Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы, марқұм Қаныш Нұртазинов – І дәрежелі «Айбын» орденімен және осы мекеменің тағы бір инспекторы Самат Оспанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Күні кеше браконьерлер қолынан инспектор қаза тапты. Мұндай қайғылы жағдайдың қайталанып отырғаны – табиғатты қорғаушылардың өзін қорғайтын заңды күшейту керегін сөзсіз-ақ көрсетіп отыр. Ақбөкен аңдыған қаскөйлердің қылмысы бір отбасының тірегінің тағдырына балта шауып отыр. «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазинов оқиға орнында қаза тапса, әріптесі Самат Оспанов ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Оқиға 23 шілде күні орын алды. Қос қорықшы әдеттегідей қызмет бабымен Жарқайың ауданының қорғалатын аумағын аралауға шығады. Ақбөкен атуға шыққан топты байқаған олар дереу ізіне түседі. Ақ «Нива» мінген аңшылар атыс бастап, ақыры екі инспекторды да жаралап, оқиға орнынан қашып кетеді. Марқұм Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында тұрған. Бірнеше жыл құқық қорғау органдарында қызмет еткен. «Охотзоопромда» үш жылдан бері жұмыс істеп келген. Артында әйелі мен төрт баласы қалды.
Қайғылы жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасына жазба жариялап, заңға өзгеріс енгізуді тапсырды: «Қорықшылар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғауда ержүректік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!». Сондай-ақ келесі жазбасында қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарауға тапсырма берді.
Естеріңізде болса, қаңтарда Қарағанды облысының қос қорықшылары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке қатысты да осындай жағдай орын алған болатын. Браконьерлер сақшыларды ұрып-соғып, байланыс құралдарын тартып алып, ен далаға тастап кеткен еді. Соның салдарынан 53 жастағы Ерлан Нұрғалиев көз жұмған. Кейіннен қорықшы үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Орден өз алдына, адам өмірі мен заңдағы олқылыққа назар аударылуы тиіс. Өйткені қазіргі заңға сәйкес, инспекторлардың оқ атуына тыйым салынған. Егер осы мәселе шегеленіп қаралмаса, қорықшыларға қатысты қайғылы жағдай әрмен қарай көбейе береді. Болмаса, өміріне араша болу үшін заңсыздыққа көз жұмып қарауға мәжбүр болады. Мысалы 2018 жылы еліміздің оңтүстігінде браконьерге оқ жаудырған инспектордың үстінен іс қозғалып, қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар үшін жан пида деп жүргендер, сөзсіз, қорғалуы тиіс.
Министр Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланды. Қолдағы деректер барлық аймаққа жөнелтілді. Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшті. «Облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылды, үш облыстың автожолдары бойымен жедел іздестіру топтары жіберілді» деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде, күдікті анықталып, қамауға алынған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленген. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қорықшы Қаныш Нұртазиновтің өліміне және қорықшы Самат Оспановты өлтіруге оқталу әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қансонар» аңшылар және аңшылық шаруашылық субъектілерінің қоғамдық бірлестіктері республикалық қауымдастығының бас директоры Қайырбек Мұсабаевтың айтуынша, бұлай жалғаса берсе, инспекторлар браконьерлерге қарсы тұрудан қорқатын болады. «Браконьерлер өте жауыз келеді. Көздеген мүйізін қағып алу үшін бәріне барады. Негізінен бұл шикізат Қытайдағы шығыс медицинасында кеңінен қолданылады. Демек қабылдап алатын көбіне Қытай. Қорықшылардың көзіне түссе, машинасын тастап кете салады. Кеткен шығынды еселеп қайтарып алады. Өйткені мүйіздер өте қымбат. Әбден қаруланған, астындағы көліктері де мықты. Ақбөкен мүйіздеріне сұраныс жоғары. Шіміркпестен өлтіре салатыны содан. Нашақорлықпен қалай күрессек, мұнда да сондай табандылық керек. Ешкім өздігімен айыппұл төлегісі келмейді. Аузына келгенін айтып, ойына келгенін істеуге машықтанып алған. Енді тіпті қаруға көшкен. Браконьерлер жауапкершілік сезінбейді. Ары кетсе бірнеше жыл түрмеде отырар. Шыққан соң сол ісіне қайта кіріседі. Ерлан Нұрғалиевтің қазасынан кейін депутаттық тыңдаулар болып, осы мәселе талқыланған болатын. Ешқандай шешім қабылданбады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Нақты шаралар қолданбайынша браконьерлер тоқтамайды. Біздің ұсынысымыз сол – ұсталған браконьерлердің төлеген сомалары есебінен Кеңес кезіндегідей сыйақы төленсе дейміз. Кеңес Одағы құлаған соң, сыйақыны алып тастады. Содан бері әлі қостыра алмай келеміз. Мысалы, Қырғызстан мен Өзбекстанда істеген жұмысына қарай инспекторларға сыйақы тағайындалып отырады. Бізге де соны енгізу керек» дейді ол.
