Астана маңы ен тоғай
Астана маңы ен тоғай
258
оқылды
Жалпы ауданы Еуропадағы кей мемлекеттермен бірдей жасыл желекті жасау идеясының авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Астананы көшірген шақта қала маңы қу медиен, құла түз еді. Мұнда орман өсіруге ғалымдардың кейбірі күмәнмен қарапты. Өйткені өңірдегі топырақ құрамы шынында да ағаш өсіруге жарамсыз болған. Алайда бірқатар зерттеулерден соң бұл мәселенің шешімі табылады. «Қалауын тапса, қар жанады» деген – осы. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жасанды орманның жалпы ауданы – 14 827 гектар, онда 11 502,2 гектар жерде 9,6 мил­­лионнан астам ағаш (қайың, шегіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 миллионға жуық бұта (қа­рақат, дерен, үшқат, мойыл) егілген. Жер шарының 38 млн шаршы шақырымы – орман алқабы. Осы бір табиғат байлығының бізге тиетін үлесі 0,3 пайыз ғана екен. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан аумағының 4,6 пайызы ғана орман саналады. Яғни, қа­зақ даласы үшін әрбір ағаштың сал­мағы саф алтынға пара-пар, әрбір бұта-бүргеннің қадірі өлшеусіз. – Иә, негізі бұл – шөлейт да­ла. Сонау ХХ ғасырдың басында Астана маңайында Адамович деген кісі 20 гектар жасанды орман жасаған. Ал өздігінен өсетін ағаш жоқтың қасы. Ағаштар мұнда жер­сіне ме, жерсінбей ме – біз біл­медік. Сондықтан Қазақ ғы­лыми орман шаруашылығы инс­титутымен бірлесіп, өндірістік-тәжірибелік жұмыстар аясында көшеттерді сынақтан өткіздік. Со­дан кейін бұрын-соңды бұл жақта өспейтін ағаштарды отырғыздық. Нәтиже қуантады, – дейді «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов. Алғашқы 4 жылдың ішінде мұнда 90 түрлі ағаш егілген. Оны ма­мандар Қазақстанның әр айма­ғынан бір талдап жинапты. Кей­бірін солтүстіктен, кейбірін шығыстан, орталықтан, кейбірін Алматы облысынан әкелген. – Биылғы жоспарды толық орындадық. Сәуір-мамыр ай­ла­рында 330 гектар жерге 327 340 түп ағаш ектік. Бүгінде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Бір қызық айтайын. 1997-2004 жыл аралығында 9,6 млн түп ағаш, 1,8 млн түп бұта отырғызсақ, оның 1,8 пайызы ғана қылқанжапырақты еді. Қазір қылқанжапырақты ағаш үлесі көбейген. 2012-2020 жыл­дары егілген 3 млн 174 мың 342 түп ағаштың 40,7 пайызы – қылқан жапырақты. Себебі бұл ағаштар қысы-жазы жасыл түсін сақтайды. Сондай-ақ қарағай мен шыршадан денсаулыққа пай­далы элемент бөлініп, ауру туғы­затын микробтарды жояды. Ғалым­дар­­дың зерттеуінше, қылқан­жа­пы­рақты орманның ауасы хирур­­гиялық операция залының ауа­сынан да таза, – дейді Ардақ Хасенов. Ағаш егудің қат-қабат шаруасы бір жолға қойылған соң қырғауыл өсіріліп, орман ішіне жіберіле бас­таған. Бұл біріншіден, құс басын арттыруға, екіншіден, зиянкестерді құртуға керек. kys – 2018 жылға дейін орман ішіне 9 мыңдай қырғауыл жібергенбіз. Қазіргі уақытта қырғауыл ферма­сын жаңғыртып жатырмыз. Ке­лесі жылдан бастап қырғауыл өсіру­ге көбірек көңіл бөлеміз. Биоло­гиялық зерттеулерден соң өзге де аң-құс түрлерін жерсіндіреміз, – дейді Ардақ Айдарұлы. Орман алқабында сафари-парк жасау жобасы қолға алынған. Сафари-паркте туристерге жа­байы табиғатты тамашалауға жағ­дай жасалады. Айрықша сая­бақ республикадағы аң шаруа­шылықтарының жұмысын жан­дан­дыруға септігін тигізбек. Басты мақсат – аң-құсты ату емес. Керісінше, өсіру, көбейту, эко­туризм­нің жанды жәдігеріне айналдыру. Өз бетімен орманды мекендей бастаған