Негізі, төтенше жағдай кезінде спорт кешендері мен стадиондарды стационар ретінде пайдалану қалыпты құбылыс. Зілзала, су тасқыны тәрізді табиғи апат кезінде стадиондар азаматтарды паналататын орынның біріне айналатынын көріп жүрміз. Мәселен, 2005 жылғы «Картина» дауылы кезінде АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласы тұрғындарының біразы стадионды паналаған. Алайда стадиондарды тура соған ұқсас мақсатқа пайдаланамыз деген біздің үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген жағдай еді. Енді, міне, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты бұл қадамға амалсыз барып отырған жайымыз бар.
Кез келген стадион жарамайды
Спорт кешендері мен стадиондарды стационар ретінде пайдаланудың өзіндік ерекшеліктері бар. Әрі жағдай тым қиындаған кезде ғана оларды медициналық мақсатта пайдалануға болады. Денсаулық сақтау министрлігі Алексей Цой да мұны растады. Ол бірқатар нысандарды көргенін, стадиондар мен спорт кешендерін стационарға айналдыру Алматы мен Шымкентте ғана жоспарланғанын айтты. Алайда оларға нақты талаптар қойылған. Ең алдымен, стадиондарда өкпені жасанды желдету аппараттары немесе оттегі концентраттары болуы керек екенін атап өтті. «Оларда жағдайы ауыр пациенттерге көмек көрсететін мүмкіндік болуы керек, – деді А.Цой. Сонымен қатар министр спорт кешендері мен стадионнан гөрі қонақүйлер мен жатақханалар тиімді болатынын айтты. Өйткені оларда стадиондарға қарағанда бірқатар мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, жуынатын бөлмелер мен дәретханалар қонақүйлерде жеткілікті болады. Ал стадиондарда ол жағы қиындау. Дегенмен министрдің стадиондарды стационар ету туралы пікір білдіруі амалсыз жасалған қадам тәрізді. Әрі елдегі жағдайдың тым жақсы емес екенін көрсетіп тұрса керек. Кейбір аймақтарда індеттің өршіп бара жатқаны осындай қосымша шараларды қабылдауға мәжбүр еткен сыңайлы. Алайда стадиондарды пайдаланудың да бірқатар шарттары бар. Вице-министр Ералы Тоғжанов стадиондарды пайдалану мүмкіндігі тек ауа райы жылы аймақтарда ғана мүмкін екенін айтты. Сондықтан әкімдерге өзге нысандарды пайдалану туралы тапсырма берілген. Бұдан шығатын қорытынды, еліміздегі стадиондар мен спорт кешендерін стационар етіп жасақтау қиын. Дәретханадан бастап, жылытуға дейінгі бірқатар кедергілер бар. Әсіресе, теріскей аймақтардағы стадиондар бұған қолайсыз. Сондықтан біз мұндай қадамды пайдасынан гөрі жұмыс істеліп жатқанының иммитациясын көрсететін іс ретінде бағалаймыз. Бәлкім, шетелден көргендерін қайталағысы келді ме, әйтеуір Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет стадион мәселесін алға тартып отыр. Ал коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін стадион емес қонақүйлерді, санаторийларды пайдалану әлдеқайда тиімді болар еді. Қазақстанда стадиондар мен спорт кешендерінен гөрі қонақүйлердің мол екенін екінің бірі біледі.Іске қосылғанынан «қосыладысы» көп
Қазақстанда спорт кешендері мен стадиондарды коронавируспен күреске арнап қайта жабдықтау туралы сөз болғанда бірден Алматыдағы Halyk Arena еске түседі. Өйткені аталған нысанды стационар етіп жабдықтау туралы жоспардың айтылғанына біраз уақыт болды. Алайда 500 орынға арналған стационар әлі ашыла қойған жоқ. «Әне ашылады, міне ашылады» деген дақпырт әлі жүр. Мамандар стационар осы аптаның аяғында іске қосылатынын айтқан. Оны да уақыт көрсетер. Керісінше, Шымкентте стационарға айналдырылған спорт кешені жұмысын бастап кетті. Қаладағы жеңіл атлетика спорт кешенінде 500 орындық күндізгі стационар дайындалды. Орталықта ПТР әдісімен коронавирусқа теріс нәтиже көрсеткен науқастар ем алады. Нақтырақ айтқанда, ЖРВИ және пневмония жұқтырған науқастар ем қабылдауда. Қазір стационарда 50 дәрігер мен 75 медбике жұмыс істейді. Спорт кешеніндегі жұмысты үйлестіруге Шымкенттегі №5, 6, 9, 4 емхана ұжымы жұмылдырылды. Бұл стационар таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Әзірге Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт