Аймақтардағы дәріханаларда вирусқа қарсы, қызу түсіретін және басқа да қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы туындады. Дәріханалар мен қоймаларда дәрінің кезегін күткендер көп. Коронавирус инфекциясы мен пневмонияның өршуі жағдайында ауруханаларда орын жеткіліксіз, сол себепті көпшілік науқастар үйде емделуге және өз бетімен дәрі іздеуге мәжбүр. Мәселен, Қызылордада дәрі де, дәрігер де тапшы. Ал Атырау халқы дәрі таппай, қиналып кетті. Шымкентте де науқастар ауруханаға сыймай, далада жатқанын айтып, дабыл көтерген еді. Түркістанда да орын таппай, кезек күткендер көбейді. Парацетамол, аспирин, аскорбин қышқылы, тіпті қарапайым қызу өлшегіш термометр таппай, қиналғандар қаншама! Осыдан бір жеті бұрын вице-министр Людмила Бюрабекова парацетамолдан тапшылық көрмейтінін айтқан болатын. Ол: «Антиретровирусты ингавирин және тамифлю препараты сатылымнан жойылып кеткен еді. Бұл дәрілер аптаның аяғына дейін дәріханаларға жеткізіледі. 47 мың қаптама тамифлю және 70 мың қаптама ингавирин алынды. Тағы да айта кетейін, бұл аталған препараттар коронавирусты емдеуге қолданылмайды. Бұл дәрілер парагрипп пен жедел респираторлы инфекцияны емдеуге арналған» деген еді.
Дәрі тапшылығы неден туындады?
Мәселен, Шымкентте 10 күн ішінде 2 айлық дәрі қоры сатылып кеткен. Яғни, шектеусіз сатып алғандар өте көп. Атырауда да бұл жағдай қайталанған. Дәрі күтіп, дәріханаға сандалғандар да жетерлік. Күні бойы кезек күтіп, керекті дәрісін таба алмай, қиналғандарды қайтеміз?! Халыққа қажетті дәрі-дәрмектің бағасын «қолдан» көтеріп жібергендер де бар. Осылайша, дәріханада «дүрбелең» басталып кеткен еді. Күні кеше Атырауға дәрі-дәрмек тиеген жүк көлігі жетіпті. Әкімдіктегілер енді дәрілік препараттарға мұқтаждық болмайды деген уәж айтып отыр. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов: «Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дәрі тапшылығын жедел түрде шешуге қатысты тиісті тапсырма берген болатын. Соған орай, Алматыдан қажетті дәрі-дәрмектің түрлерін шұғыл түрде жеткізілуін қамтамасыз еттік. Сонымен қатар дәрілер дәріханаларға бұрынғы бағасымен беріледі. Ал дәріханалардың оларды қымбаттатып жібермеуі қатаң қадағаланады», – деді. INKAR ЖШС Атырау филиалының директоры Светлана Липатованың айтуынша, дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуығы қазір тапшы болып тұрған антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар екен. Қызылордада тиісті департамент апта соңына дейін бұл мәселені шешеміз деп уәде берген. Қалаға қажетті дәрі-дәрмектің үлкен партиясын жеткізуді жоспарлаған. Оған дейін тұтынушыларға олардың орнын алмастыратын дәрілерді сатып алуға кеңес берілген екен. Одан бері бір апта өтті.«Індет жұқтырамын» деп қауіптенеді
Жамбыл облысындағы жағдай да тұрақты емес. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығы Марат Жұманқұлов: «Науқастардың саны күн санап артып келеді. Біз қазір қалалық балалар ауруханасынан 340 орын дайындап отырмыз. Сондай-ақ облыстық ауруханадан да 300 орын әзірленуде. Байзақ ауданындағы аурухана мен туберкулезге қарсы емдеу мекемесін де стационар ретінде қарастырудамыз. Дәрі-дәрмек тапшылығын жою үшін «СК-Фармация» компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Дәрі тапшылығының алдын алу үшін бір қолға берілетін дәрі санын шектеуді ойлап отырмыз. Осындай ауқымды шараларды қолға алмасақ, жағдай алаңдатарлық күйде», – дейді. Парацетамол неге қат болып кетті? «Дәрігерлер науқастың еміне парацетамолды ғана жазып бергендіктен, ол тауар тез өтіп кетіп жатыр. Бірақ оның орнын алмастыратын дәріханада тағы 10 түрлі дәрі бар. Оны алуға қорқады», – дейді аймақтағы дәріхана өкілдері. «Бұрындары парацетамол немесе аспирин сатып алуға дәріханаға 100 адам келетін болса, қазір тәулігіне 500 адам осы тауарды сұрауда. Мұндай жағдайда қанша жерден дәрі әкелсең де, оның қорын сақтап тұру мүмкін емес. Оған қоса, тұрғындар ауырмаса да, «дәрі бітіп қала ма?» деген үреймен, дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп алып жатыр. Алайда дәріні дер кезінде қолданбаса, оның сақтау мерзімі өтіп кететінін көпшілік түсінбеуде», – дейді «Әмір және Д» және «Садыхан» дәріханасының өкілдері. Кейбіреулер ауырмаса да, індет жұқтырып аламын деген сақтықпен елден естіген дәрілерін ішіп жатыр. Бұл да қауіпті. «Дәрігердің анықтама қағазынсыз ішілген дәрі басқа аурулардың қозуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Түрлі дәрі ішіп, аллергиямен түсіп жатқан адамдар санының көбеюі – соның нақты дәлелі. Сондықтан бізге қазір дәрі тапшылығымен емес, халыққа оны тұтыну жолын түсіндірумен айналысу керек», – дейді «Садыхан» дәріханасы басшысының орынбасары.