Біртанов: не бітірді, не бітіре алмады?
Біртанов: не бітірді, не бітіре алмады?
416
оқылды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда, коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте Денсаулық сақтау министрлігін қатаң сынға алды. Биылғы 11 мамырда төтенше жағдай жо­йылғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өскенін тілге тиек еткен Қ.Тоқаев бұл жағдай «бірқатар меморгандардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты» екенін ашық айтты. Мемлекет басшысы ДСМ-нің орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмағанын мәлім етті. «Министрліктің эпидемияның өршу ауқымы жөніндегі бол­жам­дары да расталмады!», – деді Қазақстан Президенті. Бұл – са­ланы ұзақ жыл басқарған бұрын­ғы министрдің жұмысына ел бас­шылығы берген баға болса керек. 2,3 мыңнан астам медицина қызметкері COVID-19 кеселіне шалдығып, бүгінде өз бетінше үйлерінде емделуге мәжбүр. Олар­дың көбіне алдында уәде етілген сақтандыру төлемақысы төленбеді. Денсаулық сақтау министрлігі халық түгіл, дәрігерлерді де індет­тен қорғай алмады. Елжан Біртанов денсаулық сақтау ведомствосы тізгінін 2017 жылғы 25 қаңтарда қолына алды. Арада 3,5 жылдай уақыт өткенде, 2020 жылғы 25 маусымда лауазымынан кетті. Өзінің айтуынша, өз еркімен кетіпті: «Бүгін Мемлекет басшысына мені Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды сұрап өтініш жаздым. Өкінішке қарай, менде асқынған пневмониялы коронавирус инфекциясы бол­ғандықтан қосымша ем алу қажет. Елдегі эпидемиологиялық жағдай күрделі: саланы министрлік пен аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының деңгейінде басқару қажет деп санаймын», – деп жазды Е.Біртанов Facebook парақшасында. Әлеуметтік желіні пай­даланушылар әр ұдай пікірде қалды. Бірі оның бұл ісін құптамады: «Эх, кері шегініп, қашып барасыз», «Үлкен өзгеріс кезеңі еді», «Нағыз қиын кезеңде кетіп барасыз... Ауырған халық қайда барып ем аларын, қайдан дәрі сатып аларын білмей, сабылып жүр» десті олар. Алғыс айтқандар да табылды: «Атқарған орасан зор еңбегіңіз үшін сізге рақмет. Тек барлығы бірдей оны бағалай алмады». Ақыл айтқандар да болды: «Жетістіктер, құрмет-қошемет дегеннің бәрі уақытша. Ең бастысы, тірі және дені сау болу. Тез жазылып кетіңіз». Өткен жұмада Е.Біртанов жағдайының жақсаруына орай инфекциялық стационардан шығып, енді үйінде ем алып жатқаны белгілі болды. Сонымен, Денсаулық сақтау министрлігін 1 мың 215 күн басқарғанда, Біртанов мырза не бітірді, не бітіре алмады?  

Вакцинациялау «құрбаны» кім?

7 шілде күні Мемлекет бас­шысы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойды. Елжан Біртановтың бірінші рет ең үлкен дауға киліккен тұсы да осы жаңа Денсаулық кодексімен байланысты. Қолданыстағы кодекс 2009 жылғы қыркүйекте қабылданған, содан бергі 10 жылда заман өзгерді, ондағы біраз жайт ескірді. Демек, саланың жаңа «заңдар жинағын» қабылдау – уақыт талабы болатын. Неге екені белгісіз, Біртанов­тың ұжымы еңбектеген сәби­ден еңкейген кәріге дейінгі әрбір адамға қатысы бар осы аса маңызды құжатты тып-ты­ныш қана қабылдатуға тырыс­ты. Министрлік тәуелсіз са­рап­­шылармен ынтымақтаса қи­мыл­­­дамады. Кодекс қабылдау қар­­саңында ешқандай дайындық кезеңі, бұқара арасында қуатты түсін­діру жұмыстары жүргізілмеді. Сал­дарынан, даяр құжат өткен жылы Парламентке енгізілгенде және бастапқы нұсқасы жария болғанда, ел жаға ұстай шошынды. Кодекс жобасы түсініксіз жайт­тарға толы болып шықты. Белгісіздік үрей туғызатыны мәлім. «Ақпараттық вакуумды» мамандар емес, блогерлер мен қоғам белсенділері толтырды: «көзі тірісінде өтініш беріп үлгермеген азаматтарды органға бөлшектеп әкетеді», «вакцинациялауға міндеттеп, екпемен бірге денеге чип енгізеді», «қазақстандықтардың ағзалары, тіндері мен эмбриондары шетелге экспортқа шығарылады» деген әңгімелер әлеуметтік желіде гу-гу есті. ДСМ дереу бұлардың бәріне «фейк» деген таңба соғуға тұра ұмтылды, алайда дәрігерлер ті­лімен айтқанда, Денсаулық сақтау министрінің «алтын уақыты» қолынан сусып шығып кеткен еді. Қоғамның қарсылығы күшейген соң депутаттар Денсаулық кодексін қайта жазуға мәжбүр болды. Ақыры Парламент қабылдаған нұсқасынан адамдарды көзі тірі­сінде «ішкі ағзаларымды өзіммен көрге ала кетемін» деген сыңайда масқара өтініш жазуға міндеттейтін бап жойылды. Қазақстандық қаза болса, оның туыс-туғанына ағзасын алуға қарсылық білдіру құқығы берілді. Жаңа кодекске трансплантация түйткілдерін шешпейтін жартыкеш шаралар ғана кірді. Вакцинациялауға елді мін­деттеу де алып тасталды, оның орнына азаматтардың кез келген екпеден бас тарту құқығы бекі­тілді. Мұның теріс жағы да бар: алда коронавирусқа қарсы тиімді вакцина қолданысқа енсе, онымен егілуге халықты көндіру қиынға түсуі ықтимал. Олай болса, КВИ індеті әзір тоқтамауы мүмкін. Сондықтан кейбір сарапшылар Елжан Біртановтың өз еркімен отставкаға кетуін оның дәрігерлер аса маңызды санайтын транс­плантация, вакцинация бағытында мамандар ұстанымын қорғай алмағанымен түсіндіреді: саланың осы түйткілдері болашақта тек өрши бермек, ал өткір сын же­белері «қастандық теориясын» жақтаушыларды емес, дәрігерлерді нысанаға алады.  