марал, елік, қоян, түлкі сияқты түрлі жан-жануар – және бір төбе. Орман шаруашылығын ұйым­дастыру мен жүргізудің не­гізгі міндеті – экожүйенің тепе-тең­дігін сақтап, халықтың жаппай демалуына қолайлы мүмкіндік туғызу. Бұл міндетті жүзеге асы­ру үшін қала әкімдігінің бастама­сымен 2011-2016 жылдары жа­сыл белдеудің оңтүстік-батыс аума­ғында ұзындығы 25 658 метр асфальт төсемі бар веложол мен велосипедшілердің демалуына арналған 11 самалжай салынды. Веложолмен серуендейтін азамат­тар жеміс-жидек, саңырауқұлақ тереді. Орманда уақытты қызықты өт­кізуге арналған скейтбординг, роликпен (қыста конькимен) сыр­ғанау, теннис, футбол алаңдары, балалардың ойын аймағы болады. Қала әкімдігі осы нысанды ары қарай дамытып, екі бірдей жалға беру пунктін, жаяу жүргіншілер жолын (2 шақырым), кросс кантри (6 шақырым), «Қарқаралы» тасжолы жағынан веложолдың қосымша шағын шеңберін, әртүрлі спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдарын салуға кірісті. Жасыл белдеуге жақын орналасқан ипподром базасында сырқат балаларды оңалтатын ат спорты кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Кешен жабық манежден, мінбеден және жаттығу алаңдарынан тұрады. maral – Біз мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды бағып отырған аналармен бірнеше рет кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Аналар иппотерапия мәселесін көтерді. Биыл иппо­тера­пияға арналған жабық иппод­ром ашамыз. Балалармен арнайы оқы­тылған нұсқаушылар шұғыл­данады. Сабаққа жуас жылқылар ғана іріктеледі, – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов. «Астана орманы» мекемесінде 900-ге жуық адам еңбек етеді. Оның басым көпшілігі елорда төңірегіндегі ауыл-аймақтарда тұрады. Жасыл белдеудің арқасында олардың әлеуметтік мәселесі шешіліп жатыр. Жер­гілікті тұрғындар жыл сайын сәуірден қыркүйекке дейін жұмыс істеп, әжептәуір қаражат табады, балаларын мектепке дайындайды, қысқа отын-су, малына азық жинайды. Қазақстан экологиялық ұйым­дары қауымдастығы бастығының орынбасары Елдос Абақановтың пікірінше, енді біраз уақыттан соң жасанды орман өз бетімен өмір сүретін табиғи эко­жүйеге айналады. – Әрине, алғашқы 5 жылда орманды тұрақты түрде күтіп-бап­тау керек. Содан кейін өздігінен өсе береді. Мысалы, «Астана орманы» ЖШС 1998 жылы егілген ағаштарды тек өрттен қорғайды. Ол жұмыс көп ресурсты қажет етпейді. Алғашқы көшеттердің биіктігі бүгінде 10 метрден асады. Ең бастысы, жасыл белдеудегі топырақ құрамы өзгеріп, ағаш­тардың өзі тұқым тастап, сол тұқымнан жас көшеттер табиғи жолмен өсе бастады. Осының өзі үлкен жетістік деп ойлаймын, – дейді эколог. Жасыл белдеудің арқасында астананың климаты жылынған. «Қазгидромет» орталығының дерегінше, Нұр-Сұлтанда жел­дің орташа жылдамдығы бір­тін­деп төмендеп келеді. Орман алқабы қар тоқтату қызметін де атқарады. Қыс мезгілінде боран күшін тежеуге әсер етеді. Орман топырағы құнарланып, шаңды дауыл бәсеңдей бастаған. Мәселен, 1998 жылға дейінгі ке­зеңмен салыстырғанда, кейін­гі кезде шаңды дауылдың қай­та­лануы 3 есе, боран 1,5 есе және тұман 35-тен 21 жағдайға дейін қысқарған. Елордада жауын-ша­шынның жылдық мөлшері біртіндеп ұлғайып, жаңбырсыз кезеңдердің ұзақтығы азайып барады. Бұл өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласының ауа райын жақсартып, тұрғындардың жанын жайландыратыны анық.  

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