Алматы шешімін тапқан секілді
Әкімдік қаланы қажетті дәрілермен және термометрмен қамтамасыз ету мәселесі шешілгенін айтып отыр. Күн сайын парацетамол, ибупрофен, эффералган, аспирин, тамифлю, ингавирин, азитромицин және сумамед секілді дәрі-дәрмек жеткізілген. 5 шілдедегі деректер бойынша, қаланың дәріханаларына 115 000 дана парацетамол, 30 000 дана термометр, 20 000 дана ибупрофен, 35 000 дана ингавирин және басқа да дәрілер дәріханаға жіберілді. Бүгін қосымша 150 000 дана парацетамол және 50 000 дана термометр жүк түсірілді. 8 және 12 шілдеде 850 000 дана парацетамол қосымша жеткізілмек. Қазір құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, тексеру нәтижесі бойынша дәріні, оның ішінде цефазолин, тамифлю және ингавирин 90 дәрілерін заңсыз сату жайттары анықталды, оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданды, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде. Ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтай жатар, дегенмен ел дерттен қиналып жатқан тұста «ақша табуды» көздегендердің бұл әрекетін қалай түсінеміз? «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы шығар... Ал «СК-Фармация» өкілдері ауруханаларға дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізіліп отырғанын айтады. «Біз тек медициналық ұйымдарға ғана дәрі-дәрмек жеткізумен айналысамыз», – дейді олар.Қауіп әлі сейілген жоқ
Үйден шықпай-ақ онлайн көмек алуға болады. Өз бетінше емделемін деп, қам жасаудың қажеті жоқ. Тек дәрігер көмегі арқылы ғана қауіптің алдын аламыз. Білікті дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Арай Төлемісова: «Бұған дейін дәріханалар осыншама көп дәрі-дәрмек қажет болады деп жоспарлаған жоқ. Негізі, ауруханаларда дәрілер жеткілікті. Қазір вирусқа қарсы бір ғана дәрі әсер етпейді. Кейбір науқастарға мүлдем басқа дәрі қажет болуы мүмкін. Мәселен, бұрын микробтық пневмония ауруын антибиотиктер арқылы емдеп жазатын еді. Қазір вирустық пневмония кезінде де бұл антибиотиктермен емдеуге болады. Бірақ олар кей науқастарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреулер антибиотикті жеңіл қабылдайды, кейбіреулерге аллергия туғызады. Сондықтан науқастарға бірдей дәрі қолдануға тағы болмайды. Басында халықтың өзі вирус барына сенген жоқ. Қазір пневмония өршіген тұста өздері-өздерін «емдеп» кетті. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы тараған видеоларға сенеді. Бұл дұрыс емес. Ел арасында дүрбелең тууының да себебі осы секілді, – дейді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың әсерінен болған елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтардан үйде болуын сұрап отыр. «Өзін-өзі оқшаулау және басқа алдын алу шараларын сақтау коронавирус инфекциясының таралуын тежеуге көмектеседі», – дейді министрлік. P.S.Соңғы мәліметтерге қарағанда, елде 28 мың адам пневмония диагнозымен стационарда жатыр. Олардың 98 % жағдайы орташа ауыр деңгейде, 330 адамның жағдайы ауыр. Денсаулық сақтау министрлігі осылай дейді. Бұдан бөлек, қауіпті вируспен және тұмаудың әр түрімен ауырып жатқандар да баршылық. Маусым айында қаншама жақсы мен жайсаңнан айрылдық. Дер кезінде емдей алмадық па, әлде дертке салғырт қарадық па екен, кім білсін, осы айда жоғалтқанымыз көп. Біз оларды сақтай алмадық. Өзекті өртер өкініш тағы қайталанбасын десек, карантин талаптарын сақтап, оқшауланған абзал. Елге қажетті дәрі-дәрмек жеткізіп, қауіптің алдын алайық. Қазір бізге керегі – аман қалу...
Гүлзина БЕКТАС