«Охотзоопром» директоры Ерзат Әлзақов та заңның тым «жұмсақ» екенін айтып отыр. «Заңды күшейту керек. Себебі, браконьерлерді ұстаған соң, ары кетсе айыппұл төлеп құтылып кетеді. Болмаса, шартты түрде жазаланады. Міне, қанша жылдан бері жануарлар әлемінің тыныштығын бұзғандар үшін шартты жазаларды алып тастап, нақты шараларды қабылдау керек деп дабыл қағып келеміз. Яғни, бас бостандығынан айыру қажет. Кімнің меншігінде болса да көлігі бар, басқасын тәркілеу керек. Содан кейін оны табиғат қорғау қызметіне табыстасын. Осы ұсынысымызды қабыл алмады. Үкіметте жатқанына қанша жыл болды?! Ізінен түссе де, инспектордың оқ атуына рұқсат жоқ. Заң бұзушыларды да, көліктерінің дөңгелегін де атуға болмайды. Америкада бағынбаған жағдайда қару қолдануға рұқсат етілген. Бізде де соны енгізу керек. Нұрғалиевтің қазасынан соң инспекторлардың жалақысын көтереміз деп уәде етілген болатын. Бірақ ол да әлі орындалмады. Ол кезде айыппұлдардан түскен қаражаттың 30 пайызын беруге ұсыныс тасталған. Бүгінде инспекторлардың жалақысы – 80-90 мың теңге. Айлық төмен болғасын, кадр тапшы. Біздің «Охотзоопром» Қазақстан бойынша 123 миллион гектар жерді қорғауында ұстайды. Негізі нормаға салсақ, бізге 198 адам жетіспейді. Барынша айлығын көтеріп, сыйақы береміз. Айталық, марқұм Нұртазинов Қарағандыда тұрғанымен, Ақмола облысында жұмыс істеген. Бұл аумаққа Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстары қарайды. Біз үшін мың шақырым – қашықтық емес. Шымкенттік топтар Ақтөбе облысында, алматылықтар Оралда жүр. Он бес күндеп іссапарға шығады. 60 мың теңге мен бензинге ақша бөледі. Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен соң, инспекторларды қажет техникамен, арнайы киім, аяқ-киімдермен жабдықтады. Бұл жерде жұмыс істеп келе жатқаныма сегіз жыл болды. Браконьерлермен барынша күресіп келеміз», – дейді Әлзақов.
«Кучиха» аңшылық шаруашылығы қызметкері Валерий Дьяков инспекторлардың жалақысынан бөлек, заманауи жабдықтармен қамтудың маңызды екенін айтады. «Браконьерлермен тең дәрежеде күресу үшін фотоқақпан мен дрон секілді жаңа құрылғылар қажет. Заңсыз аңшылар үшін қиын жағдай туғызу керек. Себебі, бүгінде олар өздерін даланың қожайынындай сезінеді. Мұны түзеу үшін мемлекет ресурстарын тартып, инспекторларға көбірек өкілеттік берумен қатар, қоғамды да қатыстырудың маңызы зор. Аңшылық – ауылдағы кішігірім кәсіп. Бұл дегеніңіз жұмыс орындары, салық, туризм дамыту әдісі десек болады. Шаруа қожалықтарына аңшылық туризмге аумақ бөлінер болса, аңшылықпен айналысатын уақытты созуға болады. Отандық туристік операторлар да бұған қызығады деп ойлаймын. Кейбірінің бұл салада тәжірибесі де бар. Алтайдағы аңшылық кезінде шетелден аңшылар келген болатын. Саны әзірге аз болғанымен, дамытуға мүмкіндік бар» деген ұсыныс айтты Дьяков.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос қорықшыны марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен, Самат Оспанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Еңбектің еленгені құба-құп. Дегенмен мұндай жағдайдың алдын алудың амалдарын қарастырған дұрысырақ. Президент тапсырмасын тиісті органдар бақылауына алып, «тастай» қылып орындайды деп сенеміз.