Қазақстанда ұялы байланыс операторлары ұсынған тарифтер бағасы жылдан-жылға қымбаттап жатыр. 2018 жылы Ranking.kz сарапшылары елімізде ұялы байланыс қызметі 4,3 пайызға қымбаттағанын айтты. Ал 2019 жылы Activ, Kcell, Beeline операторлары жаңа тарифтік жоспарлар енгізді.
Ұялы байланыс қызметі жаңа тарифтік жоспарларды толық бір айға емес, 28 (4 апта) күнге қосатын болды. Нәтижесінде, абонент 1 жылдың ішінде тарифтік жоспарды 12 рет емес, 13 мәрте қосуға мәжбүр болады. Яғни әр абонент бір айлық төлем үшін ақша аударғанымен, тарифті тек 28 күн пайдаланады. Сөйтіп, операторлар ай сайын екі күн ұтып, тұнынушы бір жылда 24 күнге ұтылады. Өз кезегінде бұл әрекет ұялы байланыс операторлары үшін жылына шамамен 38-55 млрд теңге көлемінде қосымша пайда әкеледі. 28 күндік тарифтік жоспарлар халық үшін қолайсыз көрінбеуі мүмкін, дегенмен ұялы байланыс қызметін ұсынушылар тарапына табыстың көзі болғанына қарағанда, бұл да бір «қулық» емес пе?» деген заңды сұрақ туары анық.
Аталған мәселені былтыр Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская көтерген болатын. Депутат операторлар тарифтік жоспарларды бір мезетте бірдей өзгерткеніне баса назар аударып, бақылауды қатаңдатуды сұраған. Ұялы байланыс операторлары нарығында «Қазақтелеком» доминанттыққа ие. Ол қолданыстағы екі операторды, Қазақстан нарығының 60,4 пайызын басқарады. 2018 жылы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті «Қазақтелеком» АҚ-ның Kcell бақылау пакетін сатып алу туралы мәмілесі туралы келісімге отырды. Бұл жағдай нарықты реттеу бойынша міндеттерді Ұлттық экономика министрлігіне жүктейді. Осы жағдайды ескере отырып, ұялы байланыс операторларының тариф бағасын негізсіз өсіре беруі мен оның қадағалану барысы жайлы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетіне сауал жолдағанбыз. Комитеттің баспасөз қызметінің айтуынша, операторларды негізсіз тергеп-тексеруге құқы жоқ екен.
– Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес ұялы байланыс операторларын тергеп-тексеру жұмыстарына көшу үшін негіздеме болуы қажет. Егер тұтынушы тарапы комитетке сауал жолдап, заңбұзушылық жағдайының болғанын хабарласа, үстінен шағым түсіп отырған ұялы байланыс қызметіне 10 жұмыс күні ішінде жағдайды ретке келтіруді тапсырамыз. Егер орындалмаған жағдайда, жедел түрде тергеу жұмыстары басталады. Ал ұялы байланыс қызметін қолданушы абоненттер комитеттің сайты арқылы сауал жолдап, қалаған сұрағына жауап алады, – дейді баспасөз қызметі.
«Тарифтік жоспарлар бағасының өсуіне тағы бір себеп – ұялы байланыс абоненттері санының артуы» дейді сарапшылар.
2017 жылғы дерек бойынша елімізде 25,4 миллион абонент болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 26,5 миллионға өскен. Қазақстанда 2019 жылы Tele 2 мен Altel тарифтері қолданушылар арасында сұранысқа ие болған. Тағы бір ескерер жайт – ТМД елдерінің ішінде мобильді интернетке ең көп ақша жұмсайтын – қазақстандықтар. Бірақ сұраныстың көптігі тарифтік пакеттер бағасының қымбаттауына себеп болмаса керек. 2018 жылы Content Review агенттігі жүргізген зерттеуде Қазақстан мобильді интернеті арзан елдердің төрттігіне кірген. 1 гб трафик бағасы – 264 теңге. Арзан интернет бойынша көбіне Иран, Польша мен Венесуэла елдері алғашқы орындардан көрінеді.
Жалпы, Қазақстан аумағында кең таралған 5 ұялы байланыс операторы бар. Олар – Acti, Kcell, Beeline, Tele2, Altel. Еліміздегі 30 миллионға жуық абоненттің 55 пайызға жуығы мобильді интернет қолданады. Жыл сайын интернет қолданушыларының аясы кеңейіп отырғанына қарап, тарифтік жоспарлар бағасы тікелей болмаса да, түрлі амалдар арқылы өсуі ықтимал.
Мадияр ТӨЛЕУОВ