«Цифрлы министр»

Е.Біртанов кезіккен тағы бір сын-тегеурін – цифрландыру болды. Жасыратыны жоқ, Елжан Біртанов журналистерге ыңғайлы министр еді. Үкімет отырысынан, Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Үкімет мүшелері қасқыр көрген қойдай сай-саланы жаға­лап, қия бетке өрлеп тұра қаш­қанда, ол асықпай басып, тіл­шілердің қалың тобына қойып кететін. Бұған қоса, ол әлеуметтік желілерге шығып, өз парақшасын ашқан алғашқы министрлердің бірі болды. Ток-шоуларға да қатысып, пікірсайыстан тайсалмайтынын паш ететін. Birtanov Е.Біртанов сала басшылығына келген алғашқы күннен бас­тап денсаулық саласын жап­пай цифр­ландыруға ден қой­ды. Ведомство дерегінше, ауру­ханалар қажетті техникамен жаб­дық­талып, меди­циналық жүйе­лер іске қосылды. Халыққа ыңғайлы болу үшін әр өңірге арнап мобильді қосымшалар әзірленген. Сондай-ақ біраздан уәде етілген электронды денсаулық паспорттары толтырылып жатыр. Осы жұмыстарға ДДСҰ, БҰҰ-ның халықаралық сарапшылары оң бағасын беріпті. «2019 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды цифр­ландырудан келген экономи­калық тиімділік 22,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Тарата айтсақ, дәрілік заттарды сатып алуды цифрландыру есебінен 22,1 млрд теңге және қағаздан электронды форматқа көшу есебінен тағы 540,1 млн теңге үнемделді», – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев. Алайда бұл саладағы жұмыстың жүйелі жүргізілмеуі – дәрігерлердің жаппай оқыту курсынан өт­пеуі, емхана-ауруханалардың ком­пьютерлік техникамен толық жаб­дықталмауы, саланың ақпараттық жүйелерінің дайын болмауы ескі проблемаларға жаңаларын жамады. Біріншіден, 2019 жылдың маусым-шілдесі аралығында сырқаттардың құпия деректерінің Damumed ақпараттық жүйесінен сыртқа таралып кетуінің екі ірі инциденті болды. Кесірінен, 11 миллион адам туралы дерек интернеттен бір-ақ шықты. Кибершабуылдарды бақылайтын ЦАРКА ұйымы осы өзекті деректер базасына қалаған адам еркін қол жеткізгенін қынжыла айтып, соған жол бергенді жазалауды ұсынды. Жауапқа тартылған ешкім жоқ... Екіншіден, емханаларда дәрі­герге жазылу тіптен күрделенді. Әсіресе, жүйеде тіркеле алмаған ересек адамдар емханаға ескіше өз бетінше жүгініп, «тірі кезекті» тіптен ұзартты. Кезек мәселесі өрши түсті. Үшіншіден, компьютерлердің ескілігі, жиі «ілініп» тұрып қалуы және дәрігердің пернетақтада тез тере білмеуі әр сырқатты тексеру мерзімін еріксіз ұзартты. Ақ халаттылар уақытының көбін бұрынғыдай науқасты қарауға емес, оның деректерін жүйеге енгізіп, хаттаманы жүктеуге жұмсауға мәжбүр.  