кешендерінің қайсысын провизорлық стационарға айналдыру мәселесі шешіле қойған жоқ. Өйткені қаладағы стадиондар министр айтқан талаптарға сай келмейді. Яғни, ауа райы қолайсыз. Спорт кешендерін стационар етуге даяр екенін мамырдың соңында қала әкімі Алтай Көлгінов те айтқан. Бірақ нақты шешім шыққан жоқ. Алайда елордалықтар арасында спорт кешендерінің стационарға айналғаны туралы қауесет тарап үлгерді. WhatsApp мессенджері арқылы қаладағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда 600 орындық провизорлық стационар ашылғаны жайлы дерек тараған. Оған арнайы видео да қосылған. Бірақ бұл ақпарат жалған. Оған тіркелген видео Нұр-Сұлтан қаласында емес, Павлодардағы «Баянтау» спорт кешенінде түсірілген. Айтпақшы, «Баянтау» демекші аталған кешенде стационар ашылғаны рас. Онда 150 орындық триаж-орталық жұмыс істеп тұр. Атқамінерлер жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдетуді көздеген. Сөйтіп, сырқаттар алдымен осы триаж-орталыққа жеткізіліп, мамандар нақты диагноз қояды да, содан соң ғана ауруханаға жіберіледі. Одан бөлек, Павлодар облысының басшылығы «Мойылды» шипажайында жағдайы тым ауыр емес сырқаттар емделетін 500 орындық провизорлық аурухана ашты. Ақсуда 70 және 80 орындық емдеу бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, бір күнде 800 адамға қызмет көрсете алатын стационар іске қосылды. Жалпы, спорт кешендерін стационарға айналдыру жағдайдың қазіргіден де қиындаған кезде қолданылатын шара екенін ескеру керек. Екіншіден, шетелдерде стадиондардың бірқатары стационар емес, медициналық қойма рөлін атқарып тұрғаны тағы бар.Шетелдерде қиын-қыстау сәтте стадионды паналау бұрыннан бар
Шетел демекші, стадионды госпиталь етуді бастаған Қытай елі еді. Қытайда 2020 жылдың ақпанында Ухань қаласындағы «Чжуанькоу» стадионы госпитальға айналды. Одан бөлек, қалада 1 110 орындық стационар «Хуншань» спорт орталығынан ашылды. Ал Ұлыбританияда Лондон қаласындағы ExCel көрме орталығы, Кардиффтегі «Миллениум» стадионы стационарға айналған еді. Соңғысында 2 мың орын науқастарға арналды. Ал Германияның Дортмунд қаласындағы «Сигнал Идуна Парк» стадионы сол төңіректегі ірі орталыққа айналды. 81 мыңнан астам жанкүйер сиятын стадион коронавирустан емдеу мен тестілеуге арналды. Біраз уақыт коронавируспен ауырғандар саны өте мол болған Бразилияда Сан-Паулудағы «Пакаэмбу», Рио де Жанейродағы атақты «Маракана» стадионы да госпитальға айналды. Бұдан басқа, елде бірқатар ірі футбол клубтары өз стадиондарын стационар етуге келіскен еді. АҚШ-та US Open теннис корттары да коронавируспен күреске қолданылып жатыр. Онда 300 орын бар. Корттардың бірқатары азық-түлікті сұрыптау мақсатында қолданылып жатыр. Қысқасы, стадиондар мен спорт кешендерін пандемияға қарсы күреске пайдаланып жатқан мемлекеттер аз емес. Тек барлығы бірдей оларды стационар етіп отырған жоқ. Дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар сақтайтын қойма, логистикалық орталық ретінде де қолданып жатқандар бар. Әрі стадиондарды пандемия өте қарқынды жайылған елдер көбірек қолданды. Ал Қазақстанның стадиондар мен спорт кешендерінен бөлек шипажайларды да пайдалану мүмкіндігі бар. Тек шипажайларды COVID-19-бен күресте қолдану туралы ақпарат сирек. Түйін:Стадиондар мен спорт кешендерін індетпен күресте пайдаланудың жаһандық тәжірибесіне назар аударсақ, оларды пайдалану халқы көп елдерде кездесіп жатыр. Әрі олар табиғи және техногендік апатты стадиондарды адамдар паналайтын орын ретінде жиі пайдаланады. Қазақстанда мұндай рөл әдетте мектептердің еншісіне тиетіні бар. Алайда жұқпалы індетпен күрес үшін мектептерді пайдалану тиімсіз екені даусыз. Бірақ қонақүйлерді не себепті стационар ретінде көптеп пайдаланбай отырғанымыз сауал туындатады. Шамасы, қонақүй иелері өз бизнес нысандарын беруге тым құлықты болмайтын шығар. Әлде, ақы сұрай ма екен?! Ол жағы беймәлім. Ал стадиондарды стационар ету сырт көзге шетелдердің ісін қайталау сияқты болып көрінетіні бар.
Ардақ СҰЛТАН