Жетуің де, кетуің де қиын
Жетуің де, кетуің де қиын
505
оқылды

Қазір демалыс мезгілі. Миды айналдырған аптап ыстықтан қашқан жұрттың салқын суды іздейтіні белгілі. Осындайда елдің есіне айдынды Алакөл, буырқанған Балқаш, шолпылдаған Шортанды, майдақоңыр Марқакөл, зерделі Зеренді дегендей, Қазақстандағы ертеден мәлім көлдер оралатыны, бәрінің де мүмкіндік тауып, сонда барғысы келетіні тағы анық. Соңғы жылдары шетелге сандала бермей, туған жердегі туризмді дамытқысы келетіндер тобы тағы бар.

Осы аталған жердің бәріне жету де қиын, кету де қиын.

Ең басты мәселе – жол. Жұрттың бәрінің ұшақпен баруға мүмкіндігі келмейді. Билет те табыла бермейді. Ең ыңғайлы көлік – теміржол. Жаз кезінде пойызға билет табу – мұхит түбіндегі маржан тасты іздегеннен де қиын. Автобус пен автокөлік ар­қылы жету – нағыз қайтпас қай­сарлардың қолынан келетін іс.

Шілденің басында Зерендіге барғанбыз. Шортанды мен Зеренді арасындағы жол адамның зықысын шығарып жіберген. Тамыздың басында осы жолдың жөндеуі бітеді екен деген хабар алып жатырмыз. Бұл да жақсы.

Ал Алакөлге бару – бір азап. Соң­ғы 15-20 жылда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының бюджетінен 50 миллиард теңге Ала­көлдің инфрақұрылымын да­мытуға құйылған екен. Былтыр Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Алакөлдің Алматы облысы жағындағы демалыс орындарын аралап, Қазақстанның туризм са­ласын одан ары дамыту үшін орта­лық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берген болатын. «Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орнала­суымен ерекшеленіп, барлық өңір­дің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байла­нысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы эле­менттер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. «Былтыр көптеген қа­зақстандық Алакөлде демалуды жөн көрген болатын. Алайда сер­вистік жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі қолбайлау болды. Атап айтқанда, автожол­дардың сапасы қынжылтады. Осыған орай Шығыс Қазақстан және Алматы облыста­рының әкімдеріне қойылар талап: қысқа мерзімде жолдарды жөндеп, сервистің деңгейін көтеру қажет», – деген тапсырма берді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Алакөл туризмін дамыту үшін алдағы үш-төрт жылда бюд­жеттен қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінетін көрінеді. Былай алып қарасақ, мемлекет қаржы бөлмей жатқан жоқ. Бірақ сол қа­ражаттың қайтарымы оңбай тұр. Ел ішіндегі автожолдардың ескісін жөндеп, жаңасын осы заманғы талаптарға сай салудың қандай қиындығы бар?

«Жеткенше бір қиналасың, кеткенде тағы қиналасың» дейді жұртшылық. Қалың ел қашанғы жол азабын тарта береді? Осы сұ­рақтың жауабы табыла ма, жоқ па?