МӘМС-тен қайыр болмады

Елжан Біртановтың біліктілігі сыналған үшінші үлкен сынақ – коронавирус пандемиясы болды. Біріншіден, осы министр тұсында Қазақстан бұрын ұмытылған тәжірибеге қайта оралды: дәрі-дәрмектердің дәріханалардағы бағасын мемлекет реттеуге көшті. Шынында, бұл идеяның ізгі жағы бар-тын: әйтпесе, фармөнімдерді дәріханалар өндіруші бағасынан 4 есеге дейін қымбаттатып сататыны анықталды. Бұл салада бағалар тоқтаусыз шарықтап, халықтың қалтасын қағады. Дегенмен бұл жақсы бастама да жарға жығылды. Мәселен, 2020 жылғы қаңтарда қарапайым хирургиялық бетперде 10-25 теңге аралығында ғана құбылатын. Пандемия жарияланып, елде ТЖ енгізілгенде бұл тауар сөрелерден жоғалып кетті. Медициналық бетперденің шетел экспортына тыйым салынып, оны көтерме сатып алушылар тұтқындала бастағанда, өнім саудада қайта пайда болды. Бұл ретте министрлік оның 1 бірлігінің бағасы 120 теңгеден жоғары болмасын деп шекті құнын белгіледі. Сал­дарынан, барлық дәріханалар осы межені басшылыққа алып, бетперде құнын 114-118 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Ал оған дейін тіпті тапшылық туындаған тұста да бетпердені 54 теңгеден табуға болатын. Министрлік өз үйінде ем­делуге мәжбүр сырқаттарды аса қажетті антибиотиктермен, қызу түсіруші дәрілермен, тіпті қарапайым парацетамолмен жабдықтай алмады. Себебі бұл дәрілер бойынша республика өзін тек 15%-ға ғана қамтамасыз ете алады екен. Қалғаны – шетелден тасылады. Соның кесірінен КВИ-ден емделушілер үшін аса қажет дәрілер алыпсатарлардың қанжығасында кетіп, 10 есеге дейін қымбаттады. Министрлік отандық фармкомпаниялармен шұғыл мәмілеге келіп, тез жұмылдыра алмады, дәрімен қамтудың ішкі резервтері жете пайдаланылмады. Қазақстанды пандемияның алапат екінші толқыны жауып қалды, ал Жамбыл облысының Қордай ауданында індетке қарсы препарат өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысы енді ғана басталды. Жағдайдың ауыр­лайтынын Біртановтың өзі айт­қанымен, соған дайын болмады. «СҚ-Фармация» тек «бейбіт уақытта» ауруханаларға дәрі жеткізуге ғана бағдарланғанын алға тартып, жұртшылықты КВИ-ге қарсы дәрі-дәрмекпен қамтудан басын ала қашты. Екіншіден, COVID-19 індетімен күресте Е.Біртанов командасының стратегиясы жоқтығы әшкере болды. Сарапшылардың осыған қатысты сынын жаңа министр А.Цой ескеріп, «Пандемиямен күрес жөніндегі 10 шараны» ұсынды. Біртановтың ДСМ-ы өрттің алдын алумен айналыспай, тек жалынмен күреске бар күшін жұмсады. Стратегиясыз қимыл – құр далбаса тірлік, ақыр соңында ол ауруханаларда орындардың жетіспей, сырқаттардың аурухана алдында өлуіне, қалғандарының үйлерінде емделуге көшірілуіне соқтырды. Басқа түгіл, тіпті дәрі­герлердің жеке қорғаныс құрал­дарымен толық қамтамасыз етілмегені әшкереленді. Қазақстан науқастар аурухана дәліздерінде жантәсілім еткен Италияның қайғылы қателігінен сабақ алмады, соның сценарийін қайталады. Сарапшылардың мәліметінше, салаға Біртанов билеуші болған 2017 жылы денсаулық сақтау қызметтері азаматтар үшін – 107,7%-ға, 2018 жылы – 106,9%-ға, 2019 жылы тағы 107,8%-ға қымбаттады. Былтырдың өзінде Қазақстанда денсаулық сақтау қызметтерінің бағасы 6%-ға, ал фармацевтикалық өнімдер 7%-ға өсіпті. Және бұл үдеріс тоқтар емес. Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылғы мамырда денсаулық сақтау секторындағы қызметтер құны 105,9%-ға жоғарылады. Е.Біртанов тұсында Қазақстан медициналық сақтандыру жүйе­сіне көшті. 2017 жылдың 28 нау­ры­зында ол Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры дирек­торлар кеңесінің құрамына кірді. Жұмыс істейтін барлық қазақ­стан­дықтардың жалақысынан осы қорға мәжбүрлі түрде жарна аударылып келеді. Алайда МӘМС жүйесіне қатысушылардың өзі коронавирус тестінен ақылы өтуде, COVID-19 дертінен өз ақ­ша­сына емделуде. Мысалы, дамы­ған ел­дерде бұл шы­ғын­ның бәрін меди­циналық сақтан­дыру жүйесі өтеп береді. Қа­зақстанда медсақтандыру жүйе­сі­нен оның қатысушыларына да қайыр болмай тұр.  

Елдос СЕНБАЙ