретуге үндейді. Мына дүние қаншама құпия сырға толы, өмірдің ыстығы да, суығы да жетерлік. Күн суытпай-ақ жаны тоңып жүргендер толып жатыр. Ұстаз сондай жандардың жанын жылытар сөз жазыңдар дейді. Бағдар болса, бап табылады. Шын шеберлік шынайы еңбекпен келеді. Әркім өзінше, өз білгенінше жазады. Айналып келгенде бәрі де Адам тағдырына тіреледі. Әлемді, адамды, айналаңды аялай біл деген тұжырымды тілегін айтудан да, жазудан да жалықпайды.
Аға дос 70-ке толғанда «Көп жазбайық, дөп жазайық деп едік. Сол ұйғарымның үдесінен шығайық. Баяғының таяқ ұстаған шалдары сияқты емес. Жас жігіттей. Жарқ еткен, жайнаң қаққан қалыпта. Жауапты. Жинақы. Тиянақты. Табанды. Тегеурінді. Зиялы. Зерделі. Өнегелі. Өрісті.
Ұстаздың жүрегі жас. Ал жас жүрек ешқашан қартаймайды!» – деп жазғанмын. Сол сөзім – сөз!