Универсиада жеңімпаздарымен жүздесті
Универсиада жеңімпаздарымен жүздесті
229
оқылды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов XXX Дүниежүзілік жазғы Универсиадада xалықаралық деңгейде ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтерген спортшыларға алғыс білдіру және қолдау көрсету мақсатында Универсиада ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті. Кездесу барысында министр жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, спортшылардың ата-аналары мен бапкерлеріне алғыс хаттар табыс етті.

– Бүгін Қазақстанның халықа­ралық аренадағы беделін көтеруге және қазақстандық спортты дамы­туға жеке үлес қосқан талантты жас спортшылармен кездесіп отырмыз. Биылғы жыл «Жастар жылы» деп жа­рияланғаны белгілі. Қазақстанның көк туын жоғары көтерген қазақ­стандық жас спорт­шылардың жеңісі қазақстандық спорт пен қазақ­стандық жастардың дамуына жарқын серпін береді. Универсиадаға 115 жо­ғары оқу орын­дарының ішінен тек 62 университет қана қатысты. Менің ойымша, бұл өте аз. Осыған байла­нысты, мен ЖОО-ларды осы бағыт­тағы жұмысты күшейтуге және студенттерді спорт­пен айналысуға тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға шақырамын. Мен біздің студенттеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңімпаз атанғаны үшін тағы да шын жүректен алғы­сымды білдіремін, – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Дүние­жүзілік жазғы универсиада ойындары 3-14 шілде аралығында Италияның Неаполь қаласында өткізілген бола­тын. Оған әлемнің 118 елінен алты мыңға жуық студенттер қатысты. Біздің еліміздің абыройын 94 спорт­шы қорғап, Универсиада қорытын­дысы бойынша жеті жүлделі орынмен оралды. Жалпы командалық есепте Қазақстанның студенттік құрама ко­мандасы 25-орында, ел құрамасы­ның қоржынында 7 медаль: алтын – 1, күміс – 5, қола – 1.