Cirque du Soleil – аты аңызға айналған цирк. Осы цирктің жарық жұлдызына айналған қазақстандық жігіт бар. Есімі – Рафаэль Фатхельянов. Туған жері – Қарағанды. Ол спорттық жолын акробат-батутшы ретінде бастаған. Қазақстан құрамасында спорт шебері атанған. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, тағдыр оның бағын циркте ашуға жазған екен. Бүгінде ол Corteo шоуымен біраз елді шарлап келді.
Қазақстан құрамасында
– Рафаэль, спорттық жолыңызды ең алдымен акробат-батутшы ретінде бастаған екенсіз. Сол шақтарға оралсақ...
– 4 жасымнан бастап акробатикамен айналыстым. Оған жетелеп әкелген әкем еді. Араға біраз жыл салған соң, қасыма серік таптым. Ол менен біраз жас үлкен болған. Екеуміз ақырындап жарыстарға шыға бастадық. Акробаттық трюктер орындаған кезде мені ұстап, маған тіреу болатын. Бәрі жақсы жүріп жатты. Жарыстарға шығып, жеңіске жетіп, Қазақстанның чемпионы болдық. Неге екенін білмеймін, бірақ сол кезде серіктесім акробатиканы тастауды ұйғарды. Ал оның орнына басқа біреуді іздеу – қиын процесс. Ол кезде бар-жоғы 12 жастамын. Бүкіл жан-тәніңді салып, өміріңнің 8 жылын соған арнап жүргенде әп-сәтте жұлып алған қиын. Шыны керек, есеңгіреп қаласың. Содан ол саладан мен де кетіп, үлкен теннис, футбол секілді спорттың басқа саласында бағымды сынадым. Сөйтіп жүргенімде жаттықтырушы батуттан секіру бойынша секция ашылатынын айтты. Сөйтіп батут спортына толығымен келдім. Осында жүріп Әлем кубогы, Әлем чемпионаты секілді республикалық, халықаралық турнирлерге бардық. Тіпті халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. 2014 жылы Әлем чемпионатына барып, Қазақстан тарихында алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Спорттың бұл түрі Олимпиада ойындарында болғандықтан, оған да қатыспақшы болдым. Өкінішке қарай, 2015 жылы іріктеуде жақсы көрсеткіш көрсете алмай, лицензияға қолым жетпеді. Тағы төрт жыл дайындалып, қайта қатысамын деп ойладым. Алайда Қазақстан федерациясы тарапынан түсінбеушілік туындап, спорттан кетуді шештім.
– Адамның сынып кетпеуіне не көмектеседі? Бойында қандай мінез болуы керек?
– Шығармашылық, ұмтылыс, мінез – осы үш қасиет адамның жігерін шыңдай түседі. Мәселен, үлгі тұтып жүрген тұлғаның өзі аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Ол да сол дәрежеге жету үшін тынымсыз еңбектенді. Қиындықтың өзі – бірдеңе істеп жатқанның белгісі. Себебі, істеген ісіңнің қиындығы болмаса, ештеңе істемегенсің деген сөз.
Тағдырдың жазғаны
– Өміріңізді «циркпен байланыстырамын» деген ой мүлдем болмаған. Бірақ бұған қалай келдіңіз?
– Рас, осыған дейін еліміздің дамуына, спорттық жетістігіне қандай да бір үлесімді қосамын деген сенімде едім. Бірақ тағдыр өзінше шешті. «Бұйырған – кетпес, қуған – жетпес» деген осы шығар. Маңдайыма осы жазылған болар.
Сол кезде АҚШ-қа кетуді шештім. Ол жақта достарым Work and Travel бағдарламасымен жұмыс істейтін. Солармен бірге көшіп-қонумен айналысатын компанияда бір айда үш сағаттан істедік. Бір сөзбен айтқанда, жүк тиеуші болдым. Үйге келген соң видеомонтажбен айналыстым. Соның біреуін Cirque du Soleil театрына жібердім. Себебі, шет елге келісімен өзге де елдерді көргім келетінін сездім. Ал оның бір жолы – цирк. Сөйтіп, бағымды сынап көрдім.
Уақыт деген зымырап өтіп жатты. Ол жайында ұмытып та кеттім. Бір жарым-екі айдан кейін маған хабарласып, жұмыс істеуге сынақ мерзімімен шақырды. Сөйтіп, өзімді қайтадан қолға алып, жаттыға бастадым. Олардың штаб пәтері Монреалда болған соң, сол жаққа ұшып бардым. Алғашқы төрт айда түрлі жарақат алдым. Әсіресе, бұлшық еттің, сіңірдің ажырап кетуі секілді ауыр жарақат та болды. Оның бәрі – тақтайда секіруде тәжірибенің жоқтығынан еді. Тағылымдамадан өтуге келген 8 адамнан жалғыз мен қалдым. «Біреуге – қуаныш, біреуге – қайғы» деген осы шығар. Бірақ сол кезде сынақтан өткеніме қуандым. Одан кейін Cirque du Soleil циркімен келісімшартқа отырып, үйге әке-шешеме барып, біраз демалып келдім.
Меніңше, адам кез келген бағытта дами алады. Тек өзіне қажет шешімді қабылдай білсе болғаны. Жоспарым көп. Өз кәсібімді ашып, киноға түскім келеді. Бәріне уақыт төреші. Бастысы – ұмтылатын нәрсе бар.
Келесі төрт айда кәдімгідей үйреніп қалдым. Бір қойылымның өзіне бастан-аяқ, тиянақты түрде дайындалдық. Оның үстіне, үздіксіз жаттығудан кейін ғана сахнаға шықтым. Сахнаға алғаш шығуым сәтті өтті. Сол қойылыммен жарты жыл ішінде гастрольдік сапармен әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүрміз. АҚШ-тың 50 шақты қаласында болдық. Бұйырса, күзде Еуропаға барамыз.
– Циркпен келісімшартыңыз аяқталған соң не істейсіз? Жоспарыңыз қандай?
– Меніңше, адам кез келген бағытта дами алады. Тек өзіне қажет шешімді қабылдай білсе болғаны. Жоспарым көп. Өз кәсібімді ашып, киноға түскім келеді. Бәріне уақыт төреші. Бастысы – ұмтылатын нәрсе бар.
Отаным – Қазақстан
– Бүгінде әлемге танымал Cirque du Soleil циркінің артисісіз. Corteo шоуымен біраз елді аралап шықтыңыз. Экстремал жағдайда бойыңызды қорқыныш билемеді ме? Сондай кезде үрейді қалай жеңесіз?
– Әрине, кез келген бастаманың өзіндік қиындықтары болатыны белгілі. Соның бәрінен өткен соң, артыңа қарап, осының бәрі бекер емес деп айта аласың. Жалпы, өмірде ештеңеден қорықпауға тырысамын. Өмір деген қамшының сабындай қысқа ғана. Ештеңе істемей өкінгеннен гөрі, оны істеп көрген дұрыс деп есептеймін. Өз басым, бәрінің дұрыс жасау жолын қарастырамын. Иә, әр элементті жасағанда қобалжисың. Күнделікті жаттығып, күніне 10 мың рет жасап, үйреніп алсаң да, бойыңнан қобалжу кетпейді. Араға уақыт салып, сол жаттығуды жасамай кеткенде сол бір қобалжыған сезімді сағынасың.
– Әлемнің бүкіл елін көру арманыңыз екен. Арман орындалған соң, шетелде қалу ойыңызда бар ма?
– Менің Отаным – Қазақстан. Қай жерде жүрсем де, осыны естен шығарған емеспін. Сол жерде тудым, өстім. Ата-анам да сол жақта. Әр демалыста туған жеріме барып тұрамын. Менен «АҚШ-та неге қалмайсың?» деп сұрап жатады. Алайда туған жеріңнен артық жер жоқ. «Қай жерде тудың, сол жерге жарадың» демей ме?! Оның үстіне, бұл біздің менталитетке келмейді. Әрине, ол жақта қалуға болады. Бірақ ата-анамен көшіп бару, алдымен сол кісілерге қиын тиеді. Еліміздің жағдайы жақсара түссе, елімізде тұрып-ақ саяхаттап, өмірдің қызығын көруге болады.
Арманшыл азамат
– Біздің елдің артықшылығы неде деп ойлайсыз?
– Алдымен, біздің елдің тәрбиесі ұнайды. Шығыс елі болған соң, бізде әрдайым «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетіледі. Көп елде ол нәрсе жоқ. Әрине, оның кесірі тиіп жататыны да бар. Сол жағын ретке келтірсе жақсы болар еді. Екіншіден, Қазақстанның бір орнында тоқтап қалмай, дамуға деген ұмтылысы ұнайды. Әсіресе, жастар жағынан жақсы байқалады. Еліміздің болашағы – осы жастарда. Өткенде Қарағандыда жастардың халықаралық кездесуіне қатысып, еліміз үшін қуанып қалдым.
– Сіз үшін өмірде не маңызды?
– 60 жасқа таяған шағымда әткеншек-креслода бір кесе шайымды ішіп отырғанды елестетемін. Сол кезде өмірімді босқа өткіздім деген өкініш болмаса деп тілеймін. Себебі, күннен-күнге уақыт зулап өтіп жатыр. Кеше ғана 18-ге толған едім, бүгін 23-ке келдім. Сондықтан ойға алған нәрсенің бәрін істеп үлгеру керек.
– Сіздің қарағандылық екеніңізді ғана білеміз. Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз.
– Әке-шешем Қарағандыда тұрады. Екі әпкем бар. Біреуі – Қарағандыда, екіншісі – Бостонда. Әкем бұрын спорт жаттықтырушысы болған. Содан болар, мені бала кезден спортқа баулыған еді. Қазір өз кәсібі бар. Анам біздің қамымызды ойлап, өзін отбасына арнаған жан. Үйге қашан келсең де, дастарқан жаюлы, тамағы дайын тұрады. Отбасылық құндылық негізі осында деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
Анар ҚОНЫС