Биылғы 29 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте «көтерме және бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмек, медициналық жеке қорғаныс құралдары бағасының жасанды түрде өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды» жүктеді. Өйткені дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы туындағандықтан осы өнімді «сөре астынан» сату – баюдың көзіне айналды. Егер Кеңес кезінде мұндай «көлеңкелі сауда» сатушының көмегімен тамыр-таныстық немесе «ұзынқұлақ» арқылы жүрсе, ал қазіргі ақпараттық технологиялар заманында оны ұйымдастыру әлдеқайда оңай. Сондықтан тәртіп сақшылары OLX және басқа да хабарламалар сайттарын сүзуді бастады. Полицейлер Нұр-Сұлтанда бір күн ішінде жалпы сомасы 3,7 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін тәркіледі. Кейбір пысықай астаналықтар қат дүниелерді – термометрді, сондай-ақ ингавирин, парацетамол, цефтриаксон секілді дәрілерді жасырын саудалап келген. Тінтулер нәтижесінде қалада заңсыз сатылымға шығарылған, жалпы сомасы шамамен 3 млн теңгені құрайтын, контактісіз қызу өлшейтін 63 термометр, медициналық плащтар, бетперделер қолға түсті. Кәсіпкер әйел цефтриаксонның 244 ампуласын, 234 парацетамол, 12 қорап азитромицин және 6 қорап ингавиринді өткізіп, пайда көруге ниеттеніпті. Елордадағы Түркістан көшесінде тұратын азамат 100 литр антисептикті 200 мың теңгедей қаржыға өткізуге талаптанды. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті әрбір оқиға бойынша ұсталғандардың әрекетіне заң аясында баға беріліп, жеке-жеке жауапкершілігі белгіленетінін жеткізді. 6 шілде күні елордада полицейлер «Тойота» маркалы көлік иесін құрықтады: автомобилінің багажын дәрі-дәрмекке толтырып алған азамат осыдан 1 миллион теңге пайдаға кенелмек болыпты. Ал Алматыда полицейлік рейд барысында дәрі-дәрмекті көтерме көлемде сатып алып жүрген 2 адамды ұстады. Олардың сөмкесінен ингавирин, тамифлю және парацетамол топтамалары шықты. Шымкентте полиция қызметкерлері Әлімқұлов көшесіндегі жер үйдің ауласынан дәрі-дәрмектің 229 түрі жасырылған 3 қойманы тапты. Бұл препараттар емханаларда медициналық есепте тұрған сырқаттарға тегін таратуға бөлінген екен. Арасында сондай-ақ цеф-3, ингавирин, парацетамол және басқа да коронавирус пандемиясымен күреске қажетті препараттар бар. Қойма иесі полицейлер шақыртқан фармацевтика мамандарына дәрілік құралдарды сатуға рұқсат ететін лицензиясын көрсетті. Алайда ол рұқсатнама мүлдем басқа мекенжайдағы ғимаратқа қатысты болып шыққан. Бұл қоймаларда дәрі-дәрмектер заңсыз сақталған. Жалпы алғанда, Шымкентте дәріхана қызметкерлері мен қала тұрғындарының дәрілерді алып-сатумен айналысуының 10 фактісі әшкере болды. Атырау қаласында да «әбжіл» адамдар еш рұқсат қағазсыз дәрі саудасына білек сыбана кірісіп кетіпті. Және арзанға сатса бір сәрі, бастапқы бағасынан бірнеше есе көп ақша сұрап, халықты қанаған. Атырауда емхана басшысы – косметологиялық қызметтер клиникасының қожайыны коронавирусқа қарсы дәрілерді тым жоғары бағамен саудалауды жолға қойды. Мысалы, парацетамолды 10 есе қымбатқа – 1 мың теңгеден сатқан. Ол бірқатар дәрі-дәрмек құнын 8 есеге дейін шарықтатты. Леволет – 18 000 теңгеден, ингавирин – 14 000 теңгеден, азитромицин және цианокобаламин – 3 000 теңгеден, цефтриаксон – 1 000 теңгеден, аскорбин қышқылының бір құтысын 1 000 теңгеден саудалаған. Қарағандыда да адамдардың тауқыметінен табыс табуға ұмтылған қаскөйлер ұсталуда. Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеулер департаментінің қызметкерлері «бақылаулық сатып алу» тәсілімен қарағандылықтың заңсыз саудаға ден қойғанын білді. Ол контрабандамен күресшілерге әр бірлігін 1 800 теңгеден 42 қорап цеф-3, 4 300 теңгеден 5 қорап зитмак-500, 1 000 теңгеден 9 қорап лидокаин сатқанын аңғармады. Оның көлігін тексеру барысында тергеушілер тағы 67 қорап цеф-3 тауып, алып қойды. Түркістан облысында Полиция департаменті өткір респираторлы вирустық ауруларға қарсы дәрілерді жоғарылатылған бағамен өткізудің бес фактісін әшкереледі. Мәселен, дәріхананың бірінің фармацеві цеф-3-тің 336 қорабын 405 мың теңгеге сату үстінде тұтылды. Ол дәріхананың өзінде шектеулі данамен 1 300 теңгеден ұсынылатын тапшы дәріні көтерме көлемде 1 500 теңгеден беріп жіберуге ынтыққан. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері Сарыағаш қаласының тұрғыны 1 000 бетпердені 60 мың теңгеге саудаға қойғанын анықтап, жолын кесті. Оның машинасын тексерген полицейлер тағы 5 мыңға жуық бетпердені тәркіледі. Жұрт күндіз жанұшыра іздеп таппай жүрген дәрі түрлерін Көкшетау тұрғыны түн қараңғылығында тығылып сатқан. Ақмола облыстық Полиция департаментінің дерегінше, 6 шілдеде полиция қызметкерлері өз үйінде түнгі дәріхана ашып алған ер адамды ұстады. Оның үйін тінту нәтижесінде заңсыз тапқан ақшасы, 30 қорап ибуфен, 10 қорап аспирин және 10 қорап парацетамол табылды. – 6 шілде, яғни бір күнде Қазақстанда дәріні заңсыз немесе аса қымбатқа сатпақ болған 46 адам полицияға жеткізілді. Олардан әртүрлі дәрі-дәрмектің 20 884 қорабы алып қойылды. Оның арасында 2 600 қорап глюкоза мен ферсинол, 2 200 ацетилсалицил қышқылы, 654 парацетамол бар. Кейбір азаматтар жетпей жатқан дәрілерді саудалап, пайда табуға тырысуда. Мұндай әрекеттер нарықта дүрбелең тууына ықпал етті, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Ол Қазақстанның барлық өңірінде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылғанын, дәрі-дәрмек бағасын бақылауға үкіметтік емес ұйымдар тартылғанын мәлім етті. Заң бойынша дәріханалардағы дәрілік препараттардың ең жоғары бөлшек сауда бағасын мемлекет бекітеді. Тексерушілер дәріханалардың осы шекті бағадан артық сұрап, заң бұзбауын қадағалайды. Ұсталған адамдарға қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Экономикалық тергеу қызметі дәрілік заттарды жоғары бағамен сатқаны үшін азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 426-бабы бойынша жазаға тартылатынын және 2 миллион 778 мың теңгеге дейін айыппұл салынатынын ескертеді.
Ерік ЕРДЕНОВ