Қарағанды облысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ретінде қалыптасуына, саяси, экономикалық және өндірістік қызметтің көптеген саласында орасан тәжірибе жинақтауына жол ашқан өлке. Бүгін Қарағандыда Украина, Ресей, Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері айтулы датаға орай Қазақстан тарихындағы Елбасының рөлі мен әлемдегі саясатқа баға берді. Шараны облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жүргізді. – Бүгінгі кездесуімізге себеп болып отырған бірнеше жағымды оқиға бар. Бүгін біз Қазақстан магниткасының 60 жылдығы, Теміртау қаласының 75 жылдығы, сондай-ақ астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күні мен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Әрине, бұл мерекелердің әрқайсысы егемен ел тарихында ерекше орын алатын айтулы күндер, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек. Украинада бұл кезде таңғы уақыт болса да, байланысқа Каменск жоғары техникалық училищесінің директоры Вадим Неклес шықты. Украина Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде ерекше орын алады. Днепродзержинск училищесінде оқыған бір жарым жыл ел Президентінің өмірінде үлкен із қалдырды. Елбасының Украинадағы досы Вадим Викторович оны батыл, ержүрек адам ретінде еске алды. Қарағанды облысы Елбасы еңбек жолын бастаған әрі саяси дағдыларды қалыптастырған өлке. Теміртау Тұңғыш Президенттің саяси өміріндегі басты университет болды. 1960 жылы 3 шілдеде, осыдан 60 жыл бұрын бүкіл Орталық Азия мен Қазақстанда алғашқы және жалғыз домна пеші іске қосылды. Бұл күн – Қазақстан магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының туған күні. Тәжірибелі шеберлермен бірге алғашқы қазақстандық шойынды балқытуға жас металлург Назарбаев та қатысқан болатын. Онлайн кездесуге осы тарихи оқиғаның куәгерлері шақырылды. «Осыдан 60 жыл бұрын Елбасының қатысуымен Қазақстан магниткасында тұңғыш рет шойын алынды. Өткен ғасырдың 60-жылдары ен далада комбинат цехтарын салып, елдің экономикалық және стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылдық. Тонналап рекордтық металл бердік. Сондай-ақ бұл күн – Қазақстан елордасының туған күні. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа астананың негізін қалады. 20 жылдан астам уақыт ішінде әлемдегі ең әдемі астаналардың біріне айналды. Бұл әлемнің жаңа кереметі деп айтуға болады. Бұл жерде барлық қазақстандықтың, соның ішінде қарағандылықтардың да еңбегі зор», – дейді Елбасының замандасы Қабидолла Сарекенов. Ұлы адамдардың өмірбаяны үнемі елдің ерекше қызығушылығын тудыратын құбылыс. Жеке тұлғалар жеткен жетістіктер мен олардың табыс құпиясын білу болашақ көшбасшыларды тәрбиелеу үшін маңызды. Ол үшін олардың балалық шағына көз жеткізу керек, – деді Тұңғыш Президенттің өмірбаянын зерттеуге өмірін арнаған жан, Елбасының туған жері Алматы облысы Шамалған ауылы Нұрқожа ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрбергенұлы. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаянынан тәуелсіз қазақ елінің қалыптасу жолын көруге болады. Тәуелсіз Қазақстанның әлемді мойындатып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ел болуы сыртқы саясатты сауатты жүргізуіне де байланысты. Елбасының серігі, Қазақстанның мемлекет қайраткері, тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов сөз алды. «Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіріп, Қарметкомбинатта жұмыс істеді. Қарағанды политехникалық институтына Нұрсұлтан Назарбаев «Домна өндірісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Жастар ауыр жұмыстан қорыққан жоқ, олардың алдында өнеге алатын тәлімгерлері болды, олар нағыз ер азамат атқаратын жұмыстың қыр-сырын үйретті, қайнаған металды басқаруды үйретті. Алексей Шатилин, Борис Яговитов, Иван Еськов, Федор Ващенко, Алтынбек Дарибаев, Арген Жунусов, Еламан Байгазиев, Алексей Панченко және тағы басқалардың есімдері еліміздің қара металлургиясының тарихында жазулы», – дейді ардагер. Металлургиялық алып өндірісті кадрлардың нағыз ұстаханасы деп атауға болады. Теміртаулық аңыз адам Олег Сосковец шеберден бастап цех бастығы мен комбинат басшысына дейін өсті. Екі елдің министрі қызметін атқарды. Ол өткен ғасырдың алмағайып жылдарында Елбасымен әріптес болғанын мақтан етеді. –Біз оны жақсы танимыз және оған сендік. Ол – біздің Президент. Ол комбинатты дамытуға көмектесті. Біздің қаламыз өркендеп келеді. Бұрын көрші Ресейде де Қазақстанды білетіндер аз еді. Қазіргі таңда Қазақстанды әлем таниды. Қазақстанның экономикасының дамуына әлемнің экономикалық дамыған елдері тамсануда. Бұл – Тұңғыш Президенттің қаржырлы еңбегінің нәтижесі. Осының барлығына біз куәгерміз. Әрқайсысымыз Елбасының мына сөзімен келісеміз деп ойлаймын: «Мен бақыттымын, әлемде Қазақстан жайлы жақсы пікірлер айтылады. Мен қиын жылдары ұсынған бағдарламамның бүгінде жемісін көріп отырмын. Қазақстандықтар маған өзімнің серіктестеріммен бірге дамыған мемлекет болуға бағытталған еңбектерім үшін рақмет айтады. Біз экономика саласында айтулы табысқа жеттік, бюджетімізде қаржы бар, жыл сайын халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндігіміз бар» деген болатын, – дейді Олег Николаевич. Биыл Теміртау қаласына 75 жыл. Бұл оқиға Қазақстан магниткасы мен Теміртау қаласының қалыптасуымен, Елбасы мансабының басталуымен тікелей байланысты. Бұл мәліметтерді кітаптар мен мұрағат құжаттарынан табуға болады. Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапхананың бөлім басшысы Серікбай Нұрхан баяндады. – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі қазақ тарихында Керей мен Жәнібек хандарымызбен қатар тұратын, көзі тірісінде аңызға айналған дара тұлға. Шекарамызды шегемдеп, Ақ ордамызАрқаға әкеп тіккен Елбасының зор еңбегін әр қазақ ұмытпасы анық. Бас қаламыздағы Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы Елбасының өмірі мен еңбек жолынан хабар беретін мәліметтерді назарларыңызға ұсынайын. Тұңғыш Президентіміздің 1985 жылы шыққан ең бірінші кітабы– «Стальной профиль Казахстана». Ал Қазақстан Президенті болғаннан кейінгі алғашқы кітабы «Без правых и левых» 1991 жылы Мәскеуден «Молодая гвардия» баспасынан шықты. Кітапта Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаяндық очерктері және Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, қазіргі уақыттағы проблемалардың ой-толғаныстарын қамтиды. Ұлттық академиялық кітапхана қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен 278 ақпарат көзі кездеседі. Оның 192-сі кітап, 10 кітап шет тілінде жарық көрген. Ал Нұрсұлтан Назарбаев жайлы 1 153 ақпарат көзі тіркелген, оның 489-ы кітап түріндегі басылым, –дейді маман. Елбасы студенттік жылдарын Қарағанды политехникалық институтында да жалғастырды. Бүгінде оқу орны қарқынды дамып, республиканың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі болды. Бұл дәстүрді қазіргі заманғы техникалық университет жалғастырып келеді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Ибатов сөз алды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмір жолы – біздің университет студенттері үшін жарқын үлгі, олар Елбасы бітірген жоғары оқу орнында білім алып жатқандарын мақтан тұтады. Мақтанатын жөніміз бар. Біз – еліміздің металлургиялық бейіндегі жетекші техникалық жоғары оқу орнымыз, Тұңғыш Президентіміз бен оның серіктестерінің оқу жылдарында қаланғандай, жаңа экономиканың, индустриялық кластерлердің, киберфизикалық жүйелердің қажеттіліктерін ескере отырып, кадрларды даярлауды жүзеге асырамыз», – деді басшы. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлерінің «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Алпыспаев металлургтердің жас буыны атынан өз ойын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін Теміртау қаласы басқару тәжірибесін байытты, кеңейтті, өзін-өзі дамытуға ықпал етті, оның жеке басының жаңа қырлары мен мүмкіндіктерін ашты. Дәл осы Теміртауда жалпыұлттық көшбасшы және лайықты бедел мен құрметке ие көреген саясаткердің таланты толығымен қалыптасты, – дейді жұмысшы. Бүгін баршамыз үшін аса маңызды әрі пайдалы кездесу, жақсы сұхбат болды. Елбасының ғибратты ғұмыры, еңбек жолы жайлы тың деректер мен қызықты мәліметтерді тыңдадық. Бұл, әсіресе біздің жастарымыз үшін пайдалы болғаны сөзсіз. Елбасының өмірі мен еңбек жолы баршамыз үшін үлгі-өнеге. Сондықтан да осындай жерде еңбек ету әрқайсысымыз үшін зор мәртебе деп білемін, – деді аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы. Тұңғыш Президентті бүгінде әлемдік қауымдастық бірегей тарихи-саяси феномен ретінде қабылдайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басы мен оның қазіргі саяси үдерістердегі рөлін лайықты бағалау үшін жылдар қажет.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы