Консультативті-кеңесші органның ширек ғасыр жолына көз жүгірте отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз мыңжылдықтар тоғысында бабалар аңсарын шындыққа айналдырып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдық келісімді нығайта түсуді тапсыра отырып, «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп халықтар достығының тереңдеуіне маңыз берген еді. Ассамблея этнос өкілдерін біріктіруді, стратегиялық сабақтастықты одан ары арттыруды мерейтойлық жыл аясында да басты бағдар ретінде ұстанады. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін танытып, этносаралық қатынастарды нығайту үшін биыл республикалық деңгейдегі әртүрлі форматтағы шаралар көзделген. Айтулы мерейтойдың негізгі жобасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы». Халықтық экспедицияның басты арқауы – Елбасы мен халық. Өйткені сан ғасыр бодандықтан құтылуды армандаған ел тілегі – Тәуелсіздік болса, азаттықтың арайлы таңында Елбасы – ел тірегі болды. Сол себептен жоба Ұлт Көшбасшысының тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы рөлі мен «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік туралы сөз», «Ұлытау баурайындағы ой-толғау», «Тәуелсіздік дәуірі», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалық тұжырымдарын ұрпақ жадында, қоғам санасында айшықтауды мақсат етеді. «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – бұл басты бағыт. Үшқоңыр баурайында Елбасы өмірге келді, ержетті, азамат атанды. Сондықтан басты бағыттың Алматы облысынан бастау алуы тарихи заңдылық. Екінші бағыт – аймақтық немесе өңірлік бағыт. Болашақ Президент еңбек жолын алғаш бастаған, жалынды жастық шағы өткен, мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау, сондай-ақ Елбасы білім мен білігін шыңдаған Украинаның бұрынғы Днепродержинск, қазіргі Каменское қаласын қамтиды. Үшінші бағыт – халықаралық бағыт. Қазақстанның тұңғыш Президенті ел тізгінін ұстағаннан кейін Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында ресми іссапарлармен барып, айтулы келіссөздер жүргізген, келелі кеңестерге қатысып, әлемдік ареналарда мәлімдемелер жасаған шет мемлекеттерді қамтиды. Осы жоспарға сәйкес, экспедиция өткен жылдың аяғында, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ресми түрде бастау алып, ресми туы мен күнделігі Алматы облысына арнайы тапсырылды. Ақпан айының алғашқы аптасында ақбасты Алатаудың етегіндегі Шамалған ауылында, наурыз айының екінші он күндігінде Теміртау, Қарағанды қаласында салтанатты жиын өтті. Еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде экспедиция республикалық деңгейде онлайн форматта жүзеге асты. Іс-шаралардың барлығында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір өткелдері мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа өнеге етілді. Ұлт Көшбасшысының Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту, шекараны шегендеу, Арқа төсіне астана салу, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу сияқты алғашқы шешімдеріне басымдық берілді. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы және басқа ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуының ел тарихындағы маңызы айтылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қызметін қайта жандандырған Астана саммиті, ТМД елдерінің арасында өткен алғашқы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің экономикалық тиімділігі талданды. Бұған қосымша, Қазақстан тәуелсіздігімен қатар өрілген Елбасы жолының ел азаматтарының өмірінен алған орны мен әсері әңгімеленіп, сөз алушылар Тұңғыш Президентпен кездесуден кейінгі басынан өткен өзгерістерімен бөлісті. Мәселен, Алматы облысы Шамалған ауылының тұрғыны, депортацияға ұшыраған балқарлардың ұрпағы Фаризат Хаджиева арып-ашып келген аталары, әкелі-балалы Әзірет, Хызыр Хаджиевтерге Әбіш ақсақал мен Әлжан ананың көрсеткен қамқорлығын ерекше толқыныспен жеткізді. Әбіш ата екі бөлмелі саман үйінің бірін босатып беріп, отбасы аштан өлмес үшін 6 жасар Хызырды қойшының көмекшісі етіп жібереді. Бастапқыда өзі арық, өзі кішкентай бала аунап түспес үшін аттың еріне байлап қоюға тура келген. Демалыс күндері Әбіш ата балқарлардың басын қосып, әрқайсысының өздеріне үй салып алуына мұрындық болады. Әзірет Хаджиевтің қоныс тойына өз қорасынан шығарып, тана тарту етеді. Бұл сыйлық балқарлар әулетіне бақ пен береке алып келіп, олар бүгінгі күні өсіп-өнген құтты шаңыраққа айналыпты. Атыраулық «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе болса, қазақ жеріне көшіп келгенше көп қиындықтарды бастан өткіріпті. Алғашқы жылдары газет беттерінен мемлекет басшысы туралы мақалаларды жібермей оқиды. Бірде теледидардан сөйлегенін көріп, шешендігіне тәнті болады. Бірақ Қазақстан Президентімен танысып, сөйлесу туралы ой үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады. 2007 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Атырау өңіріне жұмыс сапарымен келіп, шағын цех өнімдерінің дәмін татады. «Дәмді көрінеді!» деп мақтап, жұмысшылардың жағдайы, еңбек ақыларын сұрайды. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында бірнеше мәрте кездесіп тұрады. Сондай сәттердің бірінде қолынан қысып, «елге отандық өнімдер қажет, сондықтан сізге үлкен үміт артамын» деген сөзі жігеріне жігер қосып, арман-мақсатына қанат бітіреді. Айта берсек, «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы барысында Елбасы және халқымен байланысты мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Қай өңірге барсаңыз да кейіпкерлердің сөзінен Елбасы жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген, әрбір азаматтың өміріне өшпестей із тастап кеткен жарқын жол екенін аңғарамыз. Тұңғыш Президент жолы – бір адамның жүріп өткен жалғыз аяқ жолы ғана емес, ол болашаққа ұмтылған қоғамның тұтас жолы екенін бағамдаймыз. Ізденістің, еңбекқорлықтың, төзімділіктің, күрестің және жеңістің жолы екеніне көзіміз жетеді. Елбасының ел басқарудағы 30 жылын баршаға танытып, насихаттау – Қазақстанды озық елдер қатарына апаратын жас буынды тәрбиелеу үшін керегіне күмәніңіз қалмайды. Ұлттық біртұтастық қағидасына сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясын ары қарай да жалғастыра береді.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары