«Халқымызда «Ауыр жол батаңды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» деген нақыл сөз бар. Бұл сынақ жасқа да, жасамысқа да ауыр тиюде. Қазір карантин уақыты, адамдар әртүрлі ойларға салынып, кейбіреуі ауырып, емделіп жатыр. Алла тағала барлығының деніне саулық берсін. Алла шипа берсін! Ал енді дүние салғандарға Алла иманын жолдас етсін, кітабын оң жағынан берсін. Қазіргі таңда біз барынша сабыр етіп, бірге болып, бір-бірімізге қолдау жасап, сынақтан аман-есен өтуді Алладан сұрасақ, Алла ниетімізді қабыл етеді», – деді бас мүфти. Наурызбай қажы Тағанұлы Елбасы «Ел болып бірігіп, бұл сынақты Алла қаласа міндетті түрде жеңеміз» деп айтқанын, Мемлекет басшысы да талай жиын өткізіп, осы мәселе аясында көп шешімдер қабылдап жатқанына тоқталды.
«Бізге қазіргі уақытта керегі – бәріне түсіністікпен қарап, карантин талаптарын қатаң сақтап, бір-бірімізді құрмет қылу, бір-біріміздің өміріміз бен денсаулығымызды сыйлау. Бұл өте маңызды болып отыр. Қазақтың салтында тойға бару, тойда тілек айту, адам өмірден өткенде топырақ салу деген дәстүр бар. Бірақ, қазіргі таңда осы дәстүрге түсіністікпен қарап, одан да маңызды адам өмірі екеніне көңіл бөліп, адамның амандығына баршамыз үлес қоссақ дұрыс болады», – деді ол.Бас мүфти Абай заманында Семейге барғанда осындай бір індеттің тарап жатқанын естіп, халықты аурудан сақтап қалу үшін жаназа жиындарында адам аз болуы керегін айтқанын еске салады. «Қазіргі таңда да той-жиындарды уақытша тоқтату керек. Әрине, өмір бар жерде өлім бар. Ондай жағдайда жақындарымен, аз адаммен атқарып, дұғада, тілекте болсақ. Қазақ болғаннан кейін бата беру деген жолдары бар. Қазіргі таңда батаны бармай-ақ, қашықтан беретін мүмкіндігі бар. «Бата бермей қалсам ұят болады-ау, баруым керек» деп ойласаңыз, онда қазіргі жағдайда батаңызды қашықтан беріп, дұға жасаңыздар. Қазір бәріміз де бір-бірімізді түсінеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.