– 2018 жылға дейін орман ішіне 9 мыңдай қырғауыл жібергенбіз. Қазіргі уақытта қырғауыл фермасын жаңғыртып жатырмыз. Келесі жылдан бастап қырғауыл өсіруге көбірек көңіл бөлеміз. Биологиялық зерттеулерден соң өзге де аң-құс түрлерін жерсіндіреміз, – дейді Ардақ Айдарұлы.
Орман алқабында сафари-парк жасау жобасы қолға алынған. Сафари-паркте туристерге жабайы табиғатты тамашалауға жағдай жасалады. Айрықша саябақ республикадағы аң шаруашылықтарының жұмысын жандандыруға септігін тигізбек. Басты мақсат – аң-құсты ату емес. Керісінше, өсіру, көбейту, экотуризмнің жанды жәдігеріне айналдыру. Өз бетімен орманды мекендей бастаған марал, елік, қоян, түлкі сияқты түрлі жан-жануар – және бір төбе.
Орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізудің негізгі міндеті – экожүйенің тепе-теңдігін сақтап, халықтың жаппай демалуына қолайлы мүмкіндік туғызу. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін қала әкімдігінің бастамасымен 2011-2016 жылдары жасыл белдеудің оңтүстік-батыс аумағында ұзындығы 25 658 метр асфальт төсемі бар веложол мен велосипедшілердің демалуына арналған 11 самалжай салынды. Веложолмен серуендейтін азаматтар жеміс-жидек, саңырауқұлақ тереді.
Орманда уақытты қызықты өткізуге арналған скейтбординг, роликпен (қыста конькимен) сырғанау, теннис, футбол алаңдары, балалардың ойын аймағы болады. Қала әкімдігі осы нысанды ары қарай дамытып, екі бірдей жалға беру пунктін, жаяу жүргіншілер жолын (2 шақырым), кросс кантри (6 шақырым), «Қарқаралы» тасжолы жағынан веложолдың қосымша шағын шеңберін, әртүрлі спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдарын салуға кірісті. Жасыл белдеуге жақын орналасқан ипподром базасында сырқат балаларды оңалтатын ат спорты кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Кешен жабық манежден, мінбеден және жаттығу алаңдарынан тұрады.
– Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған аналармен бірнеше рет кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Аналар иппотерапия мәселесін көтерді. Биыл иппотерапияға арналған жабық ипподром ашамыз. Балалармен арнайы оқытылған нұсқаушылар шұғылданады. Сабаққа жуас жылқылар ғана іріктеледі, – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
«Астана орманы» мекемесінде 900-ге жуық адам еңбек етеді. Оның басым көпшілігі елорда төңірегіндегі ауыл-аймақтарда тұрады. Жасыл белдеудің арқасында олардың әлеуметтік мәселесі шешіліп жатыр. Жергілікті тұрғындар жыл сайын сәуірден қыркүйекке дейін жұмыс істеп, әжептәуір қаражат табады, балаларын мектепке дайындайды, қысқа отын-су, малына азық жинайды.
Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы бастығының орынбасары Елдос Абақановтың пікірінше, енді біраз уақыттан соң жасанды орман өз бетімен өмір сүретін табиғи экожүйеге айналады.
– Әрине, алғашқы 5 жылда орманды тұрақты түрде күтіп-баптау керек. Содан кейін өздігінен өсе береді. Мысалы, «Астана орманы» ЖШС 1998 жылы егілген ағаштарды тек өрттен қорғайды. Ол жұмыс көп ресурсты қажет етпейді. Алғашқы көшеттердің биіктігі бүгінде 10 метрден асады. Ең бастысы, жасыл белдеудегі топырақ құрамы өзгеріп, ағаштардың өзі тұқым тастап, сол тұқымнан жас көшеттер табиғи жолмен өсе бастады. Осының өзі үлкен жетістік деп ойлаймын, – дейді эколог.
Жасыл белдеудің арқасында астананың климаты жылынған. «Қазгидромет» орталығының дерегінше, Нұр-Сұлтанда желдің орташа жылдамдығы біртіндеп төмендеп келеді. Орман алқабы қар тоқтату қызметін де атқарады. Қыс мезгілінде боран күшін тежеуге әсер етеді. Орман топырағы құнарланып, шаңды дауыл бәсеңдей бастаған. Мәселен, 1998 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, кейінгі кезде шаңды дауылдың қайталануы 3 есе, боран 1,5 есе және тұман 35-тен 21 жағдайға дейін қысқарған. Елордада жауын-шашынның жылдық мөлшері біртіндеп ұлғайып, жаңбырсыз кезеңдердің ұзақтығы азайып барады. Бұл өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласының ауа райын жақсартып, тұрғындардың жанын жайландыратыны анық